×
444.14
477.05
4.85
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
444.14
477.05
4.85

Астанаға кірер жолдарға блокпосттар орнатылды

31.10.2023, 08:35
көрнекі фото

Астана полициясының жеке құрамы күшейтілген қызмет нұсқасына көшті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, сақшыларға алдағы уақытта шет мемлекеттер басшыларының қатысуымен өтетін ірі қоғамдық-саяси іс-шаралардың өткізілуіне байланысты құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қорғаудың тиісті деңгейін қамтамасыз ету міндеті жүктелген.

“Бүгіннен, яғни 31 қазан сағат 08.00-ден бастап қаланың периметрі бойынша Қарағанды, Қосшы, Көкшетау, Павлодар қалаларының, сонымен қатар Қорғалжын, Астраханка кенттерінен, халықаралық әуежайдан қалаға келетін жолдарға 7 блокпост қойылды. Бұл шара азаматтардың құжаттарын, сондай-ақ автокөліктерде тыйым салынған заттардың бар-жоғын тексеруге бағытталады. Қала тұрғындары мен қонақтарынан аталған іс-шара мен келтірілген қолайсыздықтарға түсіністік танытуларыңыз сұралады”, – делінген хабарламада.

Еске салайық, өткен аптада Қазақстанға қараша айының басында бірнеше елдің көшбасшылары келетіні белгілі болды.

1 қарашада Франция президенті Эммануэль Макронның ресми сапары күтілуде. Ол Қазақстанға Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен келмек.

2 қарашада Қазақстанға Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан келеді.

3 қарашада Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық X саммиті өтеді. Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан көшбасшылары мен бақылаушы мемлекеттер басшылары (Венгрия және Түрікменстан) қатысады деп жоспарланған.

Сондай-ақ, қыркүйек айында Қазақстан СІМ басшысы елімізге Түркия президенті Ердоғанның келетінін растаған.

Мұрат Нұртілеу Түркия Қазақстанның төртінші ірі сауда серіктесі екенін атап өтті. Өткен жылы екі елдің тауар айналымы 6,3 млрд долларға жетті. Ал биылғы  жылдың жеті айында бұл көрсеткіш 3,6 млрд долларды құрады. Қазақстанда түрік капиталы бар 4300 компания жемісті жұмыс істейді.

Серіктес жаңалықтары