Бүгін Астанада "Алға, Қазақстан" бастамашыл тобының жетекшісі, марафоншы Марат Жыланбаевтың ісі бойынша сот процесі жалғасты. Сотқа келген белсенділер мен журналистер сот залына кіре алған жоқ. Кештете соттан шыққан белсендінің адвокаты Мейіржан Досқараев үкім ертеңге қалғанын мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
- Марат Төлегенұлы соңғы сөзін жақсы сөйледі. Өте дұрыс, орынды сөйледі. Дәлелдерін айтты. Ешқандай кінәсі жоқ екенін, саяси қудалауға түскенін айтты. 2016 жылдан бері митингтерге қатысқанын, содан бері саяси қудалауға түскенін ашып айтты. Үш сағаттай сөйледі. Үкімді жариялаған кезде сіздерді (журналистерді) кіргізуі тиіс. Уақытын айтқан жоқ. Ертең қосымша айтамыз деді, – дейді соттан шыққан адвокат.
Бұған дейін іс бойынша прокурор Марат Жыланбаевты 10 жылға соттауды сұраған еді.
Марат Жыланбаев жабық сотқа қарсы 1 қарашада аштық жариялаған. Алайда адвокаты денсаулығының нашарлауына байланысты Жыланбаев аштықты тоқтатқанын мәлім етті.
Марат Жыланбаевтың соты 30 қазанда басталған. Сот «белгісіз екі куәгердің өтінішіне сүйеніп», сот процесін жабық еткен. Судьяның бұл шешіміне жақтастары мен құқық қорғаушылар наразы. Қарашаның басында Марат Жыланбаев ашық сотты талап етіп, аузын тігіп тастаған еді. Кейін қылмыстық атқару жүйесі департаменті «профилактикалық әңгіме жүргізілгеннен кейін сотталушы Марат Жыланбаев тігісін алып тастады» деп хабарланған.
Жыланбаевқа «тыйым салынған ұйымның ісіне араласу» және «экстремистік ұйымды қаржыландыру» бабы бойынша айып тағылып отыр. Жақтастары билік белсендіні саяси себеппен қудалап отыр деп санайды. Тергеу органдары белсендіні қуғындағы экс-банкир Мұхтар Әблязов құрған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысына қатысы бар деп болжайды.
Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін Марат Жыланбаевты босатып, оған тағылған айыптарды алып тастауға шақырған болатын.