Израиль Сыртқы істер министрлігі Еуразия және Балқан мәселелері жөніндегі бас директорының орынбасары Симона Гальперин Астанада өткен брифинг барысында Қазақстан азаматтарының Газа секторынан шыға алмай отырған себебін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
"Израиль тарапынан оларды эвакуациялауға ешқандай кедергі жоқ, керісінше, біз оларға Газадан кетуге белсенді түрде көмектесеміз. Дегенмен, Газадан кетудің жалғыз жолы Египет арқылы өтетіндіктен кейбір қиындықтар туындады. Үш апта ішінде Египет шетелдік азаматтардың Газадан кетуіне жол бермеді. Тағы бір мәселе – шығуға болатын адамдардың санына шектеулер – олардың саны 500-600 адаммен шектеледі", – деді Израиль СІМ өкілі.
Симона Гальперин қазіргі уақытта Газа секторында 240-тан астам Израиль азаматы, сондай-ақ мыңдаған шетелдік азаматтар бар екенін атап өтті. ХАМАС олардың Газадан шығуына тосқауыл қойып, оқ атуды белсенді түрде жалғастырып жатқанын айтты.
Еске сала кетейік, 7 қазанда палестиналық ХАМАС қозғалысы Израильге қарсы шабуыл жасады. Газа секторынан Израильге қарай мыңдаған зымыран атылып, қарулы топтар Израиль елді мекендеріне кірді. Бұған жауап ретінде Израиль армиясы ондаған жойғыш ұшақты пайдаланып, Газа секторында Хамасқа қарсы «Темір қылыштар» операциясын бастағанын хабарлады.
Қазақстан ХАМАС-тың израильдік бейбіт тұрғындарға шабуылын және шетел азаматтарын кепілге алуын айыптады. Сондай-ақ, еліміз Израильді Газа секторында көптеген бейбіт тұрғындардың қаза болуына және азаматтық инфрақұрылымның жойылуына әкеліп соғатын пропорционалды емес күш қолданудан бас тартуға шақырды.
Сондай-ақ, Қазақстан 120 елмен бірге Таяу Шығыста тез арада атысты тоқтатуды талап ететін қарарды қолдады. Көпшілік дауыспен БҰҰ Бас ассамблеясы бір топ араб елдері ұсынған Израиль мен Хамас арасында Газа секторындағы атысты тоқтатуды талап ететін қарарды мақұлдады. Бұл қарарға 120 ел дауыс берді, Израиль мен АҚШ-ты қосқанда 14 ел қарсы болды. Тағы 45 ел, оның ішінде Украина да қалыс қалды.
Бұдан бұрын Газа секторында Қазақстан азаматы қаза тапқаны хабарланған.
6 қарашада өткен брифингте ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров қақтығыс аймағында Қазақстанның 76 азаматы, отбасы мүшелерімен бірге санағанда 161 адам барын мәлімдеді.