×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Тартылған Каспий, қырылған итбалық: Қазақстанда ғылыми-зерттеу институты құрылады

30.10.2023, 10:22
Тартылған Каспий, қырылған итбалық: Қазақстанда ғылыми-зерттеу институты құрылады
фото: ашық дереккөзден

Каспий суының тартылуы мен итбалықтың қырылу себебін зерттейтін институт туралы Үкімет қаулысының жобасы жарияланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, құжат әлі Үкіметтің қарауында жатыр.

«Су ресурстары және ирригация министрлігі тиісті қаулының жобасын әзірледі. Институт Каспий теңізінің экологиялық және су деңгейінің төмендеу мәселесін, итбалық пен балықтардың жаппай қырылу себептерін, Каспий итбалықтарының популяциясын сақтау, ихтиофаунаны, акваториясы мен Каспий жағалауын зерттейтін болады. Сондай-ақ Каспий бойынша шекаралас мемлекеттердегі әріптестермен өзара тығыз іс-қимылды қамтамасыз ету бағытында да жұмыс жүргізеді», – делінген хабарламада.

Институт Каспий теңізі экожүйесінің барлық бағыттары бойынша объективті және тәуелсіз ақпарат жинақтайтыны айтылған. Бұл деректер мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың кешенді іс-шаралар қабылдауы үшін негіз болмақ.

«Мемлекет басшысы кешенді іс-шаралар қабылдау үшін Маңғыстау облысында Каспийді зерттеумен айналысатын мемлекеттік ғылыми институт құруды тапсырды. Институт ашу - мәселені жан-жақты зерделеуге, ауқымды міндеттерді шешуге мүмкіндік береді», - дейді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Еске салайық, бұдан бұрын Каспий теңізінің тартылуына байланысты Ақтауда жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды.

Экс-министр Сүлейменова теңіздің тартылу себебін түсіндірген.

Сондай-ақ, бұдан бұрын "Қазгидромет" мамандары 6-7 жылда Каспий теңізінің деңгейі жылына 23 см-ге төмендей беретінін ескерткен.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, Ақтау және Құрық порттарында акваториядағы тереңдікте және жақындау арнасында өткір мәселе туындай бастағанына байланысты кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тереңдету жұмыстарын жедел жүргізу қажет. Алдын-ала есептеулер бойынша тереңдету жұмыстарының құны 40,4 млрд теңгені құрайды.