Израиль Сыртқы істер министрлігі Еуразия және Балқан мәселелері жөніндегі бас директорының орынбасары Симона Гальперин Астанада өткен брифинг барысында Ulysmedia.kz тілшісінің сұрақтарына жауап берді.
Біз Израиль СІМ өкілінен мемлекет БҰҰ-ның атысты тоқтату туралы қарарын неге елемейтінін сұрадық (Қазақстан бұл қарарды қолдағанын атап өткен жөн).
“Қысқа да нұсқа айтарым – ХАМАС жойылғанға дейін атыс тоқтатылмайды. Бұл түсінікті нәрсе. Сені жойып жібергісі келетіндерге қарсы оқ атуды тоқтату мүмкін емес. Олардың көзін жою керек", – деді ол.
Гальперин Израиль ХАМАС-ты жою кезінде бейбіт азаматтарға зиян келтірмеуге "тырысатынын" айтты.
“Біз бейбіт азаматтардың кетуін бір аптадан астам күттік, бірақ ХАМАС бұған жол бермеді. Операция кезінде біз жоспарды мұқият таңдаймыз. Егер нысандарда балалар бар екенін көрсек, онда біз стратегиямызды өзгертеміз. Бейбіт тұрғындарды құрбан етпеуге барынша тырысамыз”, – деді Израиль СІМ өкілі.
Еске сала кетейік, 7 қазанда палестиналық ХАМАС қозғалысы Израильге қарсы шабуыл жасады. Газа секторынан Израильге қарай мыңдаған зымыран атылып, қарулы топтар Израиль елді мекендеріне кірді. Бұған жауап ретінде Израиль армиясы ондаған жойғыш ұшақты пайдаланып, Газа секторында Хамасқа қарсы «Темір қылыштар» операциясын бастағанын хабарлады.
Қазақстан ХАМАС-тың израильдік бейбіт тұрғындарға шабуылын және шетел азаматтарын кепілге алуын айыптады. Сондай-ақ, еліміз Израильді Газа секторында көптеген бейбіт тұрғындардың қаза болуына және азаматтық инфрақұрылымның жойылуына әкеліп соғатын пропорционалды емес күш қолданудан бас тартуға шақырды.
Сондай-ақ, Қазақстан 120 елмен бірге Таяу Шығыста тез арада атысты тоқтатуды талап ететін қарарды қолдады. Көпшілік дауыспен БҰҰ Бас ассамблеясы бір топ араб елдері ұсынған Израиль мен Хамас арасында Газа секторындағы атысты тоқтатуды талап ететін қарарды мақұлдады. Бұл қарарға 120 ел дауыс берді, Израиль мен АҚШ-ты қосқанда 14 ел қарсы болды. Тағы 45 ел, оның ішінде Украина да қалыс қалды.
Бұдан бұрын Газа секторында Қазақстан азаматы қаза тапқаны хабарланған.
6 қарашада өткен брифингте ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров қақтығыс аймағында Қазақстанның 76 азаматы, отбасы мүшелерімен бірге санағанда 161 адам барын мәлімдеді.