ИИДМ құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Бейбіт Шаханов бұған дейін елдегі сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік 94,1 пайызды құрады деген болатын. Дегенмен бұндай көңіл көншітерлік көрсеткішке қарамастан елді мекендерде ауызсу проблемасы әлі де баршылық. Бұны бүгін комитет өкілі Шахановтың өзі де мойындады, деп хабарлайды ulysmedia.kz тілшісі.
«Ауылдарды ауызсумен қамту картасы не үшін жасалған? Өйткені бүгінгі есеп бойынша 90 пайызға жеттік, 2025 жылға дейін 100 пайыз жасаймыз деп отырмыз. Бірақ әр ауылда жергілікті проблемалар бар. Мысалы, бізде әлі күнге дейін су жетпегіндіктен бір-екі сағатқа ғана су берілетін ауылдар бар. Не болмаса, кейбір ауылда 60-70 жылдары салынған құбырлар бар. Олар тозып кеткен. Кей кезде оның ішінде сапасыз су болады. Бұл сондай мәселелерді шешу үшін, сұрақтар бізге жылдам жету үшін дайындалған карта» - деді Бейбіт Шаханов ОКҚ брифингі барысында.
Маманның айтуынша, бұл карта іске қосылған, қазір интернетте қолжетімді. Әркім кіріп, өз елді мекенінің сумен қамтылу жағдайын көре алады.