×
444.22
476.38
4.82
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
444.22
476.38
4.82

«Күйеуіме оқ атқан адам емін-еркін бостандықта жүр»: Шелек тұрғынының жанайқайы

02.08.2023, 10:03
Жараланып, ауруханаға түскен Ерлан Әлібай

Ulysmedia.kz порталына Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылынан Бота Мұстафа атты әйел хабарласты. Айтуынша, шамамен бір ай бұрын күйеуі Ерлан Әлібайды теміржолда бірге жұмыс істейтін қызметтесі атып кеткен. Содан бері аурухана мен полиция бөлімі арасында күні өткен Бота Мұстафа күдіктінің бостандықта жүргенін айтып, "құзырлы органдарға қанша рет шағым жазғаныммен әділдікке жете алмай жүрмін" деп қапаланады.

4 шілдеде не болды?

Бота 4 шілдеде күйеуі Ерлан әдеттегідей теміржолда кезекші қызметін атқарғанын айтады. Жұмыс нұсқаулығы бойынша пойызды жіберу кезінде вагоншы қағазға қол қоюы керек болған. Солайша пойыздардың дұрыс кетіп бара жатқанын растауы керек.

«Бірақ қызметтесі өз жұмысын істегісі келмей, қол қоюға барғанға ерініп, күйеуіме хабарласып, «ары қарай жібере салмайсың ба?» деп балағаттаған, аузына келген сөзді айтқан. Кейінірек күйеуіме сыртқа шығуды өтініп, «еркекше сөйлесейік» деп шақырып алады. Ерлан далаға шыққан. Сол кезде күдікті қолындағы пойыздың дөңгелегін тексеретін балғамен күйеуімді қорқытып, аузына келгенін айтқан», - дейді Бота.

Сол арада екі жігіт сөзге келіп қалса керек. Бота Мұстафаның сөзінше, күдікті көлігінен пистолетін алып шығып, күйеуінің басына тақап, қорқытқан көрінеді.

«Күйеуім оның қолын қағып жіберген, әлгі адам аяғынан атыпты. Атқан соң тепкілеп, оқиға орнынан қашып кеткен. Өкпеден тиген тепкіден күйеуім демала алмай, есінен танып қалған», - дейді Бота.

«Ешкімге сенбей қалдық»

Қылмыс тіркелген күні күдіктіні полиция бірден ұстай алмаған көрінеді. Ботаның сөзінше, көп өтпей ол өзі берілген адамша Шелек ішкі істер бөліміне ге келген. Бірақ Бота шын мәнінде, оны ұстап әкелгеніне сенімді.

«Оны 24 сағат изоляторда ұстады да, жібере салды. Қылмыстық іс қылмыстық кодекстің 107 бабы бойынша (ұсақ бұзақылық) қозғалыпты. Жоғары жақта таныстары бар екен, оны естіп-біліп жатырмыз. Тіпті қаруды ұстап жүргені үшін де қылмыстық кодексте жеке бап бар. Қылмыс қасақана жасалса да, ол баптарды қоспай отыр», - дейді Бота.

Ерланға алты сағаттай операция жасалған. Гемоглобині, қысымы түсіп кетіп, бір ажалдан аман қалыпты. Оқ тізедене жоғары тиіп, сүйекті үгітіп, тесіп шығып кеткен. Тамырларды үзіп кеткен. Бота Мұстафаның айтуынша, Алматыда арнайы хирург шақырылыпты.

«Ол кісі бос болмаған жағдайда күйеуімнің аяғына ампутацияға дайындаған екен. Тамырлары әрең дегенде жетті. Қазір күйеуім Алматыдағы төртінші қалалық ауруханада жатыр. Әзірге артерияларын жалғап, сүйегіне операция жасамай қойып қойған. Бес жерден темір салып қойды. Қазір ауруханада. Бүгін немесе ертең қашан ота жасайтыны белгілі болады. Адвокат жалдадық. Ол да жан-жаққа жазып жатыр. Бірақ қазір тіпті ішіп алып немесе төбелесіп ұсталғандар кемі 15 күнге абақтыға жатып шығатын еді ғой? Атқан адамды жіберіп қойғаннан кейін ешкімге де сенбейді екенсің. Адвокаттың жан-жаққа жазғанынан әзірге еш пайда болмай тұр. Бас прокуратура, облыстық прокуратураға жіберсем, олар хатымды ауданға жібереді. Ал ауданда іс тоқтап қалады. Полиция тергеушісінен сұрасақ, Алматы желілік прокуратурасына жіберіп қойдық дейді. Ешкім нақты жауап айтпайды», - дейді ол.

«Өкінгенін байқамаймыз»

Бота Мұстафа күдікті болсын, оның туыстары болсын өкінгенін байқамайтынын айтады.

«Төрт рет келді. Ота жасалған күні әке-шешесі, әйелі келіп, «алдарыңыздан өтпеді деген әңгіме болмасын, бір ашуларыңызды беріңіз, іс сотқа түссін, содан кейін өзіміз шешіп аламыз» деді. Екіншісінде әйелі мен күйеуі келіп, «қазір арыз жазсаңдар, заявчик деген атақтарыңыз шығып кетеді, отырсам, бес жыл отырып келетін шығармын, ал заявчик деген аттарың қалады» деп айтып кеткен. Үшіншісінде күйеуімді палатаға шығарған кезде тамақ әкеліп, тастап кетіп қалды, болды. Төртіншісінде, менің палатадан шығып кеткенімді пайдаланып, бес минут ішінде ағасы деп таныстырған бір еркекпен келіп, күйеуімді қорқытқаны да бар. «Қалаға сені алып кетейік, мен апарайын» деп айтқан. Күйеуім ол «көмегінен» бас тартқан. Мені де қорқытқан кезі бар. Ол жайлы арыз жаздым, бірақ әкімшілік сотта қаралады дегенімен, ол да белгісіз», - дейді Бота Мұстафа.

Іс қандай сатыда? Құзырлы органдар бұл істің мән-жайын қалай түсіндіреді? Ulysmedia.kz порталы осы іс бойынша Ішкі істер министрлігіне ресми сауал жолдады. Порталымыз істің барысын назарда ұстайды.

Серіктес жаңалықтары