×
451.31
487.32
4.9
#2023жылқорытынды #қаңтар қақтығысы #сайлау #Украинадағы соғыс #Палестина #жемқорлық #тағайындау
451.31
487.32
4.9

Депутат Тұрлыхановтың бауыры әйелін соққыға жығып, істі болды

31.10.2023, 19:01
Коллаж: Ulysmedia.kz

Алматының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында тараптардың татуласуына байланысты ұрып-соғу туралы істі қарау тоқтатылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Депутат Дәулет Тұрлыхановтың Рахат есімді інісі әйелін ұрғаны туралы ақпарат пайда болды. Оқиға қазан айында болған, іске полиция араласып, іс сотқа жеткенімен, кінәлі жазаланбады.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылғаны хабарланды.

"Сот ағымдағы жылдың қазан айында Тұрлыханов үйінде болған кезде жанжал шығарғанын анықтады, ол әйелін ұрып-соғып, физикалық ауыртпалық тудырды. Сот отырысында ол кінәсін мойындады, жасаған ісіне өкініш білдірді. Жұбайы іс материалдарында баяндалған фактілерді растады, соттан татуласуға байланысты іс жүргізуді тоқтатуды сұрады", - делінген сот хабарламасында.

Сот оған қатысты іс жүргізуді тоқтату және әкімшілік жауапкершіліктен босату туралы шешім қабылдады.

Рахат Тұрлыханов деген кім

Рахат Тұрлыханов – қазақстандық орындаушы, продюсер. 2011 жылы Қазақстанда таланттар өте көп екенін айтып, өзінің продюсерлік орталығын ашпақ ниетін мәлімдеген.

Тұрлыханов бұған дейін Лондондағы дипмиссияның үшінші хатшысы болып жұмыс істеген. Алайда 2011 жылдың наурызында жұмыстан шығарылды. Тұрлыханов жол қозғалысы ережелерін бұзғаны және автокөлікті дұрыс қоймағаны үшін айыппұлдар саны бойынша қазақстандық дипломаттар арасында “рекорд” орнатқан.

Даудан көз ашпайтын Тұрлыхановтар отбасы

Бұдан бұрын Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болаттың ісі қоғамда резонанс тудырған. Ақпан айында заңгер Анна Димитриевич күйеуі Олег Чернов екеуін депутаттың ұлы соққыға жыққанын мәлімдеді. Көп ұзамай оның үстінен ҚР ҚК-нің 293-бабы “Бұзақылық” бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Шілдеде заңгер Анна Чернова Нұрасыл Болаттың әскери бөлімнен қашып кеткенін хабарлады.

Қорғаныс министрлігі бұл ақпаратты растап, қатардағы жауынгердің мерзімді әскери борышын өтеп жатқан жері – Қонаев гарнизонының әскери бөлімдерінің бірінен қашқанын мәлім етті.

4 шілдеде ведомство Нұрасыл Болаттың ұсталғанын хабарлады.

9 қазанда Алматының әскери сотында Дәулет Тұрлыхановтың ұлына үкім шықты. Сот үкімімен айыпталушыға 500 АЕК – 1 725 000 теңге айыппұл түрінде жаза тағайындады. Сондай-ақ, ол зардап шеккендерге 1 000 000 теңге материалдық және моральдық залалды өтеуге тиіс.

Ұлына шыққан үкім күшіне енгеннен кейін депутаттық мандатын тапсыру жайлы сұраққа жауап берген Тұрлыханов “Мені халқым жақсы көреді” деген еді.

 

Серіктес жаңалықтары