"Казахстанская правда" басылымына сұхбат берген Ресей президенті Владимир Путин Абай Құнанбаев жайлы айтып, оның орыс тілі туралы сөзін еске алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Тоқаевпен Достық
"Қасым-Жомарт Кемелұлымен біз бірден шынайы достық, жақын қарым-қатынас орнатқанымызды бірнеше рет атап өттік. Бұл таңқаларлық емес.
Біз – бір дәуірдің адамдарымыз және өз мемлекеттеріміз үшін барлық жауапкершілікті бірдей сезінеміз. Біз елдеріміздің сенімді дамуы мен өркендеуі үшін, азаматтарымыздың өмір сүру сапасын арттыру үшін қолайлы ортаны қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз.
Біз үнемі қоңырау шалып, әртүрлі форматтарда кездесеміз: екіжақты күн тәртібі бойынша да, көпжақты өзара іс-қимыл мәселелері бойынша да сағаттап сөйлесеміз. Мұндай жеке байланыстар Ресей-Қазақстан байланыстарының жоғары деңгейін толық көрсетеді", - деді Путин.
Орыс тілі – ортақ игілік
"Сөзсіз, орыс тілі – біздің ортақ игілігіміз және бәсекелестік артықшылығымыз, бірақ ең бастысы – Ресей-Қазақстан достығын нығайтатын маңызды фактор. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа орыс тілі бойынша халықаралық ұйым құру бастамасы үшін ризамын.
ТМД-да “Орыс тілі жылы" деп жарияланған 2023 жылы Достастық мемлекеттері басшыларының кеңесі осы жылдың 13 қазанында құрылтай шартына және осы құрылымның жарғысына қол қою туралы шешім қабылдағаны символдық мәнге ие. Бұл біздің халықтарымызды одан әрі жақындастырудың қуатты факторы болатынына сенімдімін", - деді Ресей басшысы.
Білім беру жобалары
Путин Қазақстан мен Ресей арасында ғылыми және білім беру байланыстары белсенді түрде дамып келе жатқанын атап өтті. 2022 жылы ресейлік жоғары оқу орындарында, оның ішінде олардың шетелдік филиалдарында Қазақстаннан 60 мыңнан астам студент оқығанын айтты.
"2023/2024 оқу жылында біз үкіметтік квота бойынша оқу орындарының санын 200 бірлікке арттырдық. Қазақстандағы Ресей жоғары білімінің флагманы – М.В.Ломоносов атындағы ММУ филиалы. Оның түлектері, ресейлік үлгідегі диплом алған жастар, кез келген салада – физика-математикадан шығармашылыққа дейін сұранысқа ие және, әдетте, жұмысқа орналасу проблемаларына тап болмайды. Осындай ынтымақтастықты арттыруды жоспарлап отырмыз.
Қазақстанда басқа да ресейлік жоғары оқу орындарының филиалдары табысты жұмыс істеуде. Қазақстан Республикасында орыс тілін меңгеру қажеттілігі өсіп келе жатқанын ескере отырып, біз бірлескен білім беру инфрақұрылымын кеңейтуге ниеттіміз.
Мысалы, Қазақстан Республикасында мектептер салу және білім беру қызметінің басқа да түрлерін дамыту бойынша жинақталған тәжірибені қолдануға және кеңейтуге дайынбыз, бұл Қазақстанда орыс тілді мектеп білімінің сапасын арттыруға қызмет етеді және біздің елдеріміз арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың серпінді дамуын куәландыратын маңызды жоба болады.
Орыс әдебиетінің классиктерін қазақ тіліне аударған қазақ халық ойшылы және ағартушысы Абай Құнанбаев айтқандай,"жамандыққа жол бермеу және жақсылыққа жету үшін орыс тілі мен орыс мәдениетін білу қажет". Ойшыл оларды "өмірдің кілті" деп атады", - деді Путин.
Қазақстандағы АЭС құрылысы
Путин Қазақстан мен Ресей уран және тау-кен өндіру салаларын бірлесе дамытып, сондай-ақ ядролық-отын циклі мен бейбіт атом саласындағы жобаларды табысты іске асырып жатқанын айтты.
"Қазақстан Республикасының басшылығы өз аумағында атом электр станциясын салу мәселесін қарастырып жатқаны белгілі. Егер осы жобаны іске асыру туралы шешім қабылданатын болса, "Росатом" мемлекеттік корпорациясы ең жоғары экологиялық талаптар мен қауіпсіздік нормаларын сақтай отырып, ең озық технологияларды пайдалана отырып, тиісті жобаны әзірлеуге дайын. Бұл Қазақстан экономикасының энергиямен қамтамасыз етілуін арттырады, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қуатты серпін береді", – деді Путин.
Айта кетейік, ертең Путин Қазақстанға ресми сапармен келеді.
Ақорданың хабарлауынша, Ресей басшысын елімізге Қасым-Жомарт Тоқаев шақырған. Сапар барысында екі ел басшылары келіссөз жүргізіп, Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестіктің өзекті мәселелерін талқылайды деп жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, президенттер Қостанайда өтетін Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумына бейнебайланыс режимінде қатысады.
Бірнеше ай бұрын қостанайлықтар Путиннің келуіне жергілікті биліктің бюджет қаражатын аямай, барынша мұқият дайындалып жатқанын айтқан. Алайда билік үкіметтің резервінен тек инфрақұрылымды жақсарту үшін ақша бөлінгенін алға тартты.
Есептеулерге сүйенсек, Қостанайдың инфрақұрылымын дамытуға 13 млрд теңге жұмсалған. Үш мемлекеттік сатып алу ҚР Президентінің және "өзге де күзетілетін тұлғалардың" қызметі үшін деп көрсетілген.
Сондай-ақ, бұдан бұрын Қостанай әкімдігі Путиннің келуіне наразылық білдірмек болған белсендіге қоқан-лоқы көрсеткені хабарланған.