×
$
441.88
€
503.61
₽
5.24
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
441.88
€
503.61
₽
5.24

Данияр Елеусіновтің басы дауға қалды: спортшы бес бап бойынша қамауға алынды

Бүгін, 16:28
Данияр Елеусіновтің басы дауға қалды: спортшы бес бап бойынша қамауға алынды
ҰОК

Бокстан Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов тағы да әкімшілік қамауға алынды. Бұл жолы оған Алматы әуежайындағы оқиғаға байланысты жаза тағайындалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Оқиға 25 қыркүйекте болған. Елеусінов FlyArystan әуе компаниясының рейсімен Астанаға ұшуға тиіс еді.

Ұшаққа отырғызу кезінде ол райынан қайтып, өз бетінше әуе кемесінен шығып, перронға жүгіріп кеткен.

Соның салдарынан барлық жолаушыны ұшақтан түсіруге тура келген. Жүк те қайта тексеруге жіберіліп, рейс кешіккен.

— Медициналық куәландыру қорытындысы бойынша ер адам жеңіл дәрежеде мас болғаны анықталды, — деп хабарлады Ulysmedia.kz-ке Көліктегі полиция департаменті.

Сот Елеусіновті Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің бірден бес бабы бойынша жауапқа тартты. Атап айтқанда, қоғамдық орында мас күйде жүргені, тыйым салынған жерде темекі шеккені, ұшу қауіпсіздігі талаптарын және ұшақтағы тәртіп ережелерін бұзғаны, сондай-ақ ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жаза тағайындалды.

Нәтижесінде боксшы 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Мән-жайы

Елеусінов кейінгі бірнеше айда екінші рет қамауға алынды.

Шілдеде Астана соты оны 20 тәулікке қамауға алып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырған еді.

Сол кезде боксшы мас күйде көлік тізгіндеп, бір сапардың ішінде үш жол апатына себеп болған.

Сотта Елеусінов кінәсін мойындады.

Тамызда спортшы ішімдікке байланысты мәселесі барын ашық айтқан. Оның сөзінше, бұл әдет Олимпиададан кейін басталған. Сондай-ақ, ол жұрттан өзін келемеж етпеуді сұраған.