×
$
453.87
€
508.33
₽
5.65
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
453.87
€
508.33
₽
5.65

Ақтауда баласын ауруханаға әкелген әке дәрігерге шабуыл жасады

Бүгін, 18:35
Ақтауда баласын ауруханаға әкелген әке дәрігерге шабуыл жасады
Lada.kz

Ақтауда ер адам баласын тексерген дәрігерге шабуыл жасады. Аурухана қызметкерлерінің айтуынша, ол балалар хирургінің мойнынан ұстап, қылғындырмақ болған. Оны сол жерде жүрген адамдар әрең тоқтатқан. Оқиғаға байланысты полиция тергеу бастады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Оқиға облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөлімінде болған. Медицина қызметкерлерінің айтуынша, хирург баланы қарап, қажет тексерулерден өткізіп, нәтижесін әкесіне түсіндірген. Lada.kz мәліметінше, дәрігер баланы ауруханаға жатқызуға негіз жоқ екенін айтқан. 

Алайда аурухана қызметкерлерінің сөзінше, ер адам кенет ашуға мініп, үстелді теуіп жіберген. Артынша хирургке тап беріп, мойнынан алған.

Дәрігерге көмекке сол маңда жүрген адамдар ұмтылған. Олар ер адамды тоқтатып, дәрігерді арашалап қалған.

Аурухана қызметкерлері полиция шақырған.

Осы жағдайға қарамастан, хирург келесі күні жұмысқа қайта оралып, кезекшілікке шыққан.

Полиция не дейді?

Маңғыстау облыстық полиция департаменті оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалғанын растады.

Қазір тергеушілер жанжалдың қалай болғанын анықтап жатыр. Әзірге ер адамның іс бойынша қандай мәртебеде екені және қылмыстық істің қай баппен қозғалғаны хабарланған жоқ.

Еске салайық, 2026 жылғы 7 наурыздан бастап Қазақстанда қызметтік міндетін атқарып жүрген медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушілерін қорқыту немесе оларға күш қолдану үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Қылмыстық кодекстің 380-3-бабына сәйкес, жаза жасалған әрекеттің ауырлығына қарай белгіленеді.

Қорқытқаны үшін айыппұл салу, түзеу немесе қоғамдық жұмыстарға тарту, сондай-ақ, екі жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыру жазасы қарастырылған.

Егер қолданылған күш адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмесе, кінәлі адам екі жылдан үш жылға дейін бас бостандығынан шектелуі немесе айырылуы мүмкін. Заңда өзге де жаза түрлері көзделген.

Ал адамның өмірі мен денсаулығына қауіпті күш қолданғаны үшін бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ауырлататын мән-жайлар болған жағдайда жаза мерзімі жеті жылдан он екі жылға дейін ұлғаяды.