×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Жазықсыз жандар жазаланып жатыр – жазушы Думан Рамазан Ерлан Қаринге ашық хат жазды

24.01.2022, 12:57
Жазықсыз жандар жазаланып жатыр – жазушы Думан Рамазан Ерлан Қаринге ашық хат жазды
Коллаж: ulysmedia.kz.

Жазушының жазуынша, елдегі келеңсіздіктерді қаламгерлер қауымы қатаң айыптайды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

«Еліміздегі жағдайды Өзіңіз де жақсы біліп отырсыз. Хұқық қорғау органдарының қызметкерлері арасынан «шаш ал десе, бас алатындар» көптеп шығып жатыр. Бейбіт шеруге шыққан, бірақ ешқандай жазығы жоқ жандар жазықсыз жазаланып, түрмелерге тоғытылып жатыр. Қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр. Мәселен, Көкшетау қаласында ешқандай қылмыстар жасалынған жоқ, ештеңе бүлінген жоқ. Тек конституциялық хұқын талап етіп, көшеге шыққан жазықсыз жандарды топырлатып қамап, жазалап жатыр. Бұны біз, қаламгерлер қауымы қатаң айыптаймыз. Бұл жақсылықтың нышаны емес», - деп жазды Думан Рамазан мемлекеттік хатшы Ерлан Қаринге жазған ашық хатында.

Оның хабарлауынша, Көкшетау қаласында еліміздегі келеңсіздіктерді айтып, бейбіт түрде көшеге шыққан адамдардың арасында Алмас Темірбай мен Қуаныш Оспан сынды қазақтың аса талантты қос қаламгері бар. Екеуінің үстінен де қылмыстық іс қозғалған. Қуаныш Оспанды он күн абақтығы жатқызып, енді шығарған. Істеп жүрген лауазымды қызметінен айырған.

«Тым құрмаса, ескертулер берілмеуші ме еді?! Сондықтан Қуаныш бауырымызды өзінің заңды қызметіне қайта қойып қана қоймай, оған абақтыда жатқан күндері үшін өтемақы берілуін талап етеміз. Ал Алмас Темірбайдың үстінен қылмыстық іс қозғалыпты. Қудаланып жатқан көрінеді», - дейді ол.

Думан Рамазан екі талантты ақынға араша түсуді сұрады.

«Қуаныш Оспан қызметіне қайта келіп, оған тағылған барлық айыптар алынып тасталсын. Ал Алмас Темірбайдың үстінен қозғалған қылмыстық іс дереу қысқартылсын. Өйткені, олар қылмыскерлер емес. Егер қылмыс жасаса, дүкен тонаса, кісі өлтірсе, ешкім де оларға араша түсе алмасы анық. Ал елдегі келеңсіз жағдайларға байланысты өздерінің азаматтық ойларын ашық айтқаны үшін ақындарды қылмыстық жауапкершілікке тарту, барып тұрған бассыздық.  Өйткені, ақындар өзінің емес, халықтың сөзін айтты, барша қазақтың талап-тілегін жеткізді. Жүректері «елім, жерім, халқым» деп соққан өр таланттарды қылмыстық жауапкершілікке тартуға бола ма? Халықтың сөзін айтқаны үшін ақындарын соттаған соттар ғана емес, осыған жол беріп қойған билік өкілдері де тарихта жақсы атпен қалмайтынын Өзіңіз де жақсы білесіз!» - дейді Думан Рамазан.