×
443.35
475.54
4.82
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.35
475.54
4.82

Halyk балаларға: Жаңаөзенде спорт алаңы ашылды

23.10.2023, 13:25

«Халық» қайырымдылық қоры Жаңаөзенде балалар спорттық-ойын алаңдарын салып берді. Биыл жыл соңына дейін қала бойынша 20  спорттық-ойын және футбол алаңын салу көзделіп отыр. Halyk жалпы құны 415 миллион теңге болатын алаңдарды Жаңаөзен қаласының 55 жылдығына тарту еткен.  Ulysmedia.kz тілшісі алғашқы алаңның ашылуына қатысты.

Ойын, уоркоут және футбол алаңының ашылуына Halyk өкілдері мен Жаңаөзен қаласының әкімі, спорт ардагерлері және жас спортшылар қатысты. Су жаңа алаңның ашылуына жиылған халық та мұндай сыйға дән риза. Қатты қуанған тұрғындардың бірі шашуын шашып келіп, алғысын жаудырып кетті.

“Менің үйім осы алаңның тура жанында. Қатты қуанып тұрмын. Немерелерім енді заманауи әрі сапалы алаңда ойнайтын болды. Халық қорына алғысымды білдірейін деп игі іске тілекші болып келіп тұрмын”, - дейді Жаңаөзен қаласының тұрғыны Күміс Есқуатова.

Жаңа футбол алаңына жиналған балалар да қуанышты. Енді сабақтан бос уақытта телефонға телмірмей, алаңсыз спортпен шұғылданамыз деген жоспар қойыпты.

“Мен Жаңаөзендегі «Қыран» жасөспірімдер футбол командасының ойыншысымын. Мына алаңда енді достарымызбен доп қуып, жарыстарға дайындаламыз. Осындай сапалы алаң салып берген демеушілерге көп-көп рақмет!”, - деді жас спортшы Ерсұлтан Асқаров.

Қайырымдылық жоспарлары

Жаңаөзен қаласының әкімі Айбек Қосуақовтың айтуынша, тамыз айында «Халық» қайырымдылық қорымен ынтымақтастыққа қол қойылған. Қор Жаңаөзенде және оған іргелес орналасқан 4 ауылға 20 спорттық-ойын кешенін салып береді.

“Міне, соның алғашқысын қала күнінің қарсаңында табыстап жатыр. Жыл соңына дейін нысанның барлығын толық тапсырады деген келісіміміз бар. Бұдан басқа Halyk қаламыздан үлкен спорт кешенін салып бермек. Қазір жобалық-сметалық құжаты қаралып жатыр. 2024 жылы оны да қаламызға табыстағалы отыр, - дейді қала басшысы.

Айбек Қосуақов

Мұнайлы қаланың әкімі Halyk былтыр да осындай 14 спорттық-ойын нысанын сыйға тартқанын айтып отыр.

“Мұның барлығы жаңаөзендік балалардың жағдайы үшін жасалып жатыр. Сондықтан Жаңаөзен халқының атынан Halyk Bank пен «Халық» қайырымдылық қорына игі бастамасы үшін үлкен алғысымызды айтамыз”, - деді Айбек Қосуақов.

Сондай-ақ әкім Halyk бұдан басқа да әлеуметтік жобаларда белсенді екенін айтып отыр. Екі ай бұрын ғана Жаңаөзенге инватакси сыйға беріліпті.

“Мұндай сый біздің қаладағы мүмкіндігі шектеулі жандар үшін үлкен көмек болды”, - деп қосты Жаңаөзен әкімі.

Бір реттік акция емес

Бұл Halyk Bank пен «Халық» қайырымдылық қорының Маңғыстау облысындағы әлеуметтік қызмет бағыттарының бірі ғана. Тамыз айында Қор мен облыс әкімдігі бірқатар меморандумға қол қойған. Сол ынтымақтастық негізінде Жаңаөзен қаласында су тұшыту  қондырғысы мен дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысына мұрындық болғалы отыр.

“Жаңаөзен қаласының  55 жылдық мерейтойы қарсаңында бүгін заманауи спорт нысанын ашып отырмыз. Бұл алаңдар екі ай бұрын қол қойылған меморандум негізінде салынды. Бұл бір күндік іс-шара емес, қайырымдылық шараларын былтыр бастап кеткенбіз. Бұған дейін 17 ойын алаңын табыстаған едік. Халықпен кездесіп, қалаға не керек екенін анықтадық. Ұсыныстарын ескеріп, әкімдік белгілеген 20 учаскеден осындай спорттық-ойын алаңдарын салып отырмыз. Тек Жаңаөзен қаласында емес, оған жақын орналасқан ауылдарда да мұндай кешендерді салып береміз. Ал келер жылы мұнайшылар қаласына 1 млрд теңгеге үлкен дене шынықтыру-сауықтыру кешенін тұрғызамыз деген жоспар бар”, - деді «Халық» қорының басқарушы директоры Нариман Әбілшайықов.

Нариман Әбілшайықов

Сондай-ақ меморандум аясында Halyk Бейнеу астық терминалының жұмысын қалпына келтіру жобасын қаржыландырмақ. Тіпті Түпқараған ауданының Ақшұқыр ауылында бой көтеретін су тұшыту зауытының құрылысына қаражат бөлмек. Ал бұл жобаларға Halyk 3 млрд 550 млн теңге бөлуді жоспарлаған.

“Маңғыстау облысы мен Жаңаөзен қаласы үнемі біздің назарымызда. Халықтың әлеуметтік сұранысына жауап бере отырып, Маңғыстау облысында жобаларды іске асыруға бағытталған қайырымдылық көмек көлемін 6 есеге жуық, яғни 3,5 млрд теңгеге дейін ұлғайту туралы шешім қабылданды”, - деп қосты Нариман Әбілшайықов.

Айта кетсек, Halyk әлеуметтік жобаларды Жаңаөзенде ғана емес, Қазақстанның 25 қаласына іске асырып жатыр. Еліміздің түкпір-түкпірінде балалар алаңдарын, шағын футбол алаңдарын және дене мүмкіндігі шектеулі адамдарды тасымалдау үшін инватакси сыйға тартып жатыр. Бұл қайырымдылық бастамалардың құны шамамен 500 млн теңге.

2022-2023 жылдар аралығында Halyk Bank және «Халық» қайырымдылық қорының құрылтайшылары Тимур мен Динара Құлыбаевтар бүкіл ел бойынша қайырымдылық жобаларына 43 млрд теңгеден астам қаражат бөлді.

Серіктес жаңалықтары