×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

«Өте қорқынышты» және «қорқыныш жоқ»: Жұманғарин жылыжай иелерінің шағымына екіұшты жауап берді

07.11.2023, 11:46
«Өте қорқынышты» және «қорқыныш жоқ»: Жұманғарин жылыжай иелерінің шағымына екіұшты жауап берді
Коллаж: ulysmedia.kz.

Үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғарин "банкрот алдындамыз" деп шағымданған жылыжай иелеріне жауап берді. Вице-премьер бұл бағытта мәселе барын мойындайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Айта кетейік, Түрікменстаннан қияр мен қызанақ арзан бағамен келетіндіктен, Қазақстанның жылыжай ұстап отырған шаруалары өз өнімін лайықты бағамен сата алмай, банкротқа ұшырап жатыр. Қазақстанда өсірілетін көкөністер оны сақтайтын жылыжайлардың да шығынын жаба алмайды. Отандық жылыжайшылардың саудасы жүрмей, құлдырау үстінде. Түрікменстан тарапы жылыжай ұстайтын өз шаруаларына арзан бағамен газ бергенімен, Қазақстанның шаруаларына көмір жеңілдетілген бағамен сатылмайды. Бұл мәселені Үкімет тарапы реттемей ме? Ulysmedia.kz тілшісі бұл сұрақты Үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғаринге қойды.

– Ондай мәселе бар. Өткен дүйсенбіде Түркістан өңірінің жылыжайларына барып келдім. Кездестік. Біз оларға біраз көмек көрсеттік. Фермерлік жылыжайларға стандарт жасадық. Қазір аккредитация жасап, сертификат жасап, оларды дұрыс жолға бағыттасақ дейміз, – дейді ол.

Серік Жұманғариннің сөзінше, олар міндетті түрде Үкіметтен көмек алады. “Субсидия, газ, жарық, басқа да жағынан да, ол көмек қолжетімді” деп сендіргісі келеді.

– Шаруалар жылыжайларда көкөністі қаңтардан бастап еге бастайды. Сіз айтқан жағдай, әрине, өте қорқынышты. Біз ішкі нарықты қорғау үшін шараларды көздедік. Оның бәрін түсіндіріп айттық. Бірігіп ситуациялық штаб жасадық. Ішінде СЭС, Атамекен, фитосанитария қызметтері бар. Олардың қалай жұмыс істеуі керектігі жөнінде алгоритмі бар, – дейді вице-премьер.

Жұманғарин Қазақстан шекараны қазір жауып тастау қиын екенін, себебі ол өзара жасасқан шарттарға қайшы екенін айтады.

– Егер импорт өнімдерінің үлесі көтерілсе, бізде нақты әрекет ететін алгоритмдер бар. Бірақ биыл былтырдан қарағанда Түрікменстан импорты төмен. Сол себепті меніңше, қазіргі уақытта ешқандай қорқыныш жоқ, – дейді ол.

Қазақстанда жылыжайшылардың өнімдерінің қымбаттайтын себебінің бірі – отын-көмір мәселесі. Түрікмендер билігі өз жылыжайларына газдың құнын арзандатып бергендіктен, олардың өнімі арзан. Ал Қазақстан жылыжайларының иелері көмірді көппен бірдей бағаға алып, шығыны артады. Бұл мәселе жөнінде ірі кен орындарын бақылап отырған ERG директорлар кеңесінің құрамындағы Серік Жұманғарин не ойлайды? Вице-премьерге бұл сұрақ та қойылды.

– Көмірдің жылыжайларға қажетті көлемі 135 мың тонна. 85 мыңын алды. Тікелей бағамен (бағасын қазір айта алмаймын – Жұманғарин). Ұзақ мерзімге алды. Біз оларды Шұбаркөлден көмір алу үшін шартқа отырғыздық. Қазір олардың өнімді сақтайтын жері жоқ. Оны жасау керек. Жерді қазып, өз технологиясымен жасау өте оңай жұмыс емес. Олар ол жағдай туралы (көмір мәселесі) маған ештеңе айтқан жоқ, – дейді Жұманғарин.