×
$
456.89
531.36
5.32
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
456.89
531.36
5.32

"Биліктің орталығы қазақ даласында болды" — француз тарихшысы Алтын Орда туралы

Бүгін, 19:05
"Биліктің орталығы қазақ даласында болды" — француз тарихшысы Алтын Орда туралы
ЖИ/ Ulysmedia

Француз тарихшысы Мари Фаверо Астанада Алтын Орда тарихына арналған кітабының қазақ тіліндегі нұсқасын таныстырды. Зерттеуші Жошы ұлысының тарихын ортағасырлық Еуразия кеңістігі аясында зерттеуіне 20 жыл жұмсағанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Толығырақ

10 қыркүйекте Астанадағы «Cassackia» галереясында Мари Фавероның «Алтын Орда. Дала империясы әлемді қалай өзгертті» кітабының таныстырылымы өтті.

Кездесуде француз тарихшысы Алтын Орда тарихына тоқталып, дала империяларының Еуразиядағы саяси, экономикалық және дипломатиялық байланыстардың қалыптасуына ықпалы туралы баяндады.

Мари Фавероның айтуынша, ол Алтын Орданы Сорбоннада студент болып жүрген кезінен зерттей бастаған.

— Студент кезімде өзім оқығым келген кітапты жазу үшін маған 20 жыл қажет болды. Кітап Францияда жазылғанымен, оны дайындау халықаралық ынтымақтастықтың нәтижесі болды. Зерттеу барысында көптеген елдерге, соның ішінде Қазақстанға да барып, әріптестеріммен кездесіп, зерттеулер жүргіздім, — деді тарихшы.

Зерттеуші бұл еңбегінде Жошы ұлысының шежіресін ортағасырлық Еуразия тарихымен сабақтастыра қарастырады. Сондай-ақ көшпелілер мәдениетінің тарихи мұрасына тоқталып, далалық империялардың халықаралық сауда мен дипломатиялық байланыстардың дамуына ықпалын көрсетеді.

Кітаптың қазақ тіліндегі нұсқасы Қазақстандағы Франция елшілігінің қолдауымен «Steppe & World» баспасынан 1 мың данамен жарық көрді.

Францияның Қазақстандағы елшісі Сильван Гиоге кітаптың қазақ тіліне аударылуы қазақстандық оқырманға Алтын Орда тарихын толық әрі тұтас нұсқада оқуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Ал «Steppe & World» баспасының негізін қалаушы Раиса Қадыр бұл еңбекті қазақ оқырманына жеткізуді баспагерлік борышы деп есептейтінін айтты.

– Бұл кітапты шығару баспамыздың еншісіне бұйырған бақ, үлкен жауапкершілік. Төл тарихымыз зерттелген «Алтын Орда» кітабын қазақ оқырманының қолына жеткізуді баспагерлік борышым деп білдім. Өйткені бұл кітапты əр қазақ оқуы керек, – деді Раиса Қадыр.

Автор туралы

Мари Фаверо 2004 жылы Сорбоннадағы Париж университетінде тарих ғылымы бойынша диссертация қорғаған. Кейін Француз шығыс археологиясы институтында, Лейден және Оксфорд университеттерінде «Көшпелі империялар: дүниежүзілік тарих тұрғысынан» зерттеу жобасы аясында жұмыс істеген.

Оның «The Horde. How the Mongols Changed the World» атты кітабы алғаш рет 2021 жылы жарық көрді. Еңбек француз тілінде 2023 жылы, қазақ тілінде 2026 жылы басылып шықты. 2024–2026 жылдары Мари Фаверо Бішкектегі Францияның Орталық Азияны зерттеу институтын басқарды.