×
441.66
475.14
4.86
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
441.66
475.14
4.86

Қазақстан Газа секторына 1 млн доллар гуманитарлық көмек бөледі

03.11.2023, 12:47
nbcnews.com

Бұл туралы Астанада өтіп жатқан ТМҰ 10-шы саммитінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Медиацияның рөлін арттыру – өзекті мәселе. Қазір айналамызда күрделі ахуал қалыптасып отыр. Солтүстікте Ресей мен Украина, Таяу Шығыста Израиль мен Палестина арасында қанды қақтығыс болып жатыр. Ауғанстанның жағдайы да тұрақсыз. Батыста заңсыз көші-қон мәселесі ушығып тұр. Бүгінде Газа Секторындағы бейбіт тұрғындар, әсіресе, балалар және қарттар жанжал азабын шегуде. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндет. Осы орайда, Қазақстаннан Палестина халқына 1 миллион доллар көлемінде гуманитарлық көмек беру туралы шешім қабылдадым», – деді Тоқаев.

Президент ондаған жыл бойы шешімін таппаған өзекті мәселелерді зорлық-зомбылық көрсету және лаңкестік әдістер арқылы шешу мүлдем дұрыс еместігін айтты.

«Қазақстан мұндай тәсілдерді қатаң айыптайды. Ахуал ушығып кетсе, оның салдары тіпті ауыр болуы мүмкін. Бұл ретте кез-келген жанжалды бейбіт келіс-сөз және дипломатиялық диалог арқылы ғана шешуге шақырамыз. Біз үшін әр елдің аумақтық тұтастығын сақтау және оның ішкі ісіне қол сұқпау – басты басымдық. Халықаралық құқық нормаларын сақтай отырып, Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларын мүлтіксіз орындау маңызды», – деді мемлекет басшысы.

Еске сала кетейік, 7 қазанда палестиналық ХАМАС қозғалысы Израильге қарсы шабуыл жасады. Газа секторынан Израильге қарай мыңдаған зымыран атылып, қарулы топтар Израиль елдімекендеріне кірді. Бұған жауап ретінде Израиль армиясы ондаған жойғыш ұшақты пайдаланып, Газа секторында Хамасқа қарсы «Темір қылыштар» операциясын бастағанын хабарлады.

Қазақстан ХАМАС-тың  израильдік бейбіт тұрғындарға шабуылын және шетел азаматтарын кепілге алуын айыптады. Сондай-ақ, еліміз Израильді Газа секторында көптеген бейбіт тұрғындардың қаза болуына және азаматтық инфрақұрылымның жойылуына әкеліп соғатын пропорционалды емес күш қолданудан бас тартуға шақырды.

Сондай-ақ, Қазақстан 120 елмен бірге Таяу Шығыста тез арада атысты тоқтатуды талап ететін қарарды қолдады. Көпшілік дауыспен БҰҰ Бас ассамблеясы бір топ араб елдері ұсынған Израиль мен Хамас арасында Газа секторындағы атысты тоқтатуды талап ететін қарарды мақұлдады. Бұл қарарға 120 ел дауыс берді, Израиль мен АҚШ-ты қосқанда 14 ел қарсы болды. Тағы 45 ел, оның ішінде Украина да қалыс қалды.

Бұдан бұрын Газа секторында Қазақстан азаматы қаза тапқаны хабарланған.

16 қазандағы брифингте СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров Таяу Шығыстағы қақтығыс аймағында Қазақстанның 67 азаматы, олардың отбасы мүшелерін қосқанда 100-ден астам адам табылғанын мәлім еткен.

26 қазанда Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров Қазақстан азаматтарын Газа секторынан шығару мәселесі бойынша келіссөз жүріп жатқанын айтты

Серіктес жаңалықтары