Бүгін Мәжіліс кулуарында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятқа вейпке салынатын тыйымға байланысты журналистерден сұрақ қарша борады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Еске сала кетейік, бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қазақстанда вейпке тыйым салынатынын хабарлаған еді. Минитср оны Қазақстанда толық тыйым салу жөніндегі депутаттардың заңға енгізіліп жатқан нормасы үкімет отырысында қаралғанын, қазір толық қолдау тауып отырғанын, денсаулық сақтау саласы да бұл норманы қолдайтынын мәлім еткен.
Бүгін журналистер Ажар Ғинияттан “егер вейпке тыйым салынса, жастардың бәрі темекі шегіп кетпей ме? Ендеше неліктен темекіге дейін тыйым салмайсыздар? Денсаулық сақтау министрлігі темекі бизнесімен айналысатын бизнесмендердің лоббиін қорғап отыр ма?» деп сұрады журналистер.
Бұл сұраққа жауап берген Ажар Ғиният темекіні де балаларға сатуға тыйым салынғанын атап өтті.
«Үлкен адамдардың аты үлкен адам. Олар шешімді өздігінен қабылдайды. Үлкендерге де біз ескерту жасап жатырмыз. Біз ТМД елдерінің ішінде бірінші болып темекі қорабының сыртына оның денсаулыққа зияны қандай екенін жазып, өкпе обырына апаратынын ескертіп қойдық. Мұның бәрі ескертетін жазбалар», – деді Ажан Ғиният.
Министр балалар көп нәрсені түсінбегендіктен, олар үшін тыйым енгізілгенін айтты.
«Вейптерге қатысты айтарым, біз жазалайтын да, бақылайтын да орган емеспіз. Кальян секілді неліктен ішінара шектеу енгізбеске дейсіздер. Шектеуге қарамастан, кейбір нормалар бізде іс жүзінде жұмыс істемейді. Ал вейптерге қатысты бүгінгі таңда ғылым мен бүкіл әлем тәжірибесі қорытынды шығарып, оны шеккен балалардың денсаулығына орасан зор зиян келетіні айтылып жатыр. Оның химиялық құрамы балалардың өкпесін құртады. Оның құрамында зерттеліп үлгермеген қаншама химиялық қоспа бар. Бүкіл ағза жүйесіне де кері әсер ететіні айтылып жатыр», - деді Ажар Ғиният.
Министр сөз соңында осы мәселе бойынша көп сұрақ қойып жатқан адамдар – әйел журналистер екенін, балаға жауапты болғандықтан, оларға да вейп қауіпті екенін ескертті.