Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев журналистерге шабуыл жасады деген күдікпен ұсталған адамдарға қатысты сауалдарға жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұдан бұрын ІІМ БАҚ өкілдеріне шабуыл жасау деректері бойынша 18 адамның ұсталғанын мәлімдеген.
Ведомство басшысының орынбасары Марат Қожаев оларға қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын жеткізді. Алайда ол күдіктілерге қатысты қандай да бір дерек беруден бас тартты.
“Олар қандай мотивпен шабуыл жасағаны, өздері жасады ма, әлде артында біреу тұр ма – бәрі тергеу қорытындысы шыққан соң белгілі болады”, – деп қысқа қайырды вице-министр.
Еске салсақ, 10 және 13 қаңтар күндері белгісіз біреулер Elmedia.kz сайты редакциясы кеңсесінің терезелерін сындырып кеткен болатын. Бұл алты айдағы редацияға жасалған алтыншы шабуыл ретінде тіркелді. Редакция жетекшісі Гүлжан Ерғалиева Ішкі істер министрінен жағдайды бақылауға алуды талап етті. Президент Тоқаев оқиғаға жауап беріп, шабуылдарды мұқият тексеруді тапсырды.
13 қаңтарда белгісіз біреулер белгілі блогер Динара Егеубаеваның көлігін өртеп жіберген. Жыл басында ол «Алтыншы Қаңтар» блогын құру туралы хабарлап, бір мандатты округтер бойынша Мәжілістің мерзімінен бұрын сайлауына қатысуға дайын екенін жеткізген.
Алматы полициясы өрт қойды деген күдікпен кәмелетке толмаған бес жасөспірімді ұстады. Олар, сондай-ақ El Media-ға шабуыл жасады деген күдікке ілінді. Тәртіп сақшылары жеткіншектердің интернет арқылы «тапсырыс» алғанын хабарлады.
Өткен жылдың қазан айында Orda.kz ақпараттық порталының редакциясына бас редактор Гүлнәр Бәжкенованың суреті мен шошқаның басы салынған пакет барған. Онда әдейі жыртылған фото жануардың аузына салынған. Бажкенованың өзі бұған Назарбаевтар отбасы мен тұңғыш президент туралы жарияланымдары себеп болғанын мәлімдеді.
18 қаңтарда шабуылдаушылар Ulysmedia.kz сайтын бұзып, бас редактор Самал Ибраева мен оның отбасының жеке деректерін жариялады. Сайт басшысы полицияға арыз жазып, қылмыстық іс қозғалды.
19 қаңтарда журналист және Hyperborey YouTube арнасының авторы Вадим Борейко пәтерінің есігін әлдебіреулер құрылыс көбігімен жауып тастағаны жайында хабар тарады. Журналистің айтуынша, олар есікті жауып, кейін оны өртеп жібермек болған.
Сондай-ақ, жуырда ғана Ulysmedia.kz кеңсесіне біреулер мал еті мен бас редактордың балаларының суреті салынған қорап жіберген. Самал Ибраева бұл әрекетті редакцияны қорқыту деп бағалайды. Құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғады. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
20 ақпанға қараған түні әлдекім журналист Вадим Борейкноның операторының екі көлігін өртеп кеткен.
Сонымен қатар, 22 ақпанда журналист Данияр Молдабеков өзіне шабуыл жасалғанын мәлімдеді.