Жапонияда өткен XX жазғы Азия ойындарында жүлде алған қазақстандық таэквондошылар елге оралды. Алматы қаласының әуежайында спортшыларды жанкүйерлер мен жақындары қарсы алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Оңай қарсылас болған жоқ»
Құрама сапында алтын медаль иеленген Тамерлан Тілеулес жарыстан кейін өзін ерекше ықыласпен қарсы алғандарға алғысын білдірді. Спортшы жарыс барысында қолдау көрсеткен Таэквондо федерациясына, отбасына және барша қазақ еліне ризашылығын жеткізді.
Оның айтуынша, Азия ойындарында оңай қарсыластар болған жоқ. Әсіресе Иран мен Корея спортшыларымен өткен жекпе-жектер қиынға соққан.
«Жарыс өте жақсы өтті, маған түскен қарсыластардың барлығы қиын болды. Әсіресе екінші және үшінші жекпе-жекте Иран мен Корея елдерінің таэквондошыларымен кездестім. Финалда Филиппин спортшысымен шығып, оны да жеңіп, жеңіске жеттік. Бұл – біз үшін тарихи нәтиже», – деді Тамерлан Тілеулес.
Спортшы енді Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатына дайындалуды жоспарлап отырғанын айтты. Оның сөзінше, қазақстандық таэквондошылар әлемдік аренада жоғары нәтиже көрсете алатынын дәлелдеген.
Қола жүлдегер Батырхан Төлеуғали де жарыс барысында оңай қарсыластар болмағанын айтты. Ол қолдау көрсеткен спорт министрлігі мен ЦСКА таэквондо басшылығына алғысын білдірді.
«Жарыс жақсы өтті, бірақ ойдағыдай болмады. Осы нәтижеге шүкір. Бірінші кезеңде Тайланд спортшысымен, екінші кезеңде Қытай таэквондошысымен кездестім. Қытайлық спортшы алдыңғы Олимпиаданың күміс жүлдегері екен. Сондықтан қиын болды», – деді Батырхан Төлеуғали.
Спортшы жартылай финалда қарсыласына тактикалық тұрғыдан жол бергенін жасырмады. Енді алдағы жарыстарға дайындық барысында әлсіз тұстарын түзеп, бұдан да жоғары нәтиже көрсетуге ниетті.

Ал виртуалды таэквондодан үшінші орын алған Рита Бакишева Тамерлан Тілеулестің алтын медалін барша қазақстандық таэквондошылар өз жетістігіндей қабылдағанын айтты.
«Азия ойындары өте жақсы өтті. Бұдан да үлкен жетістікке жетеміз деген ойда болдық. Бірақ бұйырғаны осы. Бастысы – алтынымыз бар. Өзіміз алғандай қуанып жүрміз. Барша қазақ еліне рахмет!» – деді Рита Бакишева.
Ританың айтуынша, жарысқа қатысқан спортшылардың барлығы жоғары деңгейде дайындықпен келген. Ол 49 келі салмақтағы алғашқы жекпе-жегінде Филиппин спортшысымен кездесіп, небәрі бір ұпай айырмасымен жеңілген.
«Қиындау болды. Барлығы сақадай сай дайын екен. Олармен жекпе-жек өткізу өзіме қызық болды. 49 келіде бірінші жекпе-жегімді филиппиндік қызбен өткіздім. Бір ұпай айырмасымен жеңіліп қалдым. Жеңісті күндер әлі алда деп ойлаймын», – деп қысқа қайырды Бакишева.
Азия ойындарының нәтижесі
Айта кетейік, Азия ойындары осымен үшінші рет Жапонияда өтті. Бұған дейін ел 1958 жылы Токиода және 1994 жылы Хиросимада құрлықтық доданы қабылдаған.
XX жазғы Азия ойындары 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Аити префектурасы мен Нагоя қаласында өтті. Азия құрлығындағы ең ірі спорттық додалардың біріне 45 ел мен өңірден спортшылар қатысып, 43 спорт түрінен 469 медаль жиынтығы сарапқа салынды.
Қазақстан құрамасы сапында 558 спортшы өнер көрсетті. Отандастарымыз спорттың 43 түрінің 35-інен жүлдеге таласты.
Азия ойындарының қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 84 медаль жеңіп алды. Оның 12-сі – алтын, 24-і – күміс, 48-і – қола. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан сегізінші орынға тұрақтады. Бұл – 2023 жылы Ханчжоуда өткен Азия ойындарындағы нәтижеден үш саты жоғары көрсеткіш.
Автор: Перизат Жарылқасын