×
442.05
474.14
4.74
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
442.05
474.14
4.74

«Жазықсыз сотталып барады»: Астана тұрғыны 8 айдан бері түрмеде жатқан күйеуіне араша сұрайды

26.12.2023, 08:16
Ulysmedia

Астана қаласының аудандық соттар ғимаратында «әйелді ұрып соқты» деген айыппен Кенжебай Ахмедин атты азаматтың соты өтіп жатыр. «Одан зардап шектім» деген жәбірленуші материалдық және моральдық шығын ретінде 30 млн теңге талап етеді. Ал Ахмединнің туған-туыстары Кенжебай «жазықсыз жаламен сотталып бара жатыр» деп есептейді

Ахмединнің өзі осы жылдың мамырында қамауға алынған. Оған қылмыстық кодекстің 106 бабы бойынша (қасақана ауыр жарақат келтіру) айып тағылған. 25 желтоқсанда өткен сот отырысына оны конвойлар алып келді. Ал жәбірленуші Айнұр Ыдырысова таяуда ғана отадан шыққанын айтып, денесіне барсетка киіп келген.

Айыпталушының адвокаттары Оралбаева мен Қырықбаев «тергеу де, сот та «Ахмедин кінәлі» деген» сарында өтті деп, судья Дәуренбек Дауымовты ауыстыруды талап еткен. Алайда олардың бұл талабы қанағаттандырылған жоқ. Сотта жауап берген жәбірленуші Ыдырысова 5 мамыр күні соққыға жығылғанын, оны екі эпизод бойынша да «Ахмедин соққыға жыққанын» айтады. «Ауруханаға жеткенімде дәрігерлер қалай аман қалғаныма таңғалды» дейді.

– Мектепте аспаз болғанмын. Денім сау кезде айына 500 мың теңге табыс тапқанмын. Ал қазір мүгедектер қатарына еніп, 60 мың теңгеге қарап қалдым. Сотталушыдан 30 млн теңге талап етем, - дейді ол.

Судья жәбірленушінің жазған талап-арызын қабылдады. Сот отырысы барысындағы сұрақ-жауап кезінде судья Дауымов жәбірленушіден «ішімдікті жиі ішесіз бе?» деп сұраған. Ыдырысова жиі ішпейтінін, десе де «6 мамыр күні бірнеше рюмка ішкенін» растайды.

Ал Кенжебай Ахмедин өзіне тағылған айыппен келіспейді.

Ulysmedia.kz тілшісі сот кезіндегі үзіліс барысында да, соттан кейін де Айнұр Ыдырысова жақындап, пікірін білуге тырысқан. Алайда ол денсаулығы болмай тұрғанын айтып, сұрақтарға жауап беруден бас тартты.

Сұраққа жауап беруге Кенжебай Ахмединнің зайыбы әрі қоғамдық қорғаушысы Меңлігүл Смағұлова келісті. Ол күйеуіне тағылған айыппен келіспейтінін айтады.

– Жәбірленуші көрсеткен уақытта (5 мамырда) – бірге отырып, тамақтандық. Үш немеремнің туған күні еді кешке. Құдағиым мейрамханада той жасайтын болып сағат төртте бізді шақырған. Содан кейін Кенжебай кішкентай баламмен есік алдында жүрген. Оны балам да, көршілерім де растай алады. Сағат үште шашымды әрлендіріп, үйге келсем, жолдасым киініп, ұлым екеуі мені күтіп отыр екен. Таксимен мейрамханаға бардық. Той болды. Түнгі он екі жарымдарда үйге келдік. Күйеуім шаршап жатып қалды. Түнде ұйықтады. Алтысы күні тұрып, жолдасы Уәлихан деген жігіт келді үйге. Жолдасым шықты. Үйге кірген күйеуім екеуі «Әділхан деген адам қарындасымды Кенжебай ұрып тастады деп жатыр» деп келді. «Ішіп алып айта береді осылар» деп ойладым да қойдым. Алтысы күні кешке бір сағатқа шығып келдім. Алтысы күні біздің квартирант Бахром деген кісімен бірге Кенжебай әлгілердің үйіне барған екен. Кім ұрды? Не болды деп сұрап барған ғой. Күйеуім кінәсіз. Беталды кінәсіз кетіп барады», - деп жылайды Меңлігүл.

Адвокаттарының айтуынша, жәбірленуші тергеу барысында әуелі өзін соққыға жыққан Ахмедин емес, басқа біреулер деп көрсеткен, кейін жауабын өзгерткен.

Айыпталушының адвокаттары сотқа Ыдырысованың ағасы Қалдаев келуі керек деп есептейді. Сонымен қатар, адвокаттың бірі осы оқиғаға экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты шыққан шу кері әсер етіп, «Ахмедин кінәлі» деген нұсқаға басымдық беріліп отыр деп санайды.

Серіктес жаңалықтары