Алматыда блогер, белсенді Мирболат Мырзатайұлының ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы басталды, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
Істі Алматының Медеу аудандық №2 соты қарап жатыр. Алғашқы сот отырысы онлайн өтті. Алдын ала сот тыңдауында Мирболат Мырзатайұлының адвокаты Айман Құрманбаева соттан оны үйқамаққа ауыстыруды сұрап, өтінішхат түсірді. Ол Мырзатайұлының қамауда ем қабылдауы қиын екенін айтты.
«Денсаулығы нашарлаған. Ол тиісті емін қабылдауы керек. Ол туралы анықтамалар беріліп отыр», – деді адвокат сотта.
Мирболат Мырзатайұлы тергеу изоляторында ем қабылдау қиын екенін айтты. Ол сотта қабылдап жүрген дәрілерін көрсетті.
«Үш системаны әрең қойдырдым. Медициналық бөлімнің медбикесіне рахмет. Үш система қойып берді әйтеуір бір жерден алып келіп. Жағдай жоқ қой ана жерде қарайтын... Екі адам өліп қалды көз алдымда осы түрмеде жатқанда. Сондай жағдай. Мына түрмедегі жағдайды реттеу керек», – деді ол.
Прокурор өтінішке қарсылық білдірді. Ол Мырзатайұлына тағылған айып аса ауыр санатқа жататынын алға тартты.
Судья Мұхамеджанов өтінішті қанағаттандырудан бас тартты. Ол бұлтартпау шарасын өзгертуге негіз болатын дәлелдер ұсынылмады деді. Сот қаулысымен негізгі сот талқылауы офлайн режимде өтетін болды.
Мирболат Мырзатайұлын қолдап, жақтастары мен туыстары сот ғимаратына жиналды. Олар істің әділетсіз екенін айтып, оның кінәсіз екенін айтты.
Тағылған айып
Мирболат Мырзатайұлы ұсталған уақытта Алматы қаласының полиция департаменті оның үстінен қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша іс қозғалғанын айтқан. Кейіннен ол сот санкциясымен екі айға қамауға алынған.
«Бишуиновқа қатысты ҚР қылмыстық кодексінің 174-бабымен қылмыстық іс қозғалған. Сол бойынша қылмыстық-процесуалдық кодекстің 128-бабына сәйкес, ұсталды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қорғаушысы бар... Сол бойынша екі күн ішінде сот шешімімен санкциясын қарайды. Сотқа дейін отыра ма, отырмай ма деген сияқты», – деген сол уақытта Аламыт қаласы полиция департаментінің тергеу басқармасы басшысының орынбасары Болат Қасымбаев сол уақытта.
Контекст
2-ші қыркүйекте Мирболат Мырзатайұлының туыстары оның жоғалып кеткенін айтып, әлеуметтік желіде дабыл қаққан. Кейіннен оны полиция ұстағаны белгілі болған.
54 жастағы Мейірболат Мырзатайұлы «Журналистік зерттеулер агенттігі» You Tube арнасының авторы. Бұған дейін ұзақ жыл мемлекеттік телеарналарда қызмет істеген. Қазір арнаның 64 мыңнан астам жазылушысы бар. Негізінен елдегі сот процестері, митинг, пикеттерден ақпарат таратады.