Желіде жеделсатыны талқандап, бейнебақылау камерасын сындыруға тырысқан қарағандылық тұрғынның қылығы жайла бейнежазба тарап кетті деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Кеншілер мекеніндегі тұрғын үйлердің бірінде қозғалыссыз тұрып, есігі ашылмай қалған лифтінің есігін аяусыз тепкілеп, қасындағы әйелдің сабырға шақырғанына көнбеген ер адамның әрекетін енді полиция өкілдері тексеріп, құжаттарын сотқа жолдап отыр.
Құзырлы орын көпшілік жерде бұзақылық жасағанның 29 жастағы азаматтың аты-жөні анықталғанын, оның ерсі іс-қимылына байланысты әкімшілік толтырылғанын айтады.
«15 қараша күні Қарағанды қаласы Оңтүстік-Шығыс полиция бөліміне тұрғын үй кешендерінің бірінде белгісіз біреудің лифт есігін бүлдіріп тастағаны жайлы хабарлама түсті. Оқиға орнына барған қызметкерлеріміз ұсақ тентектік дерегін тіркеді. Жедел іздестіру барысында ортақ мүлікке зиян келтірушінің жеке басы айқындалды», – дейді тәртіп сақшылары.
Еске сала кетсек, бұған дейін де жеделсатыны зақымдаған немесе ластаған қазақстандықтар сын тезіне ілікті.