Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінен оқушының шығарылуына қатысты жағдайды заңгер Халида Әжіғұлова түсіндіріп берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
АЙЫППҰЛ ЖӘНЕ ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК
Құқық қорғаушының айтуынша, мұғалімді "шала$а" деп балағаттаған оқушы 16 жасқа толған. Бұл оның кейбір әкімшілік және қылмыстық баптар бойынша жауапкершілікке тартылуына негіз бар деген сөз.
– Мұнда академиялық адалдық қағидаларының бұзылуы және ҚР ҚК 131-бабы ("Қорлау") бойынша қылмыстық құқықбұзушылық белгілері бар. Сонымен қатар, ӘҚБК 434-бабы ("Ұсақ бұзақылық") – көпшілік орында бейәдеп сөз айту және 409-баптың 7-6-тармағы бойынша да әкімшілік жауапкершілік туындауы мүмкін. Мұғалім полицияға арыз жазуға құқылы, себебі оқушы 16 жасқа толған. Егер ол осы оқиғадан кейін психотерапевт көмегіне жүгінуге мәжбүр болса, моральдық және материалдық шығынды өндіріп алуға да құқылы, – деп жазды Әжіғұлова.
ТЕК САЛЫҚ ЕСЕБІНЕН ЕМЕС!
Халида Әжіғұлованың пікірінше, оқушыны НЗМ қатарынан шығару дұрыс, бірақ аздап асығыс қабылданған шешім.
– Ең алдымен оқушыға оқу жылын аяқтауға мүмкіндік беру керек еді. Кейін бірнеше мемлекеттік мектеппен келісіп, ата-ананы шақырып, қабылданған шешім туралы ескертіп, баланы қай мектепке ауыстыруға болатыны жөнінде мектептер тізімін ұсыну қажет болатын, – дейді Алматы облысының бұрынғы бала құқықтары жөніндегі уәкілі.
Сонымен қатар, Әжіғұлова өзін салық төлеуші ретінде мұғалімді қорлап, емтиханда көшірме жасайтын оқушылардың НЗМ-де оқуына қарсы екенін ашық айтты. Оның пікірінше, мұндай оқиғаға жол берген ата-ананың орнында болғанда, ұяттан өртеніп кетер еді.
– Балаларыңызға Қазақстан Республикасының заңын сыйлайтын, елінің абыройлы азаматы болуды үйретіңіздер. Жасаған қателігі үшін жазадан қашуды емес, жауапкершілікті көтере білуді үйретіңіздер. Әйтпесе, кейін олар ар-ұяты жоқ, ұяттан безген адамдарға айналады, – деп үндеу жасады Әжіғұлова қазақстандықтарға.
СМИРНОВАНЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ
Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова жариялаған жазбасында Назарбаев Зияткерлік мектебін оқушының құқығын бұзды деп айыптаған. Оның айтуынша, бұл оқиғаға байланысты қоғам белсенділері мектепті сотқа беруге дайындалып жатыр.
НЗМ БАСШЫСЫМЕН СҰХБАТ
Бұған дейін Ulysmedia.kz бас редакторы Самал Ибраева «Назарбаев Зияткерлік мектептері» басқарма төрағасы Ануар Жанғозинмен сұхбат жүргізіп, аталған элиталық білім ошақтарының қазіргі жағдайы, тұңғыш президенттің олармен байланысы және алдағы тағдыры жайында сұраған еді.