Қазақстанда Өзбекстандағыдай имамдарға желіде уағыз айтуға тыйым салына ма? Бұл сұраққа Сенат кулуарында мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бүгін Сенат кулуарында журналистер Ысқақовтан Қазақстанда Өзбекстандағыдай имамдарға желіде уағыз айтуға тыйым салына ма деп сұраған.
Вице-министрдің жауабы
– Сөзсіз, бұл мәселеден хабардармыз. Алайда әлеуметтік желі де өз азаматтарымен тілдесудің бір жолы. Сол себепті басқа нұсқаларды қарастырып жатырмыз, бірақ оларға (имамдарға) әлеуметтік желі түрлеріне тыйым салу мәселесі күн тәртібінде жоқ, – дейді Ысқақов.
Вице-министрдің айтуынша, имамдар жамағатымен онлайн да, офлайн да, стрим арқылы да сөйлесе алады.
Өзбекстандағы шектеу
Еске сала кетейік, Өзбекстан имамдарына әлеуметтік желіде уағыз айтуға, жазбаларға лүпіл басуға тыйым салынғанын бұған дейін жазған едік. 27 мамырда Өзбекстан мешіттерінің барлық имамдары әлеуметтік желілерге кірмеу және әлеуметтік желілердегі жазбаларға "лайк" қалдырмау туралы ескерту алған.
Ташкент қаласы бас имамының көмекшісі Ергаш Рустамов Telegram арқылы аудандардың бас имамдарына жолдаған аудио үндеуінде әлеуметтік желілерде сөйлеген сөздерін қатаң бақылау туралы айтқан. Имамдар Діни басқарманың шешімін олардың қызметіне мемлекеттік бақылауды күшейту деп түсіндірді. Жеке басына қауіп төнбес үшін аты-жөнін құпия ұстауды шешкен Ташкент имамы имамдардың интернетке шығуын шектеу ар-ождан бостандығы туралы заңға қайшы келетінін жеткізген.