×
443.35
475.54
4.82
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.35
475.54
4.82

«Белсенді мұғалімдерді қудалап жатыр»: ұстаздар Бейсембаевты отставкаға жіберуді талап етті

10.11.2023, 12:01

Қазақстанның бір топ мұғалімі президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановқа ашық хат жазып, оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевты отставкаға жіберуді талап етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ұстаздардың айтуынша, Оқу-ағарту министрі білім саласындағы оң өзгерістерге саботаж жасауда.

“Жүрген жерінде көпірме сөз бен өтіріктен аспайтын министр тіпті шағын мектепті басқаратын деңгейі жоқ екендігін көрсетуде. Бұлай кете берсе, еліміздің болашағы үшін аса маңызды сала - ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне тіке қатысты сала оқу-ағарту ісіндегі соңғы жылдар жасалған оң өзгерістер құрдымға кетеді”, – делінген ашық хатта.

Авторлар Ғани Бейсембаев Оқу-ағарту министрі болып келгеннен бері бүкіл министрлікті тазалап, айналасына өз адамдарын жинаған.

“Бірінші вице-министрден бастап комитет төрағалары, оның орынбасарлары, аппарат жетекшісі, орынбасары, департаменттердің директорлары, орынбасарлары барлығын ауыстырды. Тіпті бас маманға дейін қуғынға ұшырады. Бұрыннан жүргендерден ешкім қалмады десе де болады. Тамыр-таныстық белгілі бір өзгеріске не жаңашылдыққа апармайтыны бұрыннан белгілі. Бейсенбаев Ғани Бектайұлы бұған дейін Білім мазмұнын сараптау орталығы директоры мен Ы.Алтынсарин атындағы Білім академиясының президенті болған кезде де, өкінішке қарай, сол мекемелердің  тоз-тозын шығарған еді”, – дейді мұғалімдер.

Ашық хатта келтірілген тағы бір дәйекке сүйенсек, Ғани Бейсембаев министр болып тағайындала салысымен, мұғалімдердің құқығын қорғап, білім саласындағы жемқорлықпен ашық күресіп жүрген кейбір белсенді мұғалімдердің үстінен министрліктің аппарат жетекшісі ІІМ мен Бас прокуратураға шағым жазған.

“Шағым министрліктің белгісі қойылған арнайы қағазға жазылған. Сондықтан бұл шағымға министрдің қатысы бар екені анық. Олардың әлеуметтік желідегі жазбаларына сілтеме жасап, қылмыстық іс қозғауды сұраған. Осы мәселеге қатысты кейбір белсенді мұғалімдер жергілікті полиция қызметкерлерінің алдына барып, жауап берді. Жазбаларында қылмыстық құрам болмаса да, қарапайым мұғалімдерді полицияға сүйреу министрге жараса ма? Бұл іс-әрекет министрдің белсенді мұғалімдерді қудалап, Конституция берген өз ойын ашық айту құқығын шектегені. Министрліктің ІІМ-не жазған шағымынан соң облыстар мен аудандардың білім саласындағы басшыларының белсенді мұғалімдердің үстінен арыз беруі, қысымға алуы көбейіп кетті”, – дейді ұстаздар.

Мұғалімдердің айтуынша, Батыс Қазақстан облыстық  Білім саласында сапаны қамтамасыз ету Департаменті жанындағы Әдеп кеңесінде мемлекеттік тілді қолдаған ашық хатқа азаматтық парызын орындап, қол қойғаны үшін жергілікті мұғалім Тілекқабыл Нұрышевтің мәселесі қаралған. Артынан жұмыстан шығарып, сот арқылы 250 000 теңге айыппұл  салған.  Айыппұл арқалаған қарапайым мұғалімнің қазіргі таңда айыппұлды төлей алмағаны үшін есепшоттарының бәрі бұғатталған.

Ал маусым айында Шымкенттік белсенді ұстаз Өмір Шыныбекұлының үстінен ОАМ аппарат жетекшісі ІІМ мен Бас Прокуратураға шағым түсірсе, оны өмірде мүлдем танымайтын алматылық бір мектептің директоры «Ұлтаралық араздық қоздырды» деп, Шымкент қаласының Полиция Департаментіне арыз жазды. Абырой болғанда ІІМ де, Бас Прокуратура да, Шымкент қаласының Полиция Департаменті де дәлел болмаған соң қылмыстық іс қозғаудан бас тартты. Қазір Түркістан облысы, Жетісай ауданындағы бір мектептің директорының орынбасары  сотқа беріп, сот жүріп жатыр.  Екеуі де ұстаздың әлеуметтік желідегі жазбаларына қатысты.

“Білім саласында ұлттық мектеп жобасын іске асыру жұмысымен айналысқан белсенді ұстаз Аятжан Ахметжанұлы да өзіне жасалған түрлі қысымдардан өз еркімен мектеп директоры қызметін тастап кетті. Ал, ол екі жылда Астананың шегіндегі мектептен қаншама елдің білім саласына үлгі болатын жоба шығарды, қаншама үздік шәкірт тәрбиеледі! Бұл бірер мысал ғана. Қудалау, үркітіп-қорқыту, өзгелер арқылы соттастыру  министрдің қолымен істеп отырған ісі деп түсінеміз.  Сонда министрліктің  өз ойын ашық айтып, әділетті Қазақстанды құруға,  жаңаруға үлес қосқысы келетін шын жанашырларды қудалаудан өзге тірлігі жоқ па?! Өкінішке қарай, білікті мамандар мен білім саласының жанашыр жандары жаңа министрге керек емес”, – дейді хат авторлары.

Сондай-ақ, Бейсембаев келгелі білім саласының, оның ішінде оқу-ағарту саласына, білім сапасын көтеру, материалдық техникалық база жұмыстарын реттейтін құжаттардың  шикі тұстары одан әрі шикілене түскенін айтады.

“Қарапайым мұғалімдердің аттестациясы, білім мазмұны, білім бағдарламасы, тіпті оқу жоспарына дейінгі құжаттар одан сайын былығып, мамандар әуре-сарсаңға түсіп жатыр. Әлі бірде бір нақты құжат жоқ, жылға жуық уақыт бос сөзбен келеді, керісінше қаншама іс үсті-үстіне қосылып жатыр. Білім саласы күрделі сала, ол саланы қалай болса солай істеу біздің елді тығырыққа тіреп, сауатсыз маман қалыптастырады. Бұл әрекеттер елдің экономикасы мен болашағына соққы. Қоғамдық пікірлер немесе кәсіби сарапшылардың нақты дәлелді пікірлерімен санаспайды, ескермейді.  Өздерінің қолдан жасап алған сарапшыларының өтірік аргументтерімен  жұмыс жасайды. Тіпті қолдан сөзін сөйлейтін сарапшылар тобын жасақтап отыр. Одан ары қазір Оқу-ағарту министрлігінің жанындағы қоғамдық кеңеспен де ешқандай мәселені кеңесіп жатқан жоқ.Тек популизм мен бос сөзбен жүр”, – дейді ұстаздар қауымы.

Хат соңында білім саласының жанашырлары Тоқаевтан Ғани Бейсембаевты отставкаға жіберуді талап еткен.

“Біз сізден Оқу-ағарту министрлігінің тізгінін осы саланың жілігін шағып, майын ішкен мықты маманға, басшылық қызметте жеткілікті тәжірибесі бар білікті менеджерге беруіңізді сұраймыз!”, – дейді олар.

Хатқа Қазақстанның түкпір-түкпірінде шәкірт тәрбиелеп жүрген 40-қа жуық ұстаз қол қойған.

Серіктес жаңалықтары