×
$
453.93
€
508.72
₽
5.35
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
453.93
€
508.72
₽
5.35

Астанада үш бала қаза тапқан өрттің себебі жарты жылдан кейін белгілі болды

Бүгін, 12:50
Астанада үш бала қаза тапқан өрттің себебі жарты жылдан кейін белгілі болды
Ulysmedia.kz коллажы

Астанадағы «Көркем 3» тұрғын үй кешенінде болған қайғылы өрттен жарты жылға жуық уақыт өткен соң, Төтенше жағдайлар министрлігі оның шығу себебін жариялады. Ведомство мәліметінше, өрт балалардың отпен ойнауынан шыққан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Оқиғаның мән-жайы

Өрт 12 сәуірге қараған түні Түркістан көшесіндегі тұрғын үйдің 15-қабатында орналасқан пәтерде болған. Сол кезде үйде бір әйел мен үш бала болған. Өкінішке қарай, балалардың үшеуі де қаза тауып, анасы ауыр күйік жарақатымен аман қалған.

ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Руслан Қайрақбаев өрттің пәтер ішінен шыққанын мәлімдеді.

«Өрттің шығуына балалардың отпен ойнауы себеп болған. Өрт пәтердің ішінен басталған», – деді ол.

Оның айтуынша, бұл дерек бойынша қозғалған қылмыстық іс қылмыстық құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылған.

Сол түні не болды?

Құтқарушылар тұрғын үйден 20 адамды қауіпсіз жерге шығарған. Ал өртеніп жатқан пәтерден кәмелетке толмаған үш қыздың мәйіті табылды. Қаза тапқан балалардың жасы 2 мен 13 аралығында болған.

39 жастағы анасы пәтерден ауыр күйік жарақатымен шығарылды. Әйелдің денесінің жартысына жуығын күйік шалып, ол бір аптадан аса уақыт жансақтау бөлімінде жатқан.

Қайғылы оқиғадан кейін тұрғын үй кешенінің тұрғындары өрт дабылының жұмысына бұған дейін де шағымданғандарын айтты. Олардың сөзінше, дабыл жүйесі кейде еш себепсіз іске қосылып отырған.

Тағы бір мәселе – үйдің айналасына көліктердің ретсіз қойылуы. Өрт кезінде тұрақта тұрған көліктердің бірі құтқарушылардың жолын бөгеп қалған.

Кейін көлік жүргізушісі анықталып, оған айыппұл салынды.

Сондай-ақ, тұрғындарға мұндай жағдай қайталанбауы үшін жаңа шлагбаумдар орнатуға уәде берілген.