×
$
453.87
€
508.33
₽
5.65
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
453.87
€
508.33
₽
5.65

Ватиканда алғаш рет әйел байланыс қызметінің басшысы болып тағайындалды

Бүгін, 17:26
Ватиканда алғаш рет әйел байланыс қызметінің басшысы болып тағайындалды
Ватикан

Ватиканда тарихта бұрын-соңды болмаған тағайындау жасалды. 1 қарашадан бастап Қасиетті тақтың барлық ресми бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысына 39 жастағы Мария Монтсеррат Альварадо жетекшілік етеді. Бұған дейін бұл қызметті тек ер адамдар атқарған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Монтсеррат Альварадо кім?

Жаңа басшыны Рим папасы XIV Лев тағайындады.

Ватиканға келгенге дейін Альварадо АҚШ-тағы католиктік EWTN News медиажелісінің жаңалықтар бөлімін басқарған.

Ол Мехикода дүниеге келіп, АҚШ-та өскен. Саясаттану және саяси басқару саласында білім алған. Журналистикаға келмес бұрын діни сенім бостандығы мәселелерімен айналысқан.

Енді оның қарамағында Vatican News, Ватикан радиосы, L’Osservatore Romano газеті, Қасиетті тақтың баспасөз қызметі және басқа да ақпарат құралдары жұмыс істейді.

«Өз көзқарасымды ешкімге таңбаймын»

Альварадо EWTN арнасына берген сұхбатында жаңа қызметке келісу оңай болмағанын мойындады.

Өйткені оған бұрынғы өмірін артқа тастап, басқа елге көшіп, жаңа тіл үйренуге тура келген.

– Менің міндетім – Рим папасына, шіркеуге, Ватикан ведомстволары мен Рим куриясына қызмет ету. Өз көзқарасымды ешкімге таңуға ниетім жоқ. Маған жүктелген міндеттерді қабылдап, оларды жүзеге асыру үшін жұмыс істеймін, – деді ол.

Альварадоның тағайындалуы Рим папасы Франциск бастаған кадрлық өзгерістердің жалғасы болды.

2025 жылғы қаңтарда Франциск Ватикан тарихында алғаш рет ведомстволардың бірін басқаруды әйел адамға – монах әйел Симона Брамбиллаға сеніп тапсырған еді.

Ал Альварадо Ватикан ведомствосының басшысы – префект қызметіне тағайындалған, монастырь орденіне жатпайтын алғашқы әйел атанды.