×
471.46
555.38
6.18
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
471.46
555.38
6.18

«Жүрекке салынған имплант түсіп қалған»: «Erensau»-да жасалған «сәтсіз» отаға кім жауапты?

«Жүрекке салынған имплант түсіп қалған»: «Erensau»-да жасалған «сәтсіз» отаға кім жауапты?
ulysmedia.kz коллажы

Алматыда әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан қаржы алып отырған жеке клиника жұмысына қатысты дау шықты. Ләйлә Қайратқызы клиника ұлымның жүрегіне отаны дұрыс жасамады дейді. Сөзінше, жүрекке салынған имплант түсіп қалған. Ал ота жасаған хирургтың арнайы лицензиясы болмай шыққан.

СӘТСІЗ ОТА

Ләйлә Қайратқызы 20 жастағы ұлына жүрегінде ақау болған соң, былтыр 30 желтоқсанда жекеменшік «Erensau» клиникасында («MEDITERRA» ЖШС) ота жасатқан. Бірақ операция сәтсіз болған. Әу баста мемлекеттік порталмен барған соң, клиника жекеменшік болса да, оның жұмысына ешқандай күмәнім болмады дейді ол.

– «Бұл клиника бізге ота жеңіл өтеді, жарты сағатта жасалады және өмірге ешқандай қауіпі болмайды деп сендірді. 30 желтоқсанда ота жасалады. 31 желтоқсанда үйге шығады, жаңа жылды бірге қарсы аласыздар деді. Бірақ олай болмай шықты. 29 желтоқсанда біз клиникаға жаттық. Біз дәрігер емеспіз, бізге не айтты содан өттік. Кейіннен Фармбақылау комитеті, медициналық сақтандыру қоры бағасын берді. Онда клиника тарапынан операция алдында отаға дайындық кезеңі жасалмағаны анықталды, – дейді ол.

Оның сөзінше, операциядан кейін клиника отаның сәтті өткенін айтқан. Бірақ ұлының аяғы жансызданып, сезбей қалған. Дәрігерлер оны наркозбен байланыстырып, назар аудармаған.

– Окклюдер жүрекке, жүрекшеаралық қалқанға орнатылады. Оның туғаннан жүрекшеаралық қалқан кемістігі болған. Біз ол туралы 19 жасында білдік. Қол тамыры арқылы катетер жүрекке дейін қойылады. Ол қолшатыр сияқты ашылады. Окклюдердің көлемі үлкен. Мына суретте оны дәрігер ұстап отыр (суретті көрсетіп отыр – ред). Олар оны жүрекке орнатқан. Фармбақылаудың қорытындысы бойынша, оның көлемі дұрыс өлшенбегендіктен, ол төмен қарай құлаған. Окклюдер төменгі аортаға түскен. Осылайша, аяқтық қан айналымын бітеп тастаған. Яғни, өміріне қауіп төндірген. Ол сол жаққа қарай жылжып кетсе немесе уақытылы анықталмаса, мен ескертіп, айтпағанда оның өліп кетуі әбден мүмкін еді», – дейді Ләйлә Қайратқызы.

СЕРТИФИКАТЫ ЖОҚ ДӘРІГЕР МЕН ИМПЛАНТ

Дәрігерлер бес сағаттан кейін шұғыл түрде қайтадан ота жасап, окклюдерді алып тастаған. Оқиғадан кейін ол құзырлы органдарға шағымданған. Болған жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалған. Ұлы жәбірленуші деп танылған. Ота жасаған хирургқа қорғануға құқығы бар куә статусы берілген. Ләйлә Қайратқызының айтуынша, тексеру барысында ота жасаған дәрігердің ғана емес, жүрекке салынған окклюдердің де тиісті сертификаты болмай шыққан.

– Қазіргі таңда біздің қолымызда Фармбақылау комитетінің қорытындысы бар. Онда бізге ота жасаған дәрігердің лицензиясы болмағаны туралы жазылған. Өкінішке орай, тергеуге байланысты мен оның аты-жөнін айта алмаймын. Ол осы «Erensau» («MEDITERRA» ЖШС) қызметкері. Ота жасаған кезде оның қажетті сертификаты болмаған... Қазір орталық аппараттың қосымша тексеруі жүріп жатыр. Біздің жағдайымызды прокуратура жеке бақылауына алды. Бірақ менің арыздарымнан кейін маған қысым жасалды. Клиника өзінің қателігін түсінудің орнына, бізді айыптады. Біз іс созбалаңға салына ма деп қорқып отырмыз. Істі жауап тастай ма деп қауіптенеміз, – дейді ол.

Ләйлә Қайратқызы алдағы уақытта бұндай оқиғалар қайталанбас үшін клиниканың лицензиясынан айыруды талап етіп отыр. Бірақ медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті «бір оқиғаға байланысты клиниканы лицензиясынан айыра алмаймыз» деген. Ләйлә әлеуметтік желі арқылы «Erensau» клиникасынан зардап шеккен өзге адамдарды да іздеп тапқан. Олар да арыз жазған. «Қазір арыздары қаралып жатыр» дейді ол.

ТЕРГЕУ 

Адвокат Әлім Мұстапаевтың сөзінше, Медеу аудандық полициясы клиника қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғаған. Қазір тергеу әрекеттері жүріп жатыр.

– Қылмыстық кодекстің 317-бабының 1-бөлігімен іс қозғалды. Яғни, бұл медицина қызметкерлерінің кәсіптік міндеттерін тиісті орындамауы туралы. Қазіргі кезде барлық тергеу әрекеттері жүріп жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Клиника «Erensau»-дың қызметкерлерінен жауап алынуда. Енді біздің үмітіміз – іс бейтарап және толығымен зерттеліп, процессуалды заңды шешім шығарады деген үміттеміз, – дейді адвокат.

317-БАП БОЙЫНША ҚОЛДАНЫЛАТЫН ЖАЗА ЖЕТКІЛІКСІЗ

Заңгер Инга Иманбай 317-бап бойынша қолданылатын жаза жеткіліксіз деп есептейді. Ол Ләйлә Қайратқызының ұлының орнында кез келген адам болуы мүмкін дейді. Сөзінше, клиниканы ол өзі таңдап бармаған. Cоған қарамастан, оқиғадан кейін тексеру жүргізуге оның өзі мұрындық болған. Десе де, бұны мемлекет қаржы бөліп отырғаннан кейін, жауапты органдар өздері тексеруі керек еді дейді ол.

– Азаматтар мемлекет осы клиниканы таңдапты деп сеніп, денсаулығын тапсырады. Бірақ тексере келген кезде, ол жердегі дәрігерлердің жүрекке ота жасауға сертификаты жоқ болып шығады. Олардың жүрекке салуға арналған құрылғыларының сертификаты жоқ, Қытайдікі болып шығады. Жаңа айтқандай, бала бұл жерде бірнеше өлім қауіпінен аман қалып отыр. Бұл [окклюдер] түсіп қалған жағдайда да бала өліп кетуі мүмкін еді. Жүрегінде қалып қойған жағдайда да өліп кетуі мүмкін еді... Сонда бұл жерде сұрақ туындауы керек. Мемлекет азаматтардың денсаулығына қалай қарап отыр? Бұл немқұрайлылық па? Егер Ләйлә ханым осылай ары қарай тексеру жасамаса, бұл клиниканың сертификаты жоқ дәрігерлері, сертификаты жоқ құрылғыларды қанша азаматқа салар еді? Қанша адамның өміріне қауіп төнер еді? Мен бүгін заңгер ретінде осыған акцент қойғым келеді, – дейді Инга Иманбай.

Заңгердің айтуынша, осындай ота жасайтын елдегі барлық клиникаларға тексеру жүргізілуі қажет. Ол үшін азаматтардың өлгенін күтудің керегі жоқ.

– Маңызды органдарға ота жасайтын клиникалар, олардың дәрігерлері, олардың құрылғылары тексерілуі керек. Неге мына жерде азамат өлімнен қалған кезде тексерілуі керек? Ол алдын ала жасалуы керек. Онда бізге денсаулық сақтау министрлігінің не керегі бар? Онда бізге тиісті органдардың не керегі бар? Егер жәбір көрген азаматтар артынан өзі дәлелдеп, өздері барып, қудаланып жүретін болса, ­– дейді ол.

Ләйлә Қайратқызының сөзінше, «Erensau» («MEDITERRA» ЖШС) клиникасы «ота сәтті өтті» деп медициналық сақтандыру қорынан 3 миллион теңге алып алған. Бірақ «ота сәтті өткен жоқ» деп шағым түсіріп, тексеруді талап еткеннен кейін, қаржы медициналық сақтандыру қорына қайтарылған. Кейіннен клиникаға 33 миллион теңге айыппұл салынған.

2GIS ҚОСЫМШАСЫНДАҒЫ ЖАУАП

Ulysmedia тілшісі «Erensau» («MEDITERRA» ЖШС) клиникасына қоңырау шалды. Бірақ тұтқаны ешкім көтермеді. 2GIS қосымшасында Ләйләнің шағымына клиника:

– Емдеу кезінде сіздің отбасыңыз күйзеліске ұшырағаны үшін бізге өте өкінішті. Науқастардың қауіпсіздігі мен дұрыс қарым-қатынас «Erensau Hospital» үшін алдығы орында. Барлық араласулар және анестезия қол қойылған келісім бойынша жүзеге асырылды. Ол медициналық құжаттармен бекітілген... Пікірде жазылған шағымдар мен клиникалық мәліметтерді клиника ашық талқылай алмайды. Себебі ол медициналық құпияны бұзу болады, – деп жауап берген.

Клиника өзге сұрақтарға жауап науқастың, оның өкілінің немесе құзырлы органдардың сұрауы бойынша, заңда белгіленген уақыт ішінде берілетіні туралы ескерткен.  

Қазір Ләйлә ұлына үшінші рет ота жасатуға және мүгедектікке құжаттар жинап жүр. Ол бірінші операциядан кейін тағы да ота жасатуға жүрексініп қалғанын айтады.

Серіктес жаңалықтары