×
448.15
483.46
4.86
#қаңтар қақтығысы #сайлау #Украинадағы соғыс #Палестина #жемқорлық #тағайындау
448.15
483.46
4.86

Ресми: «Октябрь» атауы Әлихан Бөкейхан болып өзгерді

13.12.2021, 17:50
Фото: ашық дереккөзден

Қарағанды қаласын құрайтын екі үлкен ауданның бірі Майқұдық енді Октябрь емес, Әлихан Бөкейхан деп аталатын болды деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек жазды.
«Бүгін ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесі қарсаңында тек қарағандылықтар үшін ғана емес, жалпы қазақ халқы үшін айтулы оқиға, тарихи сәтті өткердік. Қарағанды қаласының Октябрь ауданына алты Алаштың ардақтысы Әлихан Бөкейханның есімі берілді. Бұл ең алдымен, еңселі елдігіміз бен берекелі бірлігіміздің көрінісі. Бұл - Тәуелсіздік жолындағы күрескерлер рухына тағзым, Алаш арыстарының аманатына деген адалдықтың бейнесі деп білемін. Сондықтан да баршаңызды осынау қуанышпен шын жүректен құттықтаймын», – деп бөлісті ол парақшасында.
Осы орайда аудан атауын өзгертуге қатысты алдын ала жүйелі жұмыстар атқарылған. Әлихан ауданын абаттандыру, аулаларды жаңарту, ойын алаңдарын құру және басқа да жұмыстар соңғы жылдары қарқынды жүргізілген. Өңір жетекшісінің айтуынша, жаңадан әлеуметтік нысандар пайдалануға беріліп, өнеркәсіптік кәсіпорындар құрылып, жұмыс орындары ашылып жатыр.
«Майқұдықтың ішіндегі күре жол күрделі жөндеуден өткізіліп, ел игілігіне берілді. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жоспарлы түрде атқарыла беретін болады. Орайы келгенде жыл басында аудан атауын өзгерту бойынша өткен көпшілік тыңдауға белсене қатысып, үлкен қолдау көрсеткен барша азаматтарға зор алғысымды білдіргім келеді», – деді облыс басшысы.
Жалпы аталмыш ауданның атына Алаш көшбасшысының атауын беру мәселесі кейінгі жылдары бірнеше рет көтерілген. Октябрь ауданы республикадағы ең үлкен аудандардың бірі. Онда 260 мыңға жуық адам тұрады.
Серіктес жаңалықтары