Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі ресейлік әртіс Максим Галкиннің концертінің өтпей қалуына байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Әрбір концертке осындай дау көтеріледі деп ойламаппын» деген Айбек Смадияровқа журналистер «концерттің өтпей қалуының саяси астары бар ма?» деп сұраған. Алайда Айбек Смадияров «менің ойымша, саяси астары жоқ» деп жауап берді.
Әлемжеліде тараған ақпаратқа қарағанда, Ресей тарапынан Қазақстанның ресми органдарына кейбір әртістердің концертін өткізуге тыйым салынған-мыс. Алайда бұл әңгімені Смадияров жоққа шығарады.
“Мен мұндай хаттың жолданғанын бірінші рет естіп тұрмын. Тіпті егер сол хат жолданған күннің өзінде концерттерді өткізу немесе өткізбеу мәселесі біздің мәдениет саласындағы органдарға құзырында. Халық кімді тыңдап, кімді тыңдағысы келмейтінін өзі шешеді. Өнер мен мәдениет саясаттан тыс болуы керек”, – дейді ол.
Айбек Смадияров әлеуметтік желідегі жазылғандардың ішіндегі сандырағы барын, ол жайлы пікір білдіру артық екенін айтты.
Еске салайық, бұдан бұрын ресейлік әртіс өзінің ұйымдастырушыларымен бірге бірнеше айдан бері концерттерін өткізуге рұқсат алуға тырысып жатқанын жеткізген.
«Кейбір ойдан шығарылған себептер, сахна сыртындағы тыйымдар. Билеттерді сату не тоқтайды, не тоқтамайды. Түсінемін, мен қандай да бір себептермен Қазақстан билігіне қауіп төндіретін сияқтымын, олар менің концерттерімді өткізуден сескенетін сияқты. Қазіргі уақытта менің концерттеріме тыйым салынған», - деп шағымданды Максим.
Танымал әзілкеш «Қазақстанды және оның халқын жақсы көретінін» және осы оқиғаға өкінетінін айтты.
Кейінірек Халықаралық концерттік агенттіктің басшысы Алексей Пучков Галкиннің Қазақстанға келетінін, елімізде екі концерт өткізетінін мәлімдеді.
Алайда кеше ресейлік әртістің концерттері өтеді деп жоспарланған Алматы мен Астананың концерт залдарында «сахналар мен коммуникациялардағы проблемалар» анықталғаны хабарланды. Алматыдағы сахна механиктерінің апатты жағдайын жарияласа, Астанада «коммуникацияларды жөндеу» туралы айтылды.
Айта кетсек, Максим Галкин Ресей Федерациясының басшылығын Украинаға басып кіргені үшін сынап, елден кетуге мәжбүр болған. Ресейде оған шетелдік агент мәртебесі берілді.
Бір жылдан астам уақыт бойы Галкин Израильде өнер көрсетіп, Ресей басшылығының кейбір шешімдерін келемеждеді.
Алла Пугачева күйеуінің артынан Израильге барған. Күзде ол балаларына оралды.