×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

«Ажалдан жаяу қашқан, өте аянышты...»: Абай облысындағы орманшылардың өлімі жайлы тың дерек

11.06.2023, 13:12
«Ажалдан жаяу қашқан, өте аянышты...»: Абай облысындағы орманшылардың өлімі жайлы тың дерек
Коллаж: ulysmedia.kz.

Абай облысындағы орман өрті оннан астам адамның өмірін қиып кетті. Ресми органдар әзірге өрт сөндірушілер мен орманшылар қалай қайтыс болғаны жөнінде ақпарат таратқан жоқ. Ulysmedia.kz тілшісі осы ретте марқұм болған орманшылардың бірі Серікжан Тоқтасынның туысы – Мерей Қартпен сөйлесіп, болған оқиғаның мән-жайын анықтап көрді.

Мерей Қарттың өзі Қазақстан Жазушылар одағы Абай облысының филиалының төрағасы. Өрт басталған уақытта үйде жата алмадым дейді. Оның үстіне тілсіз жаумен алысып, 27 жастағы туысы қайтыс болғанын естіген.

«Нағашы бауырымыз инженер болып орманда жұмыс істейтін. Сол азаматтың қаза тапқанын естігеннен кейін үйде тіпті жата алмадық. Тас түскен жеріне ауыр. Барып, елдің қайғысын бөлісейік деп, қаралы жеті отбасының үйіне кеше кіріп шықтық. Естімеген кісілердің үйіне естірттік. Өте ауыр жағдай. Бір әйелдің күйеуі мен ұлы қатар жанып кеткен жағдай бар. Үйленбеген жастар бар екен. Қыз бала бар. Арттарында қаншама баласы қалған адамдар бар», - дейі ол.

Оның сөзінше, қаза болғандар – Бородулиха ауданына қарасты Тайлица, Успенка ауылының тұрғындары. Қаза болғандардың жетеуі – Успенкадан.

«Әкімдік қандай деректерді беріп жатқанын білмеймін, менің сол арадағы естігенім: осының алдында бір өрт Ресейден басталған. Ол өрт сөнген. Одан кейін арасына апта салып, тағы да өрт пайда болды. Өрт басталған кезде бұлар апыл-ғұпыл көліктеріне, ниваларына отырып, орманға қарай кеткен ғой. Қалың өрттің ортасына кірген кезде тілсіз жау өрт төбеден болған. Жел қатты, күн ыстық. Төбедегі өрт деген өте қиын болады екен. Жалын астыға қарай ауған кезде жердің оттегісін жағып жіберетін көрінеді. Орманшылар тұншығып әлсірей бастаған кезде бәрі көліктеріне отырып, артқа қашқан. Кейбірі жолдан адасқан, кейбірі ағашқа соғылған. Содан шығып жан-жаққа қашқан ғой. Біреуі 200 метр, екіншісі 500 метрден кейін, ең ұзағы 1 шақырымға жетпей құлаған. Денсаулығы зор болса керек, арасындағы бір жас жігіт ең ұзақ барып, құлапты. Өте аянышты өлім. Ажалдан қашқан ғой», - дейді Мерей Қарт.

Осылайша, орманшылардың ажалы уланғаннан келген деген болжам бар. Алайда ресми органдар әлі де марқұмдардың денесін туыстарына бермепті. Сараптама жүргізіліп жатқанын хабарлаған. Қайтыс болғандар жер қойнына тапсырылмаған.

Қаза болған орманшы – Серікжан Тоқтасын

«Ең қиын жағдай – ұлы мен әкесінің кетіп қалғаны. Үйіне барсақ анасы жалғыз отыр. Кіріп естірттік. «Әлі келеді» деген үмітпен отырған ғой», - дейді ол.

Мерей Қарт жалпы өрттің басылғанын естігенін, әрбір жерде балапан өрттер ғана қалғанын айтады.

«Бүкіл Қарағанды, Алматы, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарынан өрт сөндірушілер келді. Әкімдіктің бәрі азық-түлікке толып тұр. Ол жағынан әңгіме жоқ. Облыс әкімімен де жолықтық. Бәріне көмек берілетінін айтып отыр. Бірақ біреудің әкесін, біреудің баласын қалай әкеп бере аласың!? Сол жағы қиын», - дейді ол.

Орманшылар өрттің ауқымын сезбей қалған ба? Бұл сұраққа келген Мерей Қарт солай болуы мүмкін екенін айтады.

«Анадай қалың өртке аз адамды жібере салуға да болмайды, сол жағы да кәдімгідей түсініксіз. Бәрі анықтала жатар. Өрт шығып жатқаннан кейін олар да қарап отыра алмайтын еді», - дейді Мерей Қарт.

Еске сала кетейік, Абай облысындағы өртпен күрес бірнеше күннен бері әлі жалғасып жатыр. Алғашында 14 адамның жоғалып кеткені жөнінде ақпарат тараған. Үш адамның көз жұмғаны белгілі болған. Кейін 11 адамның денесі табылды.

Абай ауданында өрт ошақтары азайғанын хабарлайды. Ал президент Тоқаев дәл қазір Абай облысында жүр. Бүгін ол қаза болғандардың туған-туыстарына көңіл айтып, 12 маусымды жалпыұлттық қаралы күн деп жариялады.