×
439.4
473.54
4.76
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
439.4
473.54
4.76

Tengrinews пен Stan.kz-ке «арнап жазылған» тендер туралы

02.11.2021, 15:24
Фото: Ашық дереккөзден

Мемлекеттік сатып алулар сайтында Алматы облысының туризм басқармасына қарасты «Алматы облысының туристік ақпарат орталығы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны жаңалықтар сайтына арнап материал жазу және оны орналастыру бойынша лот шығарған, деп хабарлайды ulysmedia.kz.  

Құны – 6 785 715.00 теңге. Негізгі талап қазақстандық сайтта саяхат туралы мақалалар шығару және орналастыру. Аталған лотты Effective Media Liaison жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұтып алған.

Компания бар қызметті көрсетуге 4 564 286.00 теңге ұсынған.

Ең қызығы техникалық сипаттамадағы талапта материал жарияланатын сайтта Тенгри Микс, Тенгри Тв, Тенгри Трэвэл секілді айдарлар болуы міндетті деп көрсетілген.  

Мұндай айдарлар елде бір ғана ақпарат агенттігіне тиесілі екені атауынан-ақ көрініп тұр. Яғни, лот белгілі бір сайтқа арнайы жасалғаны белгілі. Елде ТОП-5 ке кіретін ақпарат агенттіктері арасында күніне 500-700 мың қаралым жинайтындары бірен-саран ғана. Ал сайт тәулігіне 700 мың қаралым жинау керек деген талаптың өзі көп нәрсені аңғартып  тұрса да, айдарлардың атын атап, затын түстеу заңға сая ма?

Скрин: Мемлекеттік сатып алу сайтынын алынған техникалық сипаттама

Осы ретте «Zertteu Research Institute» қоғамдық қорының сарапшысы Ғалымжан Оразымбеттен аталған лот сипаттамасының мемлекеттік сатып алу және бәскелестік заңына қаншалықты қайшы екенін сұрап көрдік. Оның айтуынша, сипаттаманы әлеуетті өнім берушіге бейімдеп жазу түрлі нұсқада кездеседі.

«Сипаттаманы әлеуетті өнім берушіге бейімдеп жазу жеке тәжірибемде бірнеше рет кездесті. Бұл мемлекеттік сатып алу туралы заңның төртінші бабындағы әділ бәсекені қамтамасыз ету, қатысушыларға тең мүмкіндіктер жасау қағидаларына қайшы. Әлеуетті өнім берушіге бейімдеп тапсырыс беру республикалық үлкен басылымдар да кездеседі. Олардың таралым санын 50 мың, 100 мың деп нақтылап көрсетеді. Мұны бір жақты заңға қайшы деп айта алмаймыз, бірақ шектеу амалдарына ұқсайды», – деген ол осыған ұқсас тағы бір мысалды атап өтті.

Оның айтуынша, өткен жазда Шымкент қаласының ішкі саясат басқармасы жариялаған тендер сипаттамасында да ықтимал тапсырыс берушіге бейімдеп жазған.

Скрин: Мемлекеттік сатып алу сайтынын алынған техникалық сипаттама

«Арнайы нақтылап көрсеткен бөлімдерден байқағанымыздай техникалық ерекшелік Stan.kz сайтына жазылғаны белгілі болды. Біздің зерттеуші бұл мәселені көтерген соң техникалық сипаттамадағы ерекшелігін қайта өзгертіп қойды», деген сарапшы мұның кері әсері сол, бәсекелістікті шектейтіндігін айтады.

 «Мемлекеттік сатып алудың бір бағыты Үкіметтік емес секторды қолдау болуы тиіс. Барлық шаралар заңдағы тоғыз қағидаға қайшы болмауы керек. Осы ретте тапсырыс беруші мен өнім беруші арасында сыбайластық қатері бар ма тексерілуі керек»,- деді ол.

Ал мұндай сатып алу жұмыстарындағы қайшылықтарға конкурсқа қатысушылар шағым түсіре алады. Бұдан бөлек, ашық конкурстың алғашқы бес күндегі талқылау кезеңінде ықтимал өнім беруші шағым пікірін қалдыруға құқылы.

«Заңға қайшы жақтары болса сыбайластық қатері болған күнде, бұл мәселені Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі бақылауы керек», деді Ғалымжан Оразымбет.

Серіктес жаңалықтары