×
$
453.87
€
508.33
₽
5.65
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
453.87
€
508.33
₽
5.65

«14 жастағы қызды тым ашық бейнелеген»: Астанадағы танымал мүсін жұрттың сынына қалды

Бүгін, 14:59
«14 жастағы қызды тым ашық бейнелеген»: Астанадағы танымал мүсін жұрттың сынына қалды
Ulysmedia.kz коллажы

Астанадағы саябақтардың бірінде орнатылған ғашықтар мүсіні әлеуметтік желіде тағы да қызу талқыланып жатыр. Желі қолданушылары қазақ аңызындағы Баян сұлуға ұқсатылатын қыздың бейнесіне наразылық білдірді. Жазба авторының пікірінше, мүсіндегі қыздың киімі тым ашық әрі кейіпкердің жасына сай келмейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Талқыға «Хан Шатыр» сауда орталығына жақын орналасқан Ғашықтар саябағындағы «Бақытым менің» қола мүсіні себеп болды.

Әлеуметтік желі қолданушылары мүсіндегі қыздың киіміне назар аударған. Жазба авторы мүсіншіні қыздың дене бітімін айқындайтын, ішін ашық қалдыратын киіммен бейнелегені үшін сынға алды.

– 14 жастағы қызды сексуалдық сипатта бейнелеу дұрыс емес. Неліктен оған сол замандағы қазақ қыздары киген дәстүрлі киім кигізбегені түсініксіз. Ал мүсіншінің оны неге осыншалық ашық бейнелегені тіпті түсініксіз, – делінген жазбада.

Жазба авторының пікірінше, мұндай бейне Баян сұлу туралы тарихи және мәдени түсініктерге сай келмейді.

– Бұл – әйел бейнесін әдейі сексуал сипатта көрсету. Мұны анатомиялық, биологиялық, тарихи және мәдени тұрғыдан да дұрыс деп айта алмаймыз, – деп наразылық білдірді желі қолданушысы.

Мүсін туралы не белгілі?

«Бақытым менің» мүсіні 2005 жылғы 10 маусымда ашылған. Оның авторы – қазақстандық мүсінші Ерболат Төлепбай.

Мүсінде бір-біріне ғашық жігіт пен қыз бейнеленген. Жігіт қызды белінен құшақтап тұр, ал қыз оған қарай бұрылған.

Көпшілік бұл туындыны Қозы Көрпеш пен Баян сұлу туралы аңызбен байланыстырады.

Алайда мүсінші бұған дейін туындысында аңыздағы немесе тарихтағы белгілі бір кейіпкерді емес, қазіргі заманның қызын бейнелегенін түсіндірген.

Мүсін бұған дейін де дау тудырған

Мүсіндегі қыздың сырт келбеті алғаш рет сынға ұшырап отырған жоқ.

2016 жылы да Астана тұрғындары қыздың тым ашық бейнеленгенін айтып, пікірталасқа түскен. Сол кезде қала тұрғындарының бірі оның киімін орынсыз деп санап, мүсінді орамалмен жауып қойған.

Сынға жауап берген Ерболат Төлепбай туындының қазіргі заман қызының көркем бейнесі екенін, оны барлық қазақ қызының жиынтық бейнесі деп қабылдауға болмайтынын айтқан.

Мүсіншінің түсіндіруінше, туындыдағы әрбір бөлшек ғашықтардың сұлулығы мен бір-біріне деген сезімін жеткізу үшін жасалған.