×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

Астық түсімі көңіл көншітпейді: қазақстандықтар биыл наннан тарықпай ма

07.11.2023, 10:48
Астық түсімі көңіл көншітпейді: қазақстандықтар биыл наннан тарықпай ма
фото: ашық дереккөзден

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров биыл 24 млн гектар жерден ауыл шаруашылығы дақылдары жиналатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ол биылғы жыл фермерлер үшін оңай болмағанын атап өтті.

«Жекелеген өңірлердегі аптап ыстықтан кейін негізгі астық егетін өңірлерге келген нөсер жаңбыр 25 күннен астам уақытқа созылды. Бұл ретте жауын-шашын нормасы жылдық орташа көрсеткіштен 3 есе артық болды», - деп еске салды Сапаров.

Министрдің сөзінше, биыл жалпы ауыл шаруашылығы дақылдары жиналатын алаң – 24 млн гектар. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 652 мың гектарға көп. Оның ішінде астық жиналатын алаң – 17,1 млн гектар. 

"Бүгінгі таңда еліміздің барлық өңірлерінде астық жинау аяқталу сатысында. Облыс әкімдіктерінің деректері бойынша орташа өнімділігі 9,7 ц/га бастапқы салмақта 16,4 млн тонна астық бастырылды, оның 11,4 млн тоннасы бидай", - деді ведомство басшысы.

Сапаровтың дерегінше, дақылдар бөлінісінде бидай жиналатын алаң 13,4 млн гектарды құрайды, оның 11,4 млн тоннасы бастырылды.

Ал майлы дақылдар 1,9 млн гектар немесе 68%-ды көрсеткен, қазіргі уақытта 1,6 млн тонна май тұқымы жиналды. Оның ішінде күнбағыстың орташа өнімділігі 11,6 ц/га болып, 747,5 мың тоннасы бастырылған.

Жаздың аптап ыстығы мен құрғақшылық астықтың өнімділігін төмендеткенін үкімет басшысы Смайылов та атап өтті. 

«Қолайсыз ауа-райы диқанға да, техникаға да қолбайлау болды. Егін орағы ұзаққа созылып кетті. Элеваторларға түскен бидайдың 40%-ке жуығы ешқандай класқа жатпайды.

Алайда, қазақстандықтар биыл наннан тарықпайды. Өткен жылдан қалған қорды ескеретін болсақ, жиналған өнім көлемі ішкі нарықты толықтай қамтамасыз етуге жеткілікті», - деді Смайылов.

Айта кетейік, бұдан бұрын Қазақстанның сауда және интеграция министрі Арман Шакқалиев ұн бағасының өсуіне не әсер еткенін түсіндірген.