×
474.9
555.3
6.24
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
474.9
555.3
6.24

Жастарға – той, тойханаға табыс керек: түлектер кеші жылдағы сценариймен өте ме?

Бүгін, 16:40
Жастарға – той, тойханаға табыс керек: түлектер кеші жылдағы сценариймен өте ме?
Ulysmedia.kz коллажы

Кеше ғана Оқу-ағарту және Ішкі істер министрлігі мектеп бітіру кешін білім беру ұйымдарынан тыс жерлерде өткізуге тыйым салды. Аттестаттарды табыстау рәсімі тек мектеп ғимараттарында ұйымдастырылуы тиіс деген қатаң талап қойылды. Алайда ата-аналар жылдағы дәстүр бойынша мейрамханаларға тапсырыс беріп, балаларының бітіру кешін дүркіретіп өткізудің қамына кірісіп кеткен.

Алматы, Астана және Шымкент қалаларындағы мейрамханалардың әкімшілерімен сөйлескен Ulysmedia.kz тілшісі бизнес өкілдері де, ата-аналар да шенеуніктердің тыйымына құлақ асуға құлықсыз екенін ұқты.

ЖЕҢІЛДІК ҰСЫНҒАН МЕЙРАМХАНА

Алматыдағы ең ірі мейрамханалардың бірі – Manar Palace әкімшісі Зағираның айтуынша, 11-сынып оқушыларының ата-аналары бітіру кешін өткізетін күндерді брондай бастаған. Айтуынша, маусымның соңындағы демалыстар күндерінің біреуі ғана бос. Ата-ана ретінде хабарласқандықтан, әкімші бізге дереу мейрамхана мәзірін таныстырды. Бүгін алдын-ала төлем жасасақ, жеңілдік жасап беруге уәде берді.

«Баға таңдаған мәзіріңізге байланысты адам басына 18 мыңнан бастап  25 мың теңгеге дейін барады. Егер кешкі 18.00-ден түнгі 00:00-ге дейін өткізетін болсаңыздар, 22 мың теңгелік мәзірді 19 мың теңгеге түсіріп бере аламын. Оның ішіне 5 түрлі салат, 5 түрлі тіскебасар, 2 ыстық тағам, шектеусіз көлемде сусындар кіреді. Спиртті ішімдіктерді және баннерді ғана өздеріңіз алып келесіздер. Басқаның бәрі сол бағаның ішіне кіреді», – деп әкімші бәрін тәтпіштеп түсіндірді.

ЖЫЛДА САЛЫНАТЫН, БІРАҚ ОРЫНДАЛМАЙТЫН ТЫЙЫМ

Қала түлектері жыл сайын бітіру кешін өткізетін «Алтын ғасыр» мейрамханасына барсақ, олар да орын брондаймын деген ата-аналардан алдын-ала төлем қабылдауға кірісіп кетіпті.

«Бітіру кештерін өткізуге жыл сайын тыйым салады ғой. Бірақ өтпей қалған кезі болған емес. Егер түлектердің кеші ата-аналарымен бірге өтсе, ешкім өткізбе деп бөгет жасай алмайды. Ал ата-анасыз өткізетіндердің жиынын тоқтатып тастауы мүмкін», – дейді өзін Қайрат деп таныстырған әкімші.

Бізді мейрамхана қарастырып жүрген ата-ана деп түсінген қызметкер ас мәзірін, кеш өткізетін үлкен залды таныстырды. Құны 16 мың теңгеден 22 мың теңгеге дейін баратын үш түрлі мәзірде тағамның түр-түрі самсап тұр. Тағамнан бөлек музыкалық жабдықтарды жалға алуға 180 мың теңге төлеу қажет екен.

ТҮЛЕКТЕР КЕШІНЕ ҚАНША ҚАРЖЫ ЖҰМСАЛАДЫ?

Баласы мектеп бітіргелі отырған алматылық ата-ана Нұргүл Баймұхамбетқызы бітіру кешін мейрамхана той сияқты дүркіретіп өткізуге қарсы екенін айтады.

«Осыдан екі жыл бұрын үлкен ұлым 11-сынып бітіргенде де мейрамханада салтанатты кештер өткізуге болмайды деген. Алайда ата-аналар «баламыз бір-ақ рет мектеп бітіреді» деп қоймай ақша жинап, ақыры өткіздік. Баламды қатардан қалдырғым келмеген соң, біз де амалсыз қосылдық. Мейрамханаға екеумізге 100 мың теңге кетті. Одан бөлек, мұғаліміне сыйлық алдық, киген киімі бар – 200 мың теңгедей ақша кетті. Қазіргі бағаларға қарасақ, биылғы шығын бұдан да асып түсетін сияқты», – дейді ана.

«АТТЕСТАТ АЛҒАН СОҢ АТА-АНАЛАРЫ ҒАНА ЖАУАПТЫ»

Министрлік шығарған бұйрықтың орындалуын мектеп қалай қадағаламақ? Бұл сұрақты Алматыдағы №42 орта мектептің директоры Салтанат Мұхитдинқызына қойдық. Мектеп басшысының айтуынша, ұстаздар қаладағы әр мейрамхананы аңдып жүре алмайды.

«9-11 сынып оқушыларының ата-аналарын шақырып, жиналыс өткіздім. Мейрамханада, коттеджде бітіру кешін өткізбеңіздер, ешқандай ақша жинамаңыздар деп қатаң ескерттім», – дейді Салтанат Мұхитдинқызы.

Директордан мектеп қабырғасында аттестат тапсыру рәсімі қалай өтетінін де сұрадық.

«25 мамырда мектеп алдында салтанатты жиын өтіп, соңғы қоңырау соғылады. Одан кейін түлектеп емтихандарын тапсырады. Емтихан тапсырып, бағаларын алған соң маусымның 18-інде акт залында аттестаттарын табыстаймыз. Сол күні ІІМ өкілдерімен бірлесіп түлектердің үйлерінде болғанын қадағалаймыз. Одан кейін олар үшін жауап бермейміз. Мектеп қабырғасынан шығарылған соң бітірушілер үшін тек ата-аналары жауапты болады», – дейді басшы.

АСТАНА МЕН ШЫМКЕНТ ТОЙХАНАЛАРЫ ДА САҚАДАЙ САЙ

Алматы мейрамханалары ғана емес, Шымкент пен Астанадағы той-томалақ өткізетін орындар да түлектер кешіне осы бастан қамданып жатыр.

Астанадағы «Бақ Сарай» мейрамханасы түлектерге арналған арнайы пакет әзірлеп қойыпты. Оған 4 салат, 4 тіскебасар, 2 ыстық тағам мен тәттілерден тұратын дастарқаннан бөлек музыкалық жабдықтар, мобилограф пен видеограф қызметі кіреді. Пакет құны – адам басына 35 мың теңге.

Шымкенттегі «Балым» мейрамханасының әкімшісі де қызметін сату үшін жарнаманы жақсылап жасады. Тыйым жайлы ештеңе естімегенін айтты. Алдын-ала төлемді онлайн қабылдап, қалаған күнімізді дәл қазір брондап беруге дайын екенін жеткізді.

 «Бізге ондай ескерту келген жоқ. Бос күндердің бірін брондай берсеңіз болады. 13 мың теңгелік және 16 мың теңгелік екі мәзір бар. 16 мың теңгелікті таңдасаңыз, алып-қосары жоқ дайын дастарқанға келесіз. Ал 13 мың теңгелік мәзірге сусындар мен ет кірмейді», – дейді Диана есімді әкімші.

БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ НЕ ДЕЙДІ?

Шымкент қалалық білім басқармасының бөлім басшысы Ақжарқын Тұрсынованың айтуынша, басқармадағылар бизнес өкілдерінен талаптың орындалуын талап ете алмайды.

«Барлық мектептерге Оқу-ағарту министрлігінен келген бұйрық негізінде өз бұйрығымызды жібереміз. Мектеп директорларынан сол бұйрықтың орындалуын талап етеміз. Ал мейрамханаларды аралап, тыйымның бұзылмауын қадағалайтын құзыретіміз жоқ», – дейді білім басқармасының өкілі.

Серіктес жаңалықтары