×
$
460.13
532.6
5.42
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
460.13
532.6
5.42

Әр қазақстандық таза ауа жұтып, таза су ішуге құқылы – Азаматхан Әміртай

Бүгін, 09:30
Әр қазақстандық таза ауа жұтып, таза су ішуге құқылы  – Азаматхан Әміртай
Ulysmedia.kz коллажы

Таза ауа, таза су, таза жер – «Байтақ» жасылдар партиясының негізгі ұстанымы. Партия төрағасы Азаматхан Әміртайдың айтуынша, Қазақстанда экологиялық талаптарды күшейтпей, жер қойнауын пайдаланушы алпауыт компаниялардың жауапкершілігін арттырмай және халықтың денсаулығына қоршаған ортаның әсерін заң жүзінде мойындатпай, экологиялық мәселелерді шешу мүмкін емес. Ол партия Құрылтайға өтсе, Экология, Су және Жер кодекстерін қайта қарап, табиғи ресурстарды пайдалану мен одан түсетін табысты халыққа ашық етуді көздейтінін айтады. Сонымен қатар партия төрағасы «Байтақтың» үш жыл бұрынғы сайлаудан кейінгі жұмысы, биылғы науқандағы мүмкіндігі, оған жасалып жатқан қысым туралы пікірін айтып, өзінің кәсіпкерліктен саясатқа келу жолын да баяндады.

 «БАЙТАҚ» ЕЛ ҮМІТІН ҚАЛАЙ АҚТАЙДЫ?

– Азаматхан мырза, елдің түкпір-түкпірін аралап, ұзақ жолдан келіпсіздер. Халықтың көңіл-күйі қалай екен?

– Иә, біз Арал, Қазалы, Қамбаш, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Тараз, Алматы облысы, Қарағанды, Балқаш, Теміртау – елдің біраз өңірін аралап, міне, Астанаға жеттік.  Халық «Байтақ» жасылдар партиясына сеніммен қарап отыр. Осы жолы 15 мың адаммен кездесіп келіп отырмыз. Бәрі бізге сеніп, таза ауа, таза су, таза жердің маңызын түсініп отыр. Сондықтан біздің партия парламенттен орын алуы керек.

– Ел үмітін қалай ақтайсыздар?

– Бірінші, экология бойынша сапалы заңдар керек. Және сол заңдардағы талаптың бәрін іске асыруымыз керек. Әрине, үлкен олигархтар, жер қойнауын пайдаланушы алпауыт компаниялар бізге қарсы болады. Бірақ оған мойымай, күресіп, табиғатты қорғауымыз керек. Табиғатты ұрпағымызға аялап жеткізуіміз керек.

– Қазақстанда ауаның ластануынан жылына 10 мыңға жуық адам қаза болады дейсіздер. Бұл мәселені қалай шешеміз?

– Қазіргі заңнамада адамның экологияға байланысты ауруға шалдығуына диагноз беретін ешқандай нормалар жоқ. Яғни, экологиялық мәселемен ауруға шалдыққан адам қоршаған ортаны бұзып отырған компаниялардан өтемақы ала алмайды деген сөз. Сондықтан Құрылтайға барып, «қоршаған орта әсерінен туындайтын аурулар» деген терминді енгізуіміз керек. Мысалы, Жітіқара, Теміртау, Құлсары, Балқаш, Атырау өңірі бар, ондағы үлкен компаниялардың қоршаған ортаға әкеліп отырған залалы адам денсаулығына тікелей әсер етуде. Кемтар балалар көп, жаман ауруға шалдыққандар көп. Жітіқарада 80% адам жаман аурумен ауырады. Бірақ ешқайсы дәлелдей алмайды. Өйткені заңда тиісті нормалар жоқ. Қоршаған ортаның әсерінен ауруға шалдықты деп ешқандай дәрігер, ешбір емхана диагноз қоя алмайды. Сәйкесінше науқас ешкімнен өтемақы талап ете алмайды. Сондықтан біздің партия Құрылтайға барған кезде Денсаулық сақтау кодексін, Су кодексін, Экология кодексін толықтырып, өзгертулер енгізуді көздеп отыр.

ЕЛ БАЙЛЫҒЫ КІМНІҢ ҚОЛЫНДА?

– Қазақстанның жер қойнауы пайдалы қазбаға бай. Менделеев кестесіндегі элементтердің бәрі бар. Десе де әлі күнге дейін жер қойнауын кім пайдаланып жатыр, одан қандай табыс келіп жатқаны жөнінде ақпараттың бәрі ашыла бермейді. Сіздер өз бағдарламаларыңызда жер қойнауынан түсетін табыс ашық болуы керек, халыққа есеп берілуі тиіс депсіздер. Егер Құрылтайға өтсеңіздер, бұны қалай жүзеге асырасыздар? Саяси еріктеріңіз жете ме?

– Біздің Конституциямызда «Жер халыққа тиесілі. Халықтың атынан мемлекет басқара алады» деп жазылды. Енді Ата Заңда көрсетілген нормаға байланысты заңдар мен кодекстерді қабылдауымыз керек. Ең әуелі жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың қоршаған ортаға тигізіп отырған әсеріне толықтай аудит жүргізіп, арнайы реестр ашып, халыққа таныстыруымыз керек. Одан кейін сол компаниялармен экологиялық бағдарламалар жасауымыз қажет. Олар қанша жылда өздеріндегі технологияларын өзгертетінін құжат жүзінде бекітуі керек. Егер оған келіспейтін болса, заңдық нормамен елімізде жұмыс істеуге тыйым салуымыз қажет. ESG деген әлемдік стандарт бар. Бұл біз ойлап тапқан дүние емес, америкалық, еуропалық компаниялардың ойлап тапқан стратегиясы. Тек қана шетелде емес, біздің елімізде де осы талапқа сай жұмыс істеулері қажет. Біз осыны талап етеміз. Әлемдік жасылдар партиясы бізді қолдайды. Қазір әлемде экология – бірінші орында тұрған тренд. Біз жер шарын, планетамызды қорғауымыз керек. Әр кәсіпкер бай болсам дейді. Бірақ ол қоршаған ортаға зиян әкелмеуі қажет. Сондықтан мұның бәрі заң жүзінде бақылауда болуы керек.

– Сіз өз сөзіңізде президент Тоқаевтың институционалды түрде елді дамытып жатқанын айтасыз. Бірақ сөз арасында өзіңізді аяқтан шалып жатқан адамдар көп дейсіз. Мұны қалай түсінуге болады? Сонда президенттің жүргізіп отырған саясатын дискредитациялайтын тұлғалар бар ма әлі күнге дейін?

– Мемлекет деген көп топтардан тұрады ғой. Әр топтың өз мақсаты, ойы бар. Елімізде 20 млн адам тұрса, сонша ой, сонша мақсат бар деген сөз. Президент «Әділетті Қазақстан» құру реформасын іске асырып жатыр. Оның ішінде институционалды даму, яғни әр саланың кәсіби маманы өз саласында жұмыс істеу. Егер біз саяси партия болсақ, саяси партия ретінде жұмыс істеуіміз керек. Әрине, президенттің қасында әртүрлі топтар бар. Әрқайсының түрлі ойы, мақсаты бар. Мәселенің шешімін тек президент біледі. Біздің ісімізді, адалдығымызды, туралығымызды президент көріп отыр. Сондықтан тек президент саясатын қолдаймыз.

– Президент саясатын қолдау бөлек, сіздер халықтың қолдауына ие болуларыңыз керек. Қазір сіздерді нақты қанша адам қолдап отыр?

– Бізде Қазақстанның әр облыс орталығында, қалаларда филиалдарымыз бар. 180 аудандық бөлімшеміз бар. Бүгінде партиямыздың 150 мың мүшесі бар. Әрқайсының жанұясы бар. Кемінде жарты миллион адам бізге дауыс береді деп ойлаймын. Оны санап, көріп отырмыз. Ел аралап, халықпен кездесіп жатырмыз. Бос уәде емес, істей алатын уәделерімізді беріп жатырмыз. Егер осы жолы Құрылтайға барып, берген уәдемізді орындамасақ, келесі жолы парламенттен орын ала алмай қалуымыз мүмкін.

– Партияда жастардың үлесі қандай?

– «Байтақ» мүшелерінің тең жартысы – жастар. Үлкен кісілер болсын, жастар болсын, ер немесе әйел болсын – бәрі заң алдында тең. Сондықтан біз жас немесе кәрі деп бөле алмаймыз. Қазіргі жастардың экологиялық санасы жақсы. Олар қоршаған ортаны қорғау мәселесіне келгенде жұдырықтай жұмыла кетеді.

АЗАМАТХАН ӘМІРТАЙДЫҢ АРТЫНДА КІМ ТҰР?

– Азаматхан мырза, осы жолы сайлау науқанында сізді екінші мәрте көріп тұрмын. Үш жыл бұрын «Байтақ» партиясы өтпей қалғаны есімізде. Биыл белсенді қатысып жатыр екенсіздер. Көп сұхбаттар берілді, біраз жайт айтылыпты. Десе де, біз көптің көкейіндегі негізгі сұрақты қойғымыз келеді. Сіз қай жерденсіз, қайдан шыққан фигурасыз? Артыңызда кім тұр?

– Туған жерім – Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданындағы Жақсылық деген ауыл. Таза қазақи ауыл. Бала кезімде есепке жүйрік болдым. Бір күні «Ұлан» газетінде республикалық физика-математика мектебіне математикадан дарынды балалар іріктеліп жатқаны жөніндегі хабарды оқыдым да, анама барып «мен мына мектепке түсуім керек» дедім. Анам бірден қолдады. Мамырдың соңында мені қой бағуға көмектесуге тауға жіберді. 17 маусымда емтихан өтуі тиіс еді. Мені ешкім таудан алып кетпейді. Қатты уайымдай бастадым. Күреспен айналысқаным бар еді, мықтылығымды көрсетем деп балалықпен таудың басынан каналға топ етіп құладым.  Сумен жарыса ағып, ауылда бір-ақ жеттім. Қол-аяғым жара-жара. Екі-үш күннен соң оңалғаннан кейін анам Алматыға апарып, өзім көздеген мектепке емтиханға апарды. Бәрі сәтті өтіп, 8-сыныптан бастап физика-математикалық мектепте оқыдым. Басында оқу оңай болған жоқ. Сонда да берілмей оқып, республикалық, халықаралық олимпиадалардың жүлдегері болдым.

– Яғни сіз ауылдан шыққан математиксіз ғой?

– Ол мектепте вундеркинд балалар оқыды. Олардың қасында екінші, үшінші орында болдым. Бірақ мен іскер оқушы болдым. Басыма идея келсе, соны жүзеге асырмай қоймайтынмын.

– Республикалық физика-математика мектебінде Тимур Құлыбаев, Кәрім Мәсімов, Ерболат Досаевтар оқыды. Сіз олармен бірге оқыған жоқсыз ба?

– Олар бізден ертерек бітірді. Біз оларды асфальттың жігіттері дейтінбіз. Өйткені қалада туып-өскен. Менімен бірге Алмас Күнғожин оқыды. Ол да біздің партиямыздың атынан Құрылтай депутаттығына үміткер.

КӘСІПКЕ ЖОЛ ЖӘНЕ НАЗАРБАЕВТАР ӘУЛЕТІНІҢ ҚҰҚАЙЫ

– Математик бола тұра сіз экология тақырыбына қалай келдіңіз? Әлде бұл жай ғана саяси мансап жасау қадамы ма?

– Математика адамның логикасын жақсы дамытады. Физика-математика мектебін бітіргендіктен біздің логикамыз мықты болды. Әр нәрсеге прагматикалық түрде болжам жасай аламыз. Мен саясатқа қалай келдім? Мектеп бітірген соң бірген IT-компания құрдым. Өйткені энергетикалық институтта оқыдым. Екінші жылы-ақ менің компаниям Қазақстандағы ең үздік IT-компаниялардың бірі болды. Бар болғаны 23-24 жастамын. Барлық министрліктерді, әкімшіліктерде электронды құжат айналымын енгізу, ақпараттандыру жүйесімен айналыстық. Электронды үкіметтің негізін қалаған – біз. Уақыт өте келе Назарбаевтың туыстары, немерелері осы салаға қызыға бастады. IT-компания ашып, тапсырыстардың бәрін өздері ала бастады. Біз секілді мекемелерді нарықтан шығарып жіберді. Содан кейін мен телекоммуникациямен айналысып кеттім.

– Сонда олар келіп сізден компанияны сатып алайық, бізге беріңіз деді ме?

– Жоқ. «Қазақстан темір жолындағы» ақпараттандыру жүйелерін біздің компания жүргізген. Open Sources деген операциялық жүйе бар, біз сонда электронды құжат айналымын жасаймыз. Олар біздің технология жарамайтынын айтып, өз бағдарламасын енгізді.  Сөйтіп бізді шығарып тастады.

– Яғни, сіз бизнестен келген адамсыз, өз кәсібіңіз бар. Солай ғой?

– Кәсібімді тартып алды ғой. Артымнан қудалау жүрді.

– Нақты кім тартып алды?

– Генерал болды. Қайтыс болған кісі, атын атағым келмейді. ҰҚҚ-де бірінші орынбасар болды, Алматы қаласын, Жамбыл облысын басқарды. Сол кісі соңыма түсті. Мені қорғап қалған – сол кездегі президент кеңсесінің бастығы.

– Қасымбеков пе?

– Иә. 2007 жылы болған оқиға ғой. Кәсібімді қорғап қалдым. Бірақ үлкен соғыс болды. Мені аяған жоқ. Одан кейін көңілім қалды. Өз күшіңмен тырбанып кәсібіңді ашасың, дөңгелетесің, ал олар тартып ала салады. Күдерімді үзіп, шетелге кеттім. АҚШ-қа, Ұлыбританияға алып кеттім отбасымды. Бірақ апам мен жеңгем қайтыс болып, елге қайта оралу қажет болды. 2009 жылы күзде келіп, қайтадан кәсіп аштым. Электронды статистика, электронды қызмет деген жобаларды бастадым. Алайда сол кездегі байланыс және ақпарат министрі жобаларды түгел өз компаниясына алды.

– Асқар Жұмағалиев пе?

– Иә. Кәсібімді ілгері бастырмайтындарын түсінген соң қоғамдық жұмыспен айналысам, партия құрам деп шештім.

«БАЙТАҚ» ҚАЛАЙ ҚҰРЫЛДЫ?

– Партия құру үшін көп ақша керек. Ол ақшаны қайдан алдыңыз?

– Мен әр нәрсеге байыппен, есеппен қарайтын адаммын. Бір іс бастау үшін алдымен барлық мүмкіндіктерімді сараптаймын. Мүмкіндіктерімді түгендеп алған соң ғана партия құру туралы шешім қабылдадым. Бірақ ол кезде мен көпті ұйыстыруды, жұрт алдында сөйлеуді білмейтінмін. Ең бірінші 2012 жылы «Хабар» телеарнасына шығып, камера алдында сөйлеуді үйрендім. Тікелей эфирлерге шығып, өзімді дайындап, 2015 жылы дұрыс сөйлей алатын болдым.

Партия құру үшін әуелі тақырып іздедім. Партия деген ақшаға құрылатын ұйым емес.

– Бізде сондай түсінік қалыптасқан ғой. Партия ашу үшін артыңда топ, қалтаңда қомақты қаражат болуы керек деседі.

– Ақшамен құрылған партиялар ұзақ өмір сүрмейді. Ал идеология мықты болса, қолдаушылар көбейе береді. 2015 жылы біз Қазақстан экологиялық партия жоқ екенін түсіндік. Халық үшін таза су, таза ауа, таза жер маңызды емес пе? Сондықтан мен бұл тақырыпты әбден зерделедім. 2016 жылы «Байтақ болашақ» деген экологиялық қозғалыс құрдық. Қозғалысқа кімді шақырамыз деп бас қатырғанда бәрі бір ауыздан Олжас Сүлейменовті атады. Ол кісіге хабарласқанда «Экология болса, қатарларыңнан табыламын. Қолдаймын!» деді. Олжас Сүлейменов келіп, қозғалыстың алғашқы баспасөз мәслихатын өткіздік. Содан менің жұмысым басталды. Олжас Омарұлы сияқты әлемдік деңгейдегі ұлы адам бізді қолдағаннан кейін қанатымыз кең жайылып, құстай ұштық. 2019 жылдан бастап Әділет министрлігіне партия құру жөнінде арыз бердік. 2022 жылы 23 қыркүйекте құрылтай съезін өткіздік, оған 1420 адам қатысты. Партиямыз 2022 жылы 28 қарашада тіркелді. Екі айдан соң сайлау өтті.

– Қазақстанда саяси партия құрам деушілердің бәрі тіркеуден өте алмайды. Сіз партия құрдыңыз, тіркелдіңіз. Бұл іске президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауы болды ма?

– Әрине. Бұл жерде мына мәселені баса айтқан жөн. Көп адам ренжіп жүрген адамдардың ішінен саяси партия құрғысы келеді.

– Сіз де ренжіп жүрдіңіз ғой?

– Мен ешуақытта ренжімеймін. Мемлекеттік қызметте жұмыс істеп жүрген адамдар қызметінен кеткен соң мемлекетке ренжиді ғой. Ондай адамдар көп. Егер олардың басын қосып, саяси партия құрар болса, мемлекеттің ұстанымына қарсылық көрсетеді. Мемлекеттің күшін, құдіретін білесіз. Саясат деген – өте нәзік дүние. Адамдармен жұмыс істей білу керек.

Иә, біз қозғалыс құрдық, партиямызды тіркедік. Ешқандай кедергі көрген жоқпыз. Өйткені біз алғашқы қадамды жамандаудан бастаған жоқпыз.

– Сіздер үш жыл бұрынғы сайлауда парламентке өтпей қалдыңыздар. Оппозицияға айналып, билікті сынай бастай ма деп едік, сіз олай етпедіңіз. Әрі қарай жүйелі жұмыс істей бердіңіз. Бұл сабырдың артында не тұр?

– Негізі саяси өмір сүру деген – өте ұзақ стратегия. Тез бола қалатын дүние емес. Көбіне бизнестен келген адамдар қаражат салады да, тез нәтиже көргісі келеді. 2023 жылы  парламентке өткен жоқпыз. Біз 184 үміткермен қатыстық. Мәжіліске өтпесек те, мәслихаттарға өттік. Бүгінде 30 мәслихат депутатымыз бар. Олардың әр аймақта жұмыс істеп жатыр. Әсіресе, экологиялық мәселелер ушығып тұрған Қарағанды, Батыс Қазақстан, Абай, Түркістан облыстарында. Бізге бұл үлкен тәжірибе болды.

АБАЙ ЖӘНЕ «ҚҰНАНБАЙЛАР»

– 2016 жылдан бері партияны тіркеп, жүйелі жұмыс істеп жатырсыздар. «Республика» партиясының екі-ақ айда құрылып, парламенттен орын алуы әділетсіздік емес пе? Партия төрағасы «Абайды Абай еткен – Құнанбайдың малы» деп халықтың наразылығын тудырып жатыр. Осындай үрдістерді көргенде саясаткер ретінде қандай түйін жасайсыз?

– Әрине, 2023 жылы «Республика» партиясына өткен кезде менде қызғаныш болды. Қанша дегенмен бәсекелеспіз ғой. Олар бізден кейін құрылды да, бірден парламенттен орын алды. Десе де, мен мемлекеттің позициясын түсіндім. Шағын және орта кәсіпкерлік нарықтық экономикада басты рөл атқаруы тиіс. Мемлекетке көмекші болады деп жастар арасынан партия құрғызды. Бәріміз солай үміттендік. Бірақ «Республика» үмітті ақтай алмады. Ақтай алмаған себебі, шағын және орта бизнеске үлкен импульс берілді деп айта алмаймын. Керісінше, парламентке келгендер Forber-тан шықты, бәрі үлкен қызмет алып, депутаттық мандаттарын лақтырып кетті. Бірі трактор зауытының басшысы, екіншісі әкімнің орынбасары болды. Саясаткердің мақсаты – саяси алаңға шығу. Парламент – нағыз саяси алаң. Сол саяси алаңда өзінің ұстанған құндылығын іске асыруы керек.

Сонымен қатар, жақында партия төрағасының Абай жайлы айтқанын естідік. «Біз Құнанбайларды тәрбиелейміз. Құнанбайлар Абайды шығарады» деген сөзі үлкен сынға ілікті. Құнанбайдыкіндей мал кімде жоқ? Көп адамда бар. Ал Абай – әлемдегі үш ойшылдың бірі. Абай – ұлтымыздың бейнесі. Бала кезімізден оны оқып өстік. 10-сыныпта «Абай жолын» оқығанда өмірге көзқарасым өзгерді. Абайдың «Қара сөздерін» жаттап, көкейімде сауал болса, жауапты содан іздейтінмін. Балаларымды да Абайдың өсиеттерімен өсіруге тырысам. Біздің негізімізді, руханиятымызды «Республика» партиясы әлгіндей төмен түсірген кезде менде жиіркеніш пайда болды. Шын жиіркеніш. Ұлттық руханиятқа сөз келтіру саяси қызметпен айналысқан адамға кешірілмеуі керек. Өйткені ертең дәл соны басқалар қайталайды. Қаражат төледі ме екен, оларды қолдап жатқан адамдар да бар. Мен мұндайдан ұялам. Қоғам неге мұндай болып кетті?

– Халықтың наразылығын тудыруы олардың сайлаудағы нәтижесіне әсер ететін шығар деп ойлаймын. Десек те, тағы бір айтарым, шағын және орта бизнесті қолдауды саяси ұран ретінде қолдану қазір өзекті емес. Өйткені «Әділет» партиясының да шағын кәсіпті қолдайтын қанаты ашылды. Кәсіпкерлер қолдап, кіріп жатыр. Сондықтан «Республиканың» салмағы қандай болары белгісіз.

– Өте дұрыс. Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауды «Әділет» қолға алатын болса, экономиканың дамуына нақты үлес қоса алады. Қазірдің өзінде халықтың қолдауына ие болып жатыр. Соңғы дебатта  «Әділет» партиясына халық 60% дауыс берген.

Ал біз, жасылдар партиясы өз бағытымыздан жаңылмаймыз. Қоршаған ортаның тазалығы үшін күресе бермекпіз. Табиғатты ұрпағымыздан қарызға алып отырмыз. Ертең келер буынға таза күйінде табыстау үшін қазір аялап ұстауымыз қажет. Табиғатты қорғау үшін заңдық нормалар күшті болуы керек. 2015 жылы Кәсіпкерлік кодексі қабылданды. Күні кеше «Ақ жол» партиясы біз қабылдадық деп мақтанып жатыр. Олар қабылдаған жоқ, сол кездегі олигополия қабылдады.

Маңғыстау облысында былтыр экология инспекторлары Қытайдың CNPC компаниясына 32 млрд теңге айыппұл салды. Айыппұл жергілікті бюджетке түсті. Кәсіпкерлік кодексі бойынша инспекторлар тексеріс жүргізу үшін прокурордың келісімын алуы тиіс екен. Прокурор келісімін алмады деп, 32 млрд теңгені бюджеттен алып, Қытай компаниясына қайтарып берді. Бұл деген сұмдық қой.  

ШЕТЕЛДІК КОМПАНИЯЛАРДЫ НЕГЕ БАСЫНДЫРЫП ҚОЙДЫҚ?

– Шетелдік компаниялар әлемде барлық экологиялық талаптарды орындайды. Ал Қазақстанға келгенде олар қалай болса солай жұмыс істейтінін көріп отырмыз. Экологиялық кодекс бойынша 2025 жылы Қазақстандағы барлық компаниялар НДТ-ға (қолданыстағы ең озық технологиялар) көшуі керек болатын. Оның бәрін қазір қайта ауыстырып тастаған. Неге біз алпауыт компанияларға келгенде қауқарсызбыз?

– 2015 жылы қабылданған Кәсіпкерлік кодексі тосқауыл болып тұр. 2015 жылға дейін ер аралаған кезімде табиғат қорғау прокурорлары экологиялық қылмыс болған жағдайда кез келген мекемеге айыппұл салып, сот арқылы бюджетке түсіретін. Қазір олай істей алмайды. Табиғат қорғау прокуроры, экология инспекторы Астанадағы бас прокурормен келісім жасауы керек. Кодексте солай жазылған. Экологиялық саланы осылай тұсап тастаған. 2019-2020 жылы әлемдегі ең мықты экологиялық кодекс жазылды деп мақтандық. Бірақ оның бәрі фантазия болып қалды. Кәсіпкерлік кодексі күшіне енген кезде бәрі тұралады. Кәсіпкерлер жаңа технологияларды әкеліп, көміртегін азайтуға мүмкіндігіміз жоқ, зауыттар жабылады деп байбалам салды.

– Бұл манипуляция ғой. Әлемдегі барлық компаниялар фильтр қойған. Халықты көк түтінге тұншықтырмайды.

– ESG стратегиясы бүкіл әлемде жұмыс істеп тұр. Бірақ алпауыттар Қазақстанға келгенде бұл стандарттарды орындамайды. Оларға біздің ішкі заңдылықтарымыз мүмкіндік беріп  отыр. Инвесторларға мүмкіндік беру керек, кәсіпкерлерге қолдау көрсету керек деп бәріне жол ашып қойғанбыз.

– Мұның бәрінің артында жемқорлық тұрған жоқ па? Әлде жанашырлықтың жоқтығы ма?

– Кәсіпкердің бірінші мақсаты – таза пайда табу. Ал біздің заңымыздағы жеңілдіктер олардың сол мақсаттарына оңай жетуіне мүмкіндік беріп отыр. Экологиялық залал үшін айыппұл төлеу олар үшін айтарлықтай шығын. Оның орнына демеушілік жасап, телеарнаға шығып, өздерін көрсеткен тиімді. Мемлекет оларды жергілікті тұрғындарға оңалту орталықтарын, спорт нысандарын салуға міндеттеуі қажет. Өйткені зауыттан шығатын зиянды заттардың бәрі сол жердің тұрғындарының денсаулығына әсер етеді. Мұның бәрі заң жүзінде қатаң жұмыс істеуі керек. Ал біздің заңнамада тиісті нормалар жоқ. Компанияларға халықты құр сөзбен алдарқатуға мүмкіндік беріліп отыр. Қатты шулап бара жатса, мешіт салып беріп тыныштандыра қояды. Мектептердің айналасын жөндеп, бір-екі ағаш отырғызып беруі мүмкін. Көзбояушылықпен айналысады.

– Бірақ қазір халықтың көзі ашық, талапшыл.

– Дұрыс айтасыз. Байлық та – сынақ. Адам ақша табу жолына түскен кезде оның артқа жүрер жолы жоқ. Ол тек қана ақшасын көбейтуді ойлайды. Сондықтан мемлекет бәрін бақылап, жөнге салып отыруы қажет. Мемлекет әрдайым қарапайым халықтың жағында болуы керек. Кәсіпкерлер монополист болып кетсе, олигархқа айналады. Олигополия шағын және орта бизнестің дамуына әсер бермейді. Шағын кәсіпкерлік халықтың ортасынан шығатын нәрсе. Қарапайым халық әділеттікті көрсе, алға жылжуға ынтасы, еңбек етуге күш-жігері артады. Кәсібін ашып, оны там-тұмдап аяққа тұрғызады. Осылайша шағын және орта кәсіпкерлік дамиды. Әлемдік тәжірибеде солай.

АЛПАУЫТТАРМЕН ҚҰПИЯ КЕЛІСІМШАРТ

– Азаматхан мырза, сіз жақында петиция жариялаған екенсіз. Кезінде өнімді бөлісу туралы келісімдердің бәрі құпияланып кетті. Мемлекеттің ірі кен орындарынан 2 пайыз ғана пайда табуы – ақылға сыймайтын нәрсе. Осы тұрғыда қандай да бір нәтижеге жете аламыз ба?

– Әлемдегі алпауыт трансұлттық компаниялар үшінші мемлекеттермен құпия келісімшарт деп арнайы құжат жасап қойған.  Олар біз сендерге инвестиция салдық, соны қайтарғанымызша бізге тиіспеулерің керек дегенді алға тартады. Тоқсаныншы жылдары нарықтық экономикаға көшкен уақытта елдің жағдайы қиын болды. Мемлекет сондай қадамға баруы керек болды. Әлемдегі ең мықты мұнай қоймасы бар, жер асты байлығы бар  Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған кен орындарымызға үш компания келіп, құпия келісімшартқа отырған. Құпия келісімшарттың ерекшелігі не? 1990 жылдары қандай тариф көрсетілсе, бүгінгі күнге дейін сол бойынша төлеп отыр. Отыз жылда нарық талай өзгерді, қанша рет инфляция болды.

Қазақстан NCOC компаниясын экология мәселесі бойынша сотқа берді, бірақ жақында арбитраждық сотта жеңіліп қалды. Осыған байланысты «Байтақ» жасылдар партиясы петиция жариялады. Енді халықтың қолдауын сұраймыз. Үкіметке кен орындарын игеруші компаниялармен келісімшартты қайта қарауды ұсынып отырмыз.

– Бұл арқылы инвесторларды үркітіп алмаймыз ба?

– Үш компания 30 жыл ішінде шамамен 1,5 трлн доллардай қаражат тапты. Apple компаниясы 1 трлн доллар тауыпты деп таңғалып жатамыз. Ал шындығында алпауыттар біздің жерімізде де дәл сондай табыс тауып отыр. Олар 200 млрд доллар салған болса, оны әлдеқашан ақтап, үстінен қомақты пайда тапты. Енді заман өзгерді, әлемдік талаптар өзгерді. Қазақстан келісімшартты қайта қарауы қажет.

Осыдан бір жыл бұрын біз арнайы деректі фильм түсіріп, осы мәселені көтердік. Одан кейін біз компания басшыларын Мәжіліске апардық. Бірақ депутаттар дайындалмағаны соншалық, сұрақтарды дұрыс қоя алмады. NCOC басшысы сонда бір-ақ сөз айтты. «Құрметті депутаттар, біз Қазақстан заңнамасы бойынша жұмыс істеп отырмыз. Заңдарды қабылдайтын сіздер ғой» деді. Олардың заңгерлері мықты, заңнан аттамайды. Сондықтан біздің жасылдар партиясы парламентте болуы тиіс. Біз Экологиялық кодексті, Су және Жер кодекстерін қайта қарап, толықтырулар мен өзгертулер енгізуіміз керек.

– Ертең сіздер олигархтарға сатылып кетпейсіздер ме?

– Қазақстанда ондай жағдайлар болды. Кезінде құрылған партиялар сатылып кетті. Сатқан адамдар әлі күнге дейін қарабет болып жүр. Бұл біздің жолымыз емес. Оның үстіне, партия құруға бізге мемлекет мүмкіндік берді. Біз мемлекетті алдай алмаймыз. Сондықтан бар күшімізді салып, партиямыздың күшеюіне жұмыс істейміз.

ДЕМОГРАФИЯНЫ ҚАЛАЙ КӨТЕРЕМІЗ?

– Сіздер өз бағдарламаларыңызда жұмыс жасаған-жасамағанына қарамастан аналарға бірдей төлем төленуі керек депсіздер. Бұл бюджетке ауыртпалық түсірмей ма?

– Қазір осынау кең-байтақ жерде 20 млн халық тұрамыз. Азғантай ғана халықпыз. Мемлекетіміз қарыштап дамуы үшін санымыз 40 миллионға жетуі қажет. Бізге агрессивті демографиялық саясат керек. Балаларды көбейтетін кім? Аналар. Олардан қаражатты аямасақ, 40 миллионға тез жетеміз. Ол қаражат бізге қайтады. Жұмыс істемейтін зауыттарға ақша құйғанша, көпбалалы аналарымызға жағдай жасасақ, даму болады.

– Бұл популизм емес пе?

– Жоқ, популизм емес. Еліміз ұлан-ғайыр аумаққа ие. Оны қорғауымыз керек. Біз қашанғы көршілес елдердің артынан жүріп отырамыз? Өз жолымызбен жүретін мықты ел болуымыз қажет.

ЭКОНОМИКАНЫҢ ЕҢ ӘДІЛЕТСІЗ ТҰСЫ

– Әділетті экономика туралы көп айтамыз. Қазіргі экономикамыздың ең әділетсіз тұсы қайсы?

– Мемлекеттің қолдауын, яғни субсидиялар мен жеңілдетілген несиелерді қуатты олигархтар ғана ала алады. Қарапайым адамдарға қолжетімділік жоқ. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытамыз десек, арзан несие беруді, ауыл шаруашылығына субсидия беруді қолжетімді етуіміз керек.

– Иә, ауыл жастарын тыңдасаң, шағын кәсіп ашайын десек, несие сомасына кепіл ретінде қоятын мүлкіміз жоқ дейді.

– Үлкен фермерлер несиені ешқандай кепілсіз-ақ ала береді. Ал қарапайым халықтан кепіл сұрайды. Екінші дәрежелі банктер арқылы 10 млн теңгенің үйін кепілге қоятын болса, 5 млн теңге ғана ала алады. Яғни, банк өз мүддесін ғана ойлап, жас кәсіпкердің алға жылжуына мүмкіндік бермей отыр. Бұл әділетсіздік.

Тағы бір айтарым, мемлекеттік қызмет туралы заңды қайта қарау қажет. Мемлекеттік қызметке аудан, ауыл әкімдері де кіреді. Мемлекеттік қызмет туралы заң ауыл әкімдерін жұмыс істеткізбей отыр. Бәрін бюрократ етіп тастаған. Ауыл әкімдері шаруашылықпен айналысуы қажет. Ол ауылда тұратын 2 мың адамды белсенді жұмыс істетіп, шағын кәсіпкерлердің көбеюіне, бюджетке түсетін салықтың артуына ықпал етуі керек. Содан кейін ауыл әкімдеріне бюджет берілмейді. Бәрін ауданға, облысқа беріп қояды. Ауыл әкімдеріне кеңірек мүмкіндік беру қажет. Олар бір корпорация, холдингтің президенті сияқты болуы тиіс. Өз ауылын байытып, миллионерлерді көбейтуге мүмкіндіктері жетеді. Мыңдаған гектар жерлері бар.

– Сұрасаң, жер жоқ дейді. Бәрі жекенің қолында.

– Иә, жерді үлестіріп тастаған. Бірақ ауыл әкімдеріне құзырет берсе, ол жер иелерін шақырып алып, жұмыс істеткіз немесе салығын төле деп кесіп айтар еді. Әкімнің қазір ешқандай құзыреті жоқ.

СУ ТАПШЫЛЫҒЫ ҺӘМ ГЕОСАЯСАТ

– Ауыл әкімдерін былай қойғанда, Экология министрлігінің өзі көп нәрсені шеше алмай отыр. Неге бұл ведомство азусыз болып қалды?

– Біріншіден, 2020 жылы қабылданған Экологиялық кодексті жұмыс істеткізбеді. Кәсіпкерлік кодексіне кедергі келтіреді деп бұғаттап тастады. Кәсіпкерлік кодексінің алдында үлкен олигархтар тұр. Экология министрлігін басып тастағаны рас. Оны күшейту үшін жасылдар партиясы Құрылтайға өтіп, тиісті заңдарды күшейтуі керек. Жер, Су кодекстері. Экологиялық кодекс басқа кодекстерден басымырақ болуы қажет. Өйткені қоршаған орта тазалығы адам денсаулығына тікелей байланысты.

Мысалы, былтыр Мәжілісте Ауыл шаруашылығы комитеті Су кодексін қарады. Ауыл шаруашылығы комитеті – суды тұтынушы. Олар суға тұтас экожүйе ретінде қарамайды. Суды тек ішетін, мал суаратын ресурс деп қарайтын болсақ, Балқашымыз, Ертісіміз, Каспиіміз не болады? Ол тұтас экожүйе ғой. Неліктен сол кезде экологиялық комитет Мәжілісте Су кодексін қарамады? Бұл үлкен қателік.

Су тапшылығын тартып отырмыз. Жер беті суларымыздың 80 пайызы жақын шетелдерден келеді. Сол арқылы өзен-көлдеріміз толып отыр. Су кодексі ұлттық деңгейде ғана емес, әлемдік дәрежеде, геосаясатта орны болатын құжат болуы қажет. Егер біздің партия парламентке баратын болса,  ең әуелі осы мәселені қолға алар едік.

– Трансшекаралық өзендер мәселесін әлемдік дәрежеде көтереміз дейсіздер? Мұны қалай істемексіздер?

– Трансшекаралық суларымыз геосаясатты қажет етеді. БҰҰ-ның экологиялық дамуы бағыты бар. Еуропалық елдердің де су мәселесін шешуге бағытталған түрлі бағдарламалары бар. ТМД елдерінің, Орта Азия елдерінің де өз бағдарламалары бекітілген. Біз ратификацияланған келісімдердің іске асуын өзіміздің Су кодексімізге енгізуіміз керек. Шығындалған судың әр тамшысына мекемелер төлеуі қажет.

– Замандастарыма болашақта су үшін соғыс, күрес болады десем, күледі.  Ғаламдық жылыну, су тапшылығының артуы қазірдің өзінде алдымыздан  бетпе-бет келіп тұрған мәселе. Мұны халыққа қалай жеткіземіз?

– Құрылтай – заң шығарушы билік. Заң шығарып қана қоймай, бюджетті қадағалайды. Сондықтан егер біздің партия Құрылтайға барса, әрбір азаматтың таза жерде өмір сүріп, таза су ішуі үшін жұмыс істейміз. Қазақстан халқының 40 пайыздан астамы ауылдарда өмір сүреді. Ауылдарды аралағанда тұрғындардың көбі арықтың суын ішіп отырғанын көрдік. Ол адам денсаулығына өте зиян. Түрлі жаман ауруға шалдығуы мүмкін. Таза ауыз суды ауылдарға жеткізуіміз қажет. Сондай-ақ, Ертіс, Сырдария, Жайық өзендерін қайтадан қалпына келтіруіміз керек. Бұл біздің әр қазақстандыққа берген уәдеміз. Соны орындауға ниеттіміз. Әрбір қазақстанық таза ауа жұтып, таза жерде өмір сүруге, таза су ішуге құқылы. Сол құқықты біз парламентте отырып заңды түрде бекітуіміз қажет.

КӨШЕДЕГІ КӨЛІКТІ ҚАЛАЙ АЗАЙТАМЫЗ?

– Соңғы жылдары Алматыда ауаның ластану деңгейі күрт өсті. Сіздер халықты жаппай қоғамдық көліктерге отырғызу керек дейсіздер. Бұл популистік ұсыныс емес пе?

– Адамдар неге автокөлікке отырады? Өйткені қоғамдық көлік жүйесі дұрыс жұмыс істемейді. Егер LRT, метро, автобустар уақтылы жүрсе, сапалы қызмет көрсетсе халықтың көбі қоғамдық көлікке отырады. Өйткені қазір қалада автотұрақ аз. Жанармай да арзан емес. Қоғамдық көліктерді дамыту арқылы ғана көшелерде автокөліктер санын азайта аламыз. АҚШ-та, Англияда да қоғамдық көлікпен жаппай қатынау әдетке айналған. Бізде неліктен қоғамдық көлікті дамыту саясаты жергілікті жерлерде қолға алынбай жатқаны түсініксіз.

– Лоббистер болуы мүмкін. Соңғы уақытта экологиялық туризмді дамытамыз деп ұлттық парктердің жерін бизнеске беріп жатыр. Бұл мәселеге көзқарасыңыз қандай?

– Бұған түбегейлі қарсымыз. Қазір ұлттық парктердегі үлкен құрылыс жүріп жатқан жерлерді бизнес өкілдеріне беріп жатыр. Біз экология министріне, үкімет басшысына хат жолдадық. Біз әлі парламентке барған жоқпыз. Заң шығарушы биліктің ұшы тиген жоқ. Тисе, бағдарламамызда көзделген тиісті қадамдарды іске асыруға кірісеміз.

СУПЕРПРЕЗИДЕНТТІК ЖҮЙЕ ЖӘНЕ КҮШТІ ПРЕЗИДЕНТ

– Президент өз сөзінде «Күшті президент – ықпалды парламент – есеп беретін үкімет» қағидасы жайлы айтты. Сіз үшін ықпалды парламент деген не?

– Биліктің үш тармағы бар деп жүрміз: күшті президент – ықпалды парламент – есеп беретін үкімет. Одан бөлек, бізде сот билігі бар емес пе? Негізі біз президенттік мемлекетпіз. Министрлердің бәрі президентке ғана бағынуы керек. Премьер-министр президенттің күшін әлсіретіп отыр. Сондықтан мен үкіметті билік қатарына қоспау керек деп есептеймін. Күшті президент, ықпалды парламент және әділ сот – міне осы үш тармақ болса жеткілікті. Осы үшеуі жүйелі жұмыс істегенде ғана мемлекетіміз даму жолына түседі.

Назарбаев басқарған кезде суперпрезиденттік жүйе болды. Ол жүйе заң шығарушы билікті негізгі билік партиясы арқылы бақылады. Президент сол партияның төрағасы болды. Екіншіден, сот жүйесінде Конституциялық сот болған жоқ. Президент қалған екі билікті бақылауда ұстады. Ал қазір бізде Конституциялық сот бар. Сол арқылы сот жүйесі тәуелсіздік алды. Сонымен қатар президент билік партиясынан шығып кетті. Партиялар парламентті өздері құрады. Күшті президенттің суперпрезиденттен айырмашылығы осы. Биліктің әр тармағы өз жұмысымен айналысуы керек. Алдағы Құрылтай сайлауы президенттің «Әділетті Қазақстан» саяси реформасының нүктесі болады деп сенемін.

– Әділетті Қазақстанның Құрылтайы, үкіметі мықты саясаткерлерден, білімді, мемлекетшіл азаматтардан құралуы керек деп ойлаймын. Бірақ әлі күнге дейін билікте мұндай сипаттамаларға сай келмейтін адамдар аз емес. Мұның себебі неде?

– 1990 жылдары біз жабайы нарықтық экономикаға бет бұрдық. Не істесең де байы деген ұстаным болды. Баю үшін университет тәмамдаудың, көп кітап оқудың қажеті жоқ. Тапқыр болсаң, еңбек етсең жеткілікті. 30 жыл ішінде феодал байлар пайда болды да, олар ақшаларының күшімен өздерін саясатта сынап көргісі келді. Бірі министр, екіншісі депутат болды. Аға-көке арқылы өсті.

Қазіргі президентіміздің мәдениеті және білімімен мақтанамыз. Шетелдегі қауым бізді басшымыз арқылы танитынын ескерсек, қазақты интеллектуал, мәдениеті жоғары ұлт деп таниды деп білем. Бұрын «аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесін» деп бай-қуаттыларды төрге шығаратын. Соның зардабын тарттық. Бірінші орында идеология, ұлттық құндылықтар тұруы керек. Мемлекетте үлкен өзгерістер болып жатқаны рас. Ауыл-аймақтарға барып, оң өзгерістерді көзбен көріп жүрміз. Бірақ біз қарқынымызды арттыра түсуіміз керек. Экономикамыз өте қарапайым экономика. Мұнайға иек артқан елміз. Бізде тұтынушылық көп. Кірісіміздің 80 пайызы –  мұнай мен шикізаттың үлесі.  Қалған 20 пайызды жаратып отырмыз.

Екіншіден, мемлекет қолға алған жасанды интеллектіні дамыту бағытын қолдаймын. Бірақ жасанды интеллекті қарыштап дамыған елге айналу үшін көп қаржы керек. Мұнайға қанша ақша салсақ, бұл салаға да сонша инвестиция керек. Кейін он есе, жиырма есе болып қайтады.

Үшінші бағыт – жасыл экономика. Кең байтақ жеріміз бар. Даламызды жасылдандырып, көп оттегі өндіріп, оны әлемдік нарыққа шығарсақ, қаншама пайда түсер еді.

 «БАЙТАҚПЕН» ТЕКЕТІРЕСІП ЖҮРГЕН КІМДЕР?

– Экология деп жүріп алпауыт компаниялармен жиі тайталасасыз. Олардың құрығы ұзын, сайлауда партияның жолын бөгейді деп қорықпайсыз ба?

–  Саяси партия құру оңай іс емес. Қоршаған орта тазалығын басты ұстаным етіп көтергендіктен, жер қойнауын пайдаланатын компаниялармен арамызда үлкен текетірес бар. Партиямыз әзір парламентте болмағандықтан олар мені жай ғана партия төрағасы ретінде көріп, орнымнан тайдыруға барынша күш салып жатыр. Мемлекеттік қызметтегі адамдар арқылы маған қарсы жұмыс істейді. Бәрін көріп, біліп отырмыз.

Үш жылда біз 600-ге жуық қоғамдық тыңдауға қатыстық. Оның 30 пайызын тоқтатып тастадық. Олардың арасында «Теңізшевройл», «Қазцинк», «Қазақмыс», NCOC cекілді алпауыттар бар. Олардың бәрі маған қарсы жұмыс істейді. Бірақ барлық нәрсеге дәйек керек. Партия төрағасы тиісу – тұтас партия идеологиясына тиісу деген сөз. Мен біреуге ұнамасам, біздің партияны ұнатпайды деген сөз. Мен әрі қарай да «Байтақты» басқара беремін. Партияны Құрылтайға кіргізем. Еліміздегі екі мықты партияның бірі болуға бар күшімді салам. Оған мені жетелеп келе жатқан құдіретті күштер бар.

– Ол қандай күштер?

– Табиғат деген құдіретті күш емес пе. Әрине, арамзалар көп. Аяқтан шалғысы келеді. Түрлі интригалар жасайды. Баса айтқым келетіні, біз мемлекет қаржыландырмайтын жалғыз партиямыз.

– Сіздер қаражатты қайдан алып отырсыздар?

– Мүшелердің жарнасы және қолдау көрсеткісі келетін азаматтардың қаржылай демеушілігі арқылы  жұмыс істеп отырмыз. Әрине, қаражаттың біраз бөлігін өз қалтамнан шығарып отырамын. Десе де, партияның айналасында көмек көрсететін жақсы азаматтар көбейіп келеді. Бірақ олар олигархтар емес, шағын және орта кәсіпкерлер.

Әзірге олигополияның және мемлекеттік қызметтің бір топтары маған қарсы жұмыс істеп жатыр. Менен партияны тартып алғысы келеді. Қалай тартып алады? Мен бұл партияны өзім құрдым, «Байтақтың» айналасындағылардың бәрі менімен байналысты адамдар.

– Дебат қорытындысы бойынша жинаған дауыстарыңыз бұрмаланып көрсетілгенін айттыңыз. Негізі қанша дауыс жинаған едіңіздер?

– Үшінші дебатқа қатысқан кезде бізге 4200 адам дауыс бергенін айтты. Орталық сайлау комиссиясына біздің аппарат жетекшіміз хат жіберді. Бізге дауыс берген 36 мың адамның скриншоты бар. Неліктен оны есепке алмағаны түсініксіз. Біздің IT-мамандарымыз мықты, өзім де осы саланың маманымын. Ақпараттық қауіпсіздікке жауапты мемлекеттік техникалық қызметті құрушылардың бірімін. Ол жердегі жұмысты жақсы білемін. Сондықтан телеарналар бізге объективті ақпарат беруі керек. Бірінші дебатта 2,1 пайыз, екінші дебатта 1,5 пайыз дауыс берді деген ақпарат таратты. Телеарналар біздің абыройымызға нұқсан келтіріп отыр.

– Бірақ қазір ешкім теледидар көрмейді ғой. Жұрттың бәрі әлеуметтік желіде отырады.

– Иә, жақында ауылдарды аралағанда бұған көзім жетті. Телеарнада өткен дебатты кім көргенін сұрағанымда 150 адамның ішінде 5-6 адам ғана қол көтерді. Яғни, ауыл халқының өзі теледидар көрмейді деген сөз. Десе де, телеарналардың субъективті ақпараты президенттің біз туралы пікіріне кері әсер етуі мүмкін. Біздің әлсіз партия деп ойлауы мүмкін. Біз қалай әлсіз партия боламыз? Қазақстанның барлық түкпірінде жүрміз.

– Тоқтаусыз күрестен шаршамайсыз ба?

– Шаршамаймыз. Бұл – менің жолым. Әділдік үшін күрескенде рахаттанам. Менің миссиям осы шығар.

Сұхбаттың толық нұсқасын Ulysmedia You-Tube арнасынан көруге болады.