Атахан Тосун – Түркияда дүниеге келгенімен, Швейцарияда өсіп-өнген қазақ. Қаржыгер мамандығын игерген ол он жыл бойы Швейцарияның беделді банктерінде жұмыс істеп, басшылық қызмет атқарған. Бірақ 2015 жылы атажұрты – Қазақстанға саяхаттап келген соң, туризм ісін дамытуды қолға алып, INDY GUIDE халықаралық платформасын құрастырып шығарған. Бұл туралы «Түркістан» газеті хабарлайды.
Назарларыңызға Атаханның айтқандарын қысқартып, ұсынамыз.
АТА-БАБАСЫ ЕЛДЕН ҚАШАН КӨШТІ
Қазақстан туризмін дамытуға атсалысып жүрсем де, мені көпшілік танымайды. Бәлкім, елдегі қоғаммен байланыс орнатуды дұрыстап қолға алу керек шығар. Оның үстіне, контентті ағылшын тілде әзірлеймін. Алдағы уақытта қазақ және орыс тілінде жазуды жоспарлап жүрмін. Осы орайда Қазақстандағы көпшілікке өзімді таныстыра кетсем, аты-жөнім – Атахан Тосун. Швейцарияның Цюрих қаласында тұратын қазақтың бірімін. Осында өсіп-өнгеніммен, Түркияның орталық бөлігінде орналасқан Алтай елді мекенінде дүниеге келдім. Атам мен әжем елуінші жылдары Алтайдан үдере көшкен қалың елмен бірге Түркияға қоныс аударып, Алтай ауылына тұрақтаған.
Кейін мен 6 жасқа толған кезде Швейцарияға көшіп баруды ұйғарған. Осы ретте мұндай сын сәтте сабырлық танытқан ата-анамның алдында бас иемін, олар – үлгі тұтар адамдар. Швейцарияға қоныс аударғанда жергілікті халық сөйлейтін тілді білмегендіктен, өз ортасы әрі көп қаражаты жоқ болғандықтан бастапқыда оларға қиын болған. Ол уақытта бүкіл Швейцарияда тек екі қазақ отбасы тұратын, Цюрихке қоныстанған бізден бөлек, Базель қаласында тұрып жатқан бір отбасы болды.
Ал Еуропаға бет алған қазақтардың басым бөлігі Франция, Германия және Аустрия секілді елдерге тұрақтады. Сондықтан ата-анама жаңа ортаға бейімделудің қаншалық қиынға соққанын енді түсініп жатырмын. Олардың қазақтар көп шоғырланған ортаға көшіп кетуіне болатын еді, бірақ біздің жарқын болашағымыз үшін бөтен ортада күн демей, түн демей жұмыс істеп, тырмысып, шыдап-бағып, білікті маман болғанымызды қалады. Олар қалағандай үйдегі үшеуіміз білікті маман атандық.
АТАХАН ТОСУННЫҢ БІЛІМІ
Мен Цюрихтегі Швейцария Федералды технологиялық институтын (ETH Zurich), сосын Цюрих университетін қаржы іс мамандығы бойынша тәмамдадым. Сосын Швейцарияның UBS, Credit Suisse, Цюрих Кантонал банкі секілді ірі банктерінде он жылдан астам уақыт бойы түрлі лауазымда жұмыс істеп, соның ішінде басшылық қызмет атқардым.
Қазір ата-анам бауырыммен бірге Ыстанбұл қаласында тұрады. Өз қолымыз өз аузымызға жеткен соң, олар Түркиядағы қазақы ортаға қайтып баруды жөн көрді. Олардың зейнетке шыққанға дейін сол ортаны сағынып, үнемі барғысы келіп тұратынын жиі байқайтынбыз. Бір айта кетерлігі, ата-анам үйде тек қазақ тілінде сөйлесетін. Сол кісілердің арқасында қазақ мәдениеті, дәстүрі мен ұлттық тағамдар туралы жиі еститінмін. Сөйтіп, мың рет естігенше, бір рет көрейін деп, атажұртқа тұңғыш рет 2015 жылы табан тіредім.
Жоғарыда айтып өткендей, қазақ тілімен бала күнімнен «таныспын». Бірақ мұны әкем мен шешемнің арасындағы екеуара диалогтан ғана еститінмін, ал Қазақстанға келгенде айналамдағы көпшіліктің маған таныс тілде сөйлегенін естігенде жүрегің жылып сала береді екен, бірақ ара-тұра түсініксіз күйде жүрдім. Дегенмен қандастармен бар білетін қазақшаммен сөйлесуге тырыстым.
INDY GUIDE ТУРАЛЫ
Жұмыс бабымен Қазақстанға жиі келетіндіктен, алдағы уақытта тілді жетік меңгеріп аламын деп ойлаймын. Ал INDY GUIDE туралы сөз қозғасақ, елге келместен бұрын мұндай жоба құрамын деп ойламағаным рас. Сөздің шыны керек, Қазақстан туристер қызығатын ел деп жиі естісем де, мұны өз көзіммен көргенде атажұрттағы табиғаттың сұлулығын сипаттауға сөз жетпейді дегізетін күйге жеткізетінін еш күтпедім. Дархан даланың дидарын көріп, табиғатына тамсандық, талантты адамдармен таныстық. Бірақ бұл әдемілікті мен секілді шетелден келген саяхатшыларға көру оңай болмайтынын түсіндік. Қазақ тілін жетік білмесем де, діттеген жерге жетуге маған аса қиын емес.
Ал бірақ қазақ тілін білмейтін туристерге мәселе туындатады екен. Мұны біз Шығыс Қазақстан облысында орналасқан Қатонқарағайға саяхат ұйымдастыру кезінде байқадық. Ол жақта көпшілік орысша сөйлейтіндіктен, бізге жол көрсететін адам таба алмай, екі күн әлек болдық. Туроператор іздедік, бірақ олар ағылшынтілді туристерге қызмет көрсетуге тіпті қызықпайды екен. Сосын ағылшын тілін меңгерген адам тауып, сол кісінің көмегімен Қатонқарағайда уақытты тамаша өткіздік. Қазір ол кісі INDY GUIDE-та жұмыс істейді.
Жалпы, Орталық Азия аймағындағылар туристердің жоспарлаған жеріне жетуін жеңілдететін Airbnb, Tripadvisor секілді күллі әлем туристері қолданатын негізгі платформалардың көмегіне сирек жүгінеді. Тиісінше, аталған платформаны құрастырушылар бұл аймаққа аса көңіл бөлмейді. Сондықтан Қазақстан туризмінің әлеуеті орасан, сөйте тұра өткір қажеттілік, біраз олқылық бар екенін байқаған соң, жолдасыма «осы саланы дамытуды тырысып көрелік» дедім.
Тағы бір айта кетерлігі, Швейцариядағы достарымыз елде түсірген суреттер мен видеоларды көргенде «Қазақстанның осыншалық әдемі екенін білмеппіз. Біз де бір күні барғымыз келеді» деп таңғалысын жасырмады. Ал Қазақстанда жүргенде жолай бізге қызмет көрсеткен адамдар «Сендер жіберген қонақтарды қуана-қуана күтіп алуға дайынбыз» деп ағынан жарылды.
Сөйтіп, барлығы келісіп тұрған соң, жергілікті провайдерлер мен саяхатшыларды байланыстыратын платформа құрып, сайт әзірледік. Қазақстаннан кейін Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Өзбекстан, Моңғолия елдеріне саяхат жасадық. Сол сапар барысында бірлесіп жұмыс істегісі келетін көп адамды кездестірдік. Ойлана келе платформаны кеңейтіп, Орта Азия елдеріне саяхат жасағысы келетіндерге қызмет ұсынуды ұйғардық.
ЖАРҚЫН СӘТТЕРГЕ ТОЛЫ ӨМІР СҮРГІМ КЕЛЕДІ
Аз уақыт ішінде ісіміз алға басып, біз құрған INDY GUIDE сенімді платформаға айналды. Пандемияға дейін барлығы біз ойлағаннан да жоғары деңгейде болды. Кейіннен пандемия салдарынан америкалықтар Американы, еуропалықтар Еуропа аумағына ғана саяхаттағандықтан, біраз қиындық туындады. Қазақстан аумағына кіруге рұқсат жоқ болды, десе де Қырғыз Республикасы мен Өзбекстанға жол ашық болғандықтан, аталған елге қыдырып барғысы келетіндердің саны арта түсті. Қазір жағдай бірте-бірте түзеліп келеді.
Негізі, бұған дейін тек қаржы индустриясында жұмыс істеп үйреніп қалған мен туризм ісін жүргізуден хабарым жоқ еді. Бірақ бұл істі дөңгелетуге септігін тигізетін амал-айлаларды тез үйреніп алатыныма сенімді болдым. Әр іске икемді болып, ашық болсаң болғаны, қолыңнан келмейтін нәрсе жоқ екенін түсіндім. Бұрын жұмыс істеген саламен салыстырғанда мұнда көп ақша таппайтының белгілі. Бірақ мен бұл іс арқылы қыруар ақша тауып, байып кетуді көздемеймін. Бар болғаны, жарқын сәттерге толы өмір сүргім келеді.