Алматыда жүк көлігі жүргізушілерін ереуілге шақырған 41 жастағы ер адам 15 тәулікке қамалды. Ол бейнеүндеу жариялап, қала жолдарында ауыр жүк көліктеріне қойылған салмақ шектеулеріне наразылық ретінде жүргізушілерді жұмысты тоқтатуға үндеген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Әлеуметтік желіде ер адамның жүк көлігі жүргізушілерін 1 қарашада ереуілге шығуға шақырған видеосы тарады.
Оның айтуынша, Алматы күн сайын кеңейіп, қалада құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Ал құрылыс материалдарын тасымалдау үшін ауыр жүк көліктері қажет. Алайда жүк көліктерінің салмағына қойылған қазіргі шектеулер жүргізушілердің жұмысына кедергі келтіріп жатыр.
Осыған байланысты ол жүргізушілерге жұмысты бір мезгілде тоқтатып, биліктің назарын мәселеге аударуды ұсынған.
Полицейлер бейнеүндеу авторының кім екенін анықтады. Ол – А. Б. есімді 41 жастағы ер адам.
31 қазанда оны Алматы қаласы Түрксіб аудандық полиция басқармасына жеткізді.
Полиция департаментінің мәліметінше, ер адам билікпен келісілмеген жаппай наразылық шарасын өткізуге шақырған.
– Әлеуметтік желілерде ер адамның ауыр жүк көлігі жүргізушілерін жаппай наразылық акциясына қатысуға шақырған бейнеүндеуі анықталды, – деп хабарлады ведомство.
Істі Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады.
Сот ер адамды кінәлі деп танып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды.