×
$
453.26
€
506.7
₽
5.58
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
453.26
€
506.7
₽
5.58

Қазақстан вольфрам жобасының 70%-ын америкалық компанияға сатты: мұның астарында не бар

Бүгін, 15:31
Қазақстан вольфрам жобасының 70%-ын америкалық компанияға сатты: мұның астарында не бар
Ulysmedia коллажы

«Тау-Кен Самұрықтың» есебінен белгілі болғандай, Қазақстан Солтүстік Қатпар вольфрам кен орнындағы 70% үлесін Дональд Трамптың ұлдарымен байланысты америкалық компанияға сатты. Қазақстанның мұндай қадамға баруына не себеп? Cove Capital стратегиялық маңызы бар минералдың бақылау пакетін алу үшін елімізге не ұсынды? Ulysmedia.kz тілшісі бұл сұрақтарды өнеркәсіп және құрылыс министрінен сұрап көрді.

Жеке ештеңе жоқ, тек бизнес

Ерсайын Нағаспаев бірден бұл мәмілеге министрліктің қатысы жоқ екенін айтып, Солтүстік Қатпар мен Жоғарғы Қайрақты кен орындары әлдеқашан ведомствоның еншілес компаниясы «Тау-Кен Самұрыққа» берілгенін еске салды.

– Қазақстандағы кен орындарын игерудің бірнеше жолы бар. Соның бірі – кен орнын министрліктен мамандандырылған «Тау-Кен Самұрық» компаниясына беру. Өйткені мамандандырылған компания кен орнына бизнес-жоба ретінде қарайды: келіссөз үстеліне отырып, инвестор іздейді және коммерциялық мәміленің шарттарын келіседі, – деді ол.

Мұнай саласының қателігін қайталамаймыз ба?

Бұдан кейін Нағаспаев Қазақстан вольфрам қоры және басқа да көптеген минералдар бойынша әлемдегі жетекші үш елдің қатарына кіретінін айтты. Сондықтан ірі халықаралық компаниялардың елімізге қызығушылығы әрдайым жоғары болатынын жеткізді.

Бұл пікірмен ешкім дауласпайды. Керісінше, осындай мүмкіндіктерге қарамастан, Қазақстан неге өзінің негізгі вольфрам кен орындарындағы бақылау пакетін америкалықтарға беруге соншалықты тез келісті деген сұрақ туындайды.

Мұнай-газ саласында халықаралық инвесторлармен жасалған келісімдерді қайта қараудың қаншалықты қиын екенін көрсететін тәжірибеміз бар. Ендеше, стратегиялық маңызы бар минералдарды игеру кезінде Қазақстанның үлесін небәрі 30% деңгейінде қалдыруға не себеп болды?

– «Тау-Кен Самұрық» мұны жақсы мәміле деп санайды, – деп қысқа қайырды Ерсайын Нағаспаев.

Контекст

Cove Kaz Capital Қарағанды облысындағы екі ірі вольфрам кен орны – Солтүстік Қатпар мен Жоғарғы Қайрақтыда дайындық жұмыстарын бастады.

Жобаның құны шамамен – 1,1 млрд доллар. Ол АҚШ президенті Дональд Трамптың ұлдары Дональд кіші және Эрикпен байланысты бизнеске қатысты.