×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Ақтаудағы қандаланы улау оқиғасы: тағы бір бала ауруханаға түсті

27.10.2023, 11:23
Ақтаудағы қандаланы улау оқиғасы: тағы бір бала ауруханаға түсті
фото: ашық дереккөзден

Ақтауда жәндіктерді улау оқиғасы жалғасын тапты. Дезинфекциядан тағы да көршілер зардап шегіп, балалар ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Оқиға қаладағы 3а шағынауданының 25-үйінде болған еді.

"Ауруханаға бір отбасының үш баласы жеткізілді. Екеуіне дәрігерлік тексеру жүргізілгеннен кейін үйлеріне жіберілді. Бір бала ауруханаға жатқызылды. Оның жағдайы тұрақты ауыр", - деп хабарлады Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы.

Айта кетейік, өткен аптада Ақтауда 1 және 2 жасар балалар дезинфекциядан уланып көз жұмды. Қайтыс болған балалардың туысының айтуынша, төменгі қабаттағы көршісі жәндіктерден құтылу үшін пәтерін дезинфекциялаған. Бірақ бұл туралы ол ешкімге ескертпеген және өзі үйіне қонбаған.

Осы оқиғаға қатысты пікір білдірген Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова елімізде кез келген адам дезинфекция заттарын сатып алып, үйлеріне шаша алатынын айтты. Бұл мәселе заңмен реттелмеген.

«Бүгінгі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қазір біздің қолдағы мәліметтерге қарағанда, балалар дезинфекция құралдарынан уланған. Бұл - құрт-құмырсқаларға қарсы улағыш. Бірақ бұл тек алдын ала мәлімет. Дезинфекция жүргізген үй иесінің сөзіне сүйенсек, ол таблетканы сатып алған, оның бірақ атауын да білмеген. Ол таблетканы үйдің бұрыш-бұрышына шашып, үйдегілерді алып, кетіп қалған. Дезинфекция заттарынан бөлініп шыққан кезде бұл бөлінді вентиляция арқылы үстіңгі қабаттағы үйге тараған. Солайша, үстіңгі үйдегі отбасы уланған», - дейді Айжан Есмағамбетова.

Маңғыстау облыстық ПД тергеу басқармасы бастығының орынбасары Нұралин Баржықовтың айтуынша, сәбилердің өліміне жауапты әйелге қатысты екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соқтырған санитарлық ережелерді немесе гигиеналық нормаларды бұзу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.