×
444.14
477.05
4.85
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
444.14
477.05
4.85

Қызылшаға шалдыққандар жиілеп кетті, әсіресе екпе алмағандар ауырып жатыр

04.11.2023, 15:26
Фото: Ашық дереккөз

СЭС қызылша және А гепатиті ауруларының көбеюіне алаңдаулы. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен кеңесте Денсаулық сақтау вице-министрі, бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Есмағамбетованың айтуынша, қызылша дерті қазірдің өзінде еліміздің барлық аймақтарын қамтыған. Көбінесе жағдай тиісті вакцина алмаған адамдарда кездеседі.

«Ең көп жұқтырғандар Шымкент пен Алматыда. Осыған байланысты Астана, Алматы және Шымкент қалалары сияқты жергілікті атқарушы органдар қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау шараларына дайын болуы керек», - деді Есмағамбетова.

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова мұның себебі тұрғындардың аурудың қауіптілігі туралы хабардарлығының төмендігі болуы мүмкін деген пікір білдірді.

«Егер адамдар екпеден бас тартса, бұл ақпараттық жұмыстың нашар жүргізілгенін білдіреді. Адам өзіне жау емес. Қауіптің барын білсе, өзін қорғау шараларын қолданады. Денсаулық сақтау министрлігі жергілікті әкімдіктермен бірлесе отырып, бұл бағыттағы жұмысты күшейтуі керек», - деп тапсырды Дүйсенова.

Сондай-ақ жиында медициналық мекемелерді тексерудің қорытындысы да айтылды. Бірқатар денсаулық сақтау мекемелерінде ауруханаішілік инфекциялардың алдын алу талаптары сақталмағаны мәлім болды. Кейбір жағдайларда дезинфекция мен зарарсыздандыру режимі бұзылса, басқалары жеке қорғаныс құралдарымен жеткіліксіз қамтамасыз етілуде.

«Денсаулық сақтау мекемелері уақытылы қаржыландырылады. Неліктен жеке қорғаныс құралдары жеткіліксіз? Бұзушылықтарды жазалау мақсат емес. Біздің міндетіміз мәселелерді шешу жолдарын іздеу. Бірақ сіз бізді шара қабылдауға мәжбүрлеп отырсыз», - деді Премьер-Министрдің орынбасары.

Сондай-ақ ол мәселе шешілмесе, жекелеген денсаулық сақтау нысандарының қызметін тоқтату мүмкіндігін қарастыру қажеттігін ескертті.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда қызылшамен ауырған 11 мыңнан астам жағдай тіркелгені белгілі болған. Аурудың 80%-дан астамы 14 жасқа дейінгі балалар.

3 қарашада Астанада балаларға қызылшаға қарсы екпе қашан егілетіні белгілі болды.

Серіктес жаңалықтары