×
443.85
474.3
4.8
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.85
474.3
4.8

Енді сурет салмаймын деп шештім – Мария Ильницкая

20.01.2022, 18:28
Фото: Ашық дереккөзден

Алматыдағы көтеріліс кезінде суретші Мария Ильницкаяның шеберханасын бүлікшілер өртеп жіберген. Ұлттық нақышты заманауи сән тілімен сөйлете білген алматылық иллюстратордың есімі аз уақытта елге танылған болатын. Ол өз шығармаларында Шығыс пен Батысты, өткен мен бүгінді, дәстүр мен қазіргі заманды шебер үйлестіретін. Өкініштісі, кешегі қырғын кезінде суретшінің шеберханасының күлі көкке ұшып, орны да қалмай жанып кеткен. Бар ғұмырын суретшілікке арнаған Мария қапияда төбесінен жай түскендей болғанын айтады. Ulysmedia.kz тілшісі суретшінің өзімен тілдесіп, мән-жайды сұрап көрді.

– Шығармашылық шеберханаңыздың күлі қалмай жанып кеткенін көрдік. Сіз үшін бұл жай шеберхана емес, неше жылдық еңбегіңіз шығар?

– Жанашыр тілектестігіңіз үшін рахмет айтқым келеді. Десе де мән-жайды толық түсіне алып жатқан жоқпын. 33 жыл бойғы жинап-тергенімнің барлығы түгел кетті.  Акварель жұмыстарымның түпнұсқалары,  кенептер, басып шығарылған репродукциялар, қылқаламдарымды осы жерге жуырда ғана толық топтастырған едім. Тіпті 4 қаңтарда әке-шешемнің үйінде болған кітаптарымды да әкеп осында қойғам. Бар өмірімді осы жерге арнағандықтан, не көлік, не баспана алған жоқпын. Материалдар мен жұмысқа қажетті құралдарға ғана жұмсап келдім. Інжу-маржан маңызды емес шығар, бірақ Жапониядан әкелген акварель өмір бойы есімде қалатын нәрсе еді.

– Шеберханаңыздың өртеніп кеткен орнын көргенде қандай сезімде болдыңыз?

– Аузымды қос қолдай басып, ары-бері жүгіре беріппін. Көзімнен парлаған жас қолымның сыртынан сырғып ағып, одан пәлтемнің жағасына тамып жатты. Қасымдағылардан мынау менің шеберханам ба деп сұрай бердім. Орындықтар, бағаналар, темір шкафтардан жұрнақ та қалмаған. Бұрын байқамаппын, еденде кеңес кезінен қалған бедерлі қасбеттердің сынығы жатты. Розеткалар, ойықтар мен барельефтердің көрінісі өте әдемі еді, мен мұны тек кескіндеме сабағында боядым.

Өрт терезе арқылы болған шығар деп ойлағам. Қайдағы, ғимараттың ішіне кіріп, әдейі өрт қойғанын білгенде жүрегім ауырып кетті. Дәл босағада жаңа жылда туыстарыма апарып бермек болған ойыншықтар жатқан. Ал картиналар тұрған бөлмеге кіріп келгенде қолына бауырсақ ұстаған ұл баланың бейнесі қарсы алатын. Киіз үйде отырған бала көрерменге бейкүнә көз тастайтын. Осыны көргенде бүлікшілерде не ой болды? Олардың жан-дүниесін толқытпай ма? Ақымақтық болса да, басымнан кетпейтін бір ой  бар. 70 шаршы метр аумақты алып жатқан Қазақстан мен өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз туралы картиналарды көргенде не ойлады? Менің қолымнан шыққан картиналар жанымның бір бөлшегі, оны көрген адамдар не сезінді екен деп әлі таң қаламын.

VӨGUE, "Этно-шик", Мария Ильницкаяның жеке архивінен

– Жалпы қанша шығын келгенін шамалап айтуға бола ма?  Естуімізше, қайталанбас авторлық картиналар да жанып кеткен көрінеді.

– Үлкен техникалардың материалдық шығынын есептеп айтуға болады. Себебі кеңсені жуырда ғана жинағандықтан есепшіде құрал-жабдықтар мен тауарлардың барлық төлемдері бар. Менің туындыларым – Қазақстан халқы мен бүгінгі мәдениеті туралы заманауи кәдесыйлар. Зияткерлік меншікке, атап айтқанда, электронды иллюстрациялар мен картиналардың бастапқы кодтарына келтірілген залалды есептеу мүмкін емес. Бизнес-орталық дәлізінің видеосын алғанша, мұндағы заттардың өртеніп кеткенін, я ұрланғанын нақты айта алмаймын. Осыны ойлай бастасам болды, өте қорқынышты күйге түсем. Депрессияға түсуден қорқамын. Отбасым бар ғой, оның бәріне кім қарайлайды.

– Шығынды қайтаруға мемлекеттен көмек болуы мүмкін бе?

– Қандай көмек берсе де риза болар едім. Өйткені өзімнің де, балаларымның да сейфте тұрған құжаттары түк қалмай жанып кетті. Әрине, мемлекеттің менсіз де шаруасы шаш етектен. Өзім де кәсіпкер бола жүріп, шағын ұжымды басқаруға тырыстым. Сондықтан жетекшілік етудің қызығы мен қатар қиындығы да бар екенін шамалап болса да түсінемін.

– Сіздің еңбектеріңізден қазақ ұлттық нақыштарын жиі көретінбіз. Суретші ретінде таным-талғамыңыз қалай қалыптасты?

– Бала күнімде салған суреттеріме қарап, әке-шешем мені суретшілік өмірге бейімдей бастады. Өзім ғарышкер болғым келетін. Суретті жақсы салатын болған соң, суретшілікті жалғастыра бердім. 12 жасымда Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын (бұрынғы атауы Алматы театр және кино институты) қызыл дипломмен бітіріп, «суретші шебер және жарнама дизайнері» мамандығын алып шықтым. Мені бірден Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының үшінші курсына қабылдады. Суретші болғың келсе қазақ мәдениеті мен мұрасы осы жолдың ажырағысыз бір бөлігі дер едім. Сондықтан академиялық кескіндеме қағидасына сай, реализмнің барлық дәлдігі мен қыр-сырын егжей-тегжей меңгере отырып, сіз өз стиліңізді қалыптасыра аласыз. Мен ескі мектеп өкілімін. Қазақтың қолөнер мәдениетін 7-сыныптан бастап үйренгендіктен, енді дәстүрлі көйлектерді әлемдік сән брендтерімен араластырып суреттеуге құқығым бар.  Жүргеновте бестік  баға алу үшін ши тоқып, жүн түтіп, оны бояп, сырмақ тігіп,  Айша Ғалымбаеваның қолдағы бар суреттерін көшіріп алдым.

– Өз шеберханаңызды ашып, жеке брендке айналдыруға біреулер көмектесті ме, әлде өз еңбегіңіз бе?

– Барлығы көмектесті, жалпы өмірде өте жолы болғыш адаммын. Тіпті болмағанда сөзбен қолпаштап, демеу көрсеткеннің өзі не тұрады?! Бүкіл отбасым болып маған көмектеседі. Тіпті ұйқы-күлкі көрмей кезекті көрмеге дайындалып жатқанымда тамақ-шайымды дайындап қояды. Ауыр-ауыр кенептерді күйеуім арқалап тасиды. Тіпті Ресейде декреттік демалыста болғанымда жолдасым маған өз қалтасынан жалақы төлеп тұрды. Мен оған жібек орамалдарды тоқып, сатылымға шығардым. Үлбіреген, өте әдемі орамалдар еді, барлығы өтіп кетті. Осылайша тапқан-таянғанымды түгел өндіріске салып отырдым, содан да болар 2021 жылы жеке брендім жақсы танылды.

– Қазақстанда ары қарай қалып, жұмысыңызды жалғастыруға ықыласыңыз бар ма?

– Шынымды айтсам, өмірлік мұратым болған ісімнің түк қалмай жанып кеткенін көрген соң, үйге қайтып келіп жуынатын бөлмеде күні бойы отырдым. Суреттерімді өртеп жібергендерге қапаланғаным сонша, енді сурет салмаймын деп шештім.

Кенет басыма бір көрініс келді. Мұны күндердің бір күні жүзеге асыратын шығармын. Бәлки, нүктесі әлде бастауы бола ма, қайткен күнде де оны салып шығуым тиіс. Қайғылы жағдайдан кейінгі сезімімді бастан-аяқ жеткізгім келеді.

Сөз соңында айтарым, қайда жүрсем де, қайда өмір сүрсем де Қазақстанды жақсы көремін. Қайта оралып, өмірімнің күнделігін осы жерде жазамын. Бұл қайғылы жағдай жан-дүниемді төңкеріп кетсе де, мені рухани бейшара ете алмады. Күн сайын оянып, жақсара түсуім үшін менде барлығы бар. Соған қуанамын!

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Әңгімелескен Ая Өміртай

Серіктес жаңалықтары