Газа секторында Израиль шабуылдарынан құрбан болғандар саны 8 005 адамға жетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Anadolu-ның жазуынша, тоқтаусыз соққылардан 20 242 адам жараланған.
«Қаза тапқандар арасында 3342 бала мен 2062 әйел бар», - дейді Газа денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Ашраф әл-Кудра.
Оның мәліметінше, Израильдік шабуылдарынан соңғы тәулікте Палестина эксклавының тағы 302 тұрғыны қаза тапты.
Еске сала кетейік, 7 қазанда палестиналық ХАМАС қозғалысы Израильге қарсы шабуыл жасады. Газа секторынан Израильге қарай мыңдаған зымыран атылып, қарулы топтар Израиль елдімекендеріне кірді.Бұған жауап ретінде Израиль армиясы ондаған жойғыш ұшақты пайдаланып, Газа секторында Хамасқа қарсы «Темір қылыштар» операциясын бастағанын хабарлады.
Қазақстан ХАМАС-тың израильдік бейбіт тұрғындарға шабуылын және шетел азаматтарын кепілге алуын айыптады. Сондай-ақ, еліміз Израильді Газа секторында көптеген бейбіт тұрғындардың қаза болуына және азаматтық инфрақұрылымның жойылуына әкеліп соғатын пропорционалды емес күш қолданудан бас тартуға шақырды.
Сондай-ақ, Қазақстан 120 елмен бірге Таяу Шығыста тез арада атысты тоқтатуды талап ететін қарарды қолдады. Көпшілік дауыспен БҰҰ Бас ассамблеясы бір топ араб елдері ұсынған Израиль мен Хамас арасында Газа секторындағы атысты тоқтатуды талап ететін қарарды мақұлдады. Бұл қарарға 120 ел дауыс берді, Израиль мен АҚШ-ты қосқанда 14 ел қарсы болды. Тағы 45 ел, оның ішінде Украина да қалыс қалды.
Бұдан бұрын Газа секторында Қазақстан азаматы қаза тапқаны хабарланған.
16 қазандағы брифингте СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров Таяу Шығыстағы қақтығыс аймағында Қазақстанның 67 азаматы, олардың отбасы мүшелерін қосқанда 100-ден астам адам табылғанын мәлім еткен.
26 қазанда Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров Қазақстан азаматтарын Газа секторынан шығару мәселесі бойынша келіссөз жүріп жатқанын айтты. Оның сөзінше, еліміздің дипломатиялық өкілдігі Газа секторындағы қазақстандықтармен байланыста. Омаров қақтығыс аймағынан азаматтарды шығарудың жалғыз жолы бар екенін айтты – Газада және ішінара Египет аумағында орналасқан Рафах қаласы арқылы. Алайда қазір қала арқылы шетелдіктердің ешқайсысын шығарып жатқан жоқ.