×
447.4
477.55
4.76
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
447.4
477.55
4.76

Қазақстанда вундеркиндтер неге қыршын кетеді

17.11.2021, 17:15
Коллаж: ulysmedia.kz

Ақназар Қажымұраттың қазасына қатысты тергеу қандай да бір ресми мәлімет бермей отыр. Гарвардта оқып жатқан талантты жігіт демалыс алып, Алматыға келген болатын. Қазақстанда жұмбақ жағдайда қаза болған вундеркинд жалғыз Ақназар емес. Бізге жеткен деректерге сәйкес, елде беделді мектептерде білім алып, түрлі олимпиада жеңімпазы атанған, құралыптастарының алды болған бірнеше дарында бала қыршын кетті.     

Республикалық физика-математикалық мектебінің оқушысы Әлихан Қабдығали «В Контакте» желісінде соңғы постын 2019 жылы 5-наурызда жариялаған. Ал инстаграмда 30-наурызда сурет салған екен. Пікірлер арасында достарының өкініш білдіріп, жылап тұрған смайлик қойғандарын көруге болады. Әлиханның қазасы жайлы ресми дерекөздерден ақпарат тараған жоқ.

Скрин Әлиханның инстаграм парақшасынан алынды

Ол физика мен информатика пәндерінен республикалық олимпида жеңімпазы. Назарбаев университетінде студент болған. Кейін Мәскеу физика-техникалық институтына ауысқан.

Суретте: Әлихан Қабдығани

Әлихан 2019 жылы ғимараттан құлап қаза тапқаны айтылады. Бірақ оған не себеп болғаны туралы ақпарат жоқ.

Суретте дарынды шахматшы Тимур Толибаев. Ол да 2020 жылы белгісіз себеппен қайтыс болған. Жасөспірімдер құрамасымен бірге Қазақстанды шахматтан түрлі чемпионаттарда таныстырып, жүлделі орындар алып жүрген.

Суретте: Тимур Толибаев

Ғылым-білімге құштар болған студенттің фейсбук парақшасында таныстары ол жайында жылы естеліктер жазып қалдырып, оның талантты, ақылды бала болғаны турасында көп айтқан.

«Өте өкінішті, Өте ақылды, талантты жігіт еді», деп жазса, енді бірі «Әзілқой жан еді, иманды болсын», деп пікір қалдырған. Атын атағысы келмеген осы университетте оқитын студенттің айтуынша, дайындық ауыр болғандықтан мұндағы студенттер үнемі қысымда жүреді. «Меніңше университет студенттерге жүктемені азайту керек. Психологтар бар болғанымен оларға жазылуға көп уақыт керек», – дейді ол.

Скрин Тимур Толибаевтың фейсбук парақшасынан

Ал жақында ғана жария болған Ақназар Қажымұраттың қазасы қоғамды дүр сілкіндірді. Гарвард деканы марқұмға талантты математик деп баға берді. Ақназар әлемдегі маңдайалды оқу орнында студенттерге дәріс те оқып жүрген. Полициядағы дереккөз бізге марқұмның өзіне қол салғанын хабарлаған болатын. Бірақ, ресми органдар растаған жоқ.

Суретте: Ақназар Қажымұрат

2018 жылы беделді жоғары оқу орны санатындағы Назарбаев университетінде жарты жылда бірден үш студент өзіне қол жұмсап қайтыс болды. Әйткенмен мұндай оқыс оқиғалар ашық жариялана бермейтіндіктен кей жағдайда деректер айтылмай қалып жатады.

Ресми дерекке сүйенсек, әсіресе балалар мен жастар арасындағы суицид азаймай келеді. Биыл Қазақстанда 84 жасөспірім өз-өзіне қол салып қайтыс болса, тағы 164-і суицид жасауға оқталған. 144 жасөспірім мерт болса, 300-ден астамы өзіне қол жұмсауға әрекеттенген. Былтырғымен салыстырғанда биылғы көрсеткіш 15 пайызға артқан.

АТА-АНАЛАРДЫҢ ТЫМ ЖОҒАРЫ ТАЛАБЫ, МҰҒАЛІМДЕР БУЛЛИНГІ 

Жасөспірімдер неліктен мұндай оқыс қадамға барады? Өлім туралы ойға не итермелейді? Өзіне қол салу әрекеттерінің себебі туралы жасөспірімдер суицидін зерттеп жүрген маман Алтыншаш Матаеваны сөзге тартық. Бірнеше жыл қатарынан тікелей жасөспірімдермен жұмыс істеп келе жатқан маман мұның негізгі үш себебін атап көрсетті.

«Бұл себептерге ата-ананың балаға деген тым жоғары талабы, мұғалімдерден басталатын буллинг және баланың дос таба алмай, өзін жалғыз сезінуі жатады. Өзін жалғыз сезінген бала ішкі мәселесін ешкімге тіс жарып айта алмайды. Күйзеліске түскенде, болар-болмас себеп үшін өзіне қол жұмсайды», - дейді Алтыншаш Матаева. Маман жасөспірімнің өзін қасақана қол жұмсауына даму кезеңіндегі өзгерістерге отбасы мен мектептегі мәселелер тікелей себеп болатындығын алға тартты.

«Ең бастысы ата-ана арасындағы қарым-қатынас үлкен маңызға ие. Ерлі-зайыптылар арасында қақтығыс, жанжал болатын болса, бала өз орнын таба алмайды. Отбасынан орнын таба алмаған бала мектепте де өз орнын таба алмайды. Одан кейінгі орында мұғалім қысым көрсетеді. Өкінішке орай ондай мұғалімдер бізде көп. Кейін өзге сыныптастары да бұған қосылуы мүмкін», деген ол дарынды балалар көбінде жоғары талап қойылудан көп қысым көретіндігін айтадын

«Мұндағы басты себеп – отбасы. Өйткені ата-ана балаға тым жоғары талап қоятын болғандықтан, сол талапқа сай келем бе деп қорқады. Үмітін ақтай алам ба, жоқ па деп балалар өз-өзіне сұрақ қоя береді. Бұл дұрыс емес. Балаға психологиялық қысым жасау ешуақытта дұрыс болған емес. Ең бастысы ата-ана баланың сәтті әлеуметтене алуына назар аудары қажет. Сыныптастарымен тіл табыса ала ма, дос таба ала ма деген сұрақтарға жауап іздеген болса, әлеуметтік орнын тапқан баланың үлгерімі де жоғары болады. Өкінішке қарай, жақсы көрсеткіштің соңынан жүгірген ата-ана баланың әлеуметтенуіне назар аудармай жатады”, - деп түсіндірді психолог.

СУИЦИДКЕ ОҚТАЛҒАН БАЛАЛАР ЖИІ ШАҒЫМДАНАТЫН МӘСЕЛЕ 

Қазір Алтыншаш ел аудағы бойынша балаларға онлайн жәрдем беретін «Жаным» қоғамдық қорында жұмыс істейді. Айтуынша, хабарласатын балалардың басым көпшілігінде суицидтік ой бар. Ал балалар тарапынан қандай шағым жиі түседі деген сауалымызға маман мынадай мысал келтірді.

«Күніне 10-15 шақты бала хабарласса, соның басым көпшілігінде өзіне қол жұмсау туралы ой жатады. Олардан көбіне сабақ оқуға жоғары талап қою, ұрып-соғу, жәбір көрсетуге қатысты жиі шағым түседі. Арасында кіші бауырларыма қарауға міндеттейді деп шағымданатындар бар. Бұл тұста екі тарапты да қолдай алмаймыз, өйткені мұнда ата-ананың жеке тәрбиесі жатыр. Баламен тығыз қарым-қатынаста болып, ұғынысып сөйлескенде көп мәселенің алдын алар еді. Ата-ана баламен сөйлеспейді», - деді ол. Ал Қазақстанның суицидтен әлем бойынша алдыңғы орында болуы себебін маман былай деп түсіндірді.

Маманның айтуынша, жасөспірімдер суицидінің алдын алу үшін баламен ұғынысып, тіл табыса алған дұрыс. Сондай-ақ, оның достарымен де ашық қарым-қатынаста болу көп көмек береді. Сондай-ақ жеке терапия, қажет болған жағдайда ем тағайындау балаға қауіпсіз орта тудырады.

Жақында Назарбаев зияткерлік мектебінде тағы бір оқушы биіктен секіріп кетті. Гарри Поттердің киімін киіп келген оқушыға сынып жетекшісі ескерту жасаған. Мектеп психологымен әңгілескеннен кейін, жасөспірім суицид жасағаны хабарланды. Оның соңы үлкен дауға ұласқаны белгілі. Марқұмның сыныптастары мектепте қысым барын, былтыр тағы бір оқушы өзіне қол жұмсағанын айтып берді.

P.S Нұр-Сұлтандағы элиталық оқу ордаларына түсу үшін балаларды дайындаумен айналысатын репетитор қазіргі уақытта мектептер арасында өзара бәсеке күшті екенін, рейтингте өз орнын сақтап қалу үшін, оқу орны дарынды балаларға көп жүктеме беретінін, қатаң талап қоятынын жасырмайды. 

Серіктес жаңалықтары