×
443.35
475.54
4.82
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.35
475.54
4.82

«Біздің арамызда ешқандай түйткілді мәселе жоқ»: Тоқаев пен Әлиев келіссөз жүргізді

24.11.2023, 14:06
Ақорда

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев бүгін Бакуде келіссөз жүргізді. Ақорданың таратқан ақпаратына сәйкес, мемлекет басшысы Бакуге жұмыс сапары барысында Әзербайжан президентімен кездескен, деп хабарлайды  Ulysmedia.kz.

Айта кетейік, Әзербайжан астанасында бүгін БҰҰ-ның Орталық Азия елдері экономикаларына арналған арнайы бағдарламасының (СПЕКА) саммиті өтеді. Кеше түнде Минсктен ұшып келген президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін осы саммитке қатысады.  

25 жыл толған СПЕКА-ға Орталық Азия елдерінің басшыларынан бөлек, Грузия премьер-министрі Ираклий Гарибашвили, Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан, БҰҰ Еуропа экономикалық комиссиясының  атқарушы хатшысы Татьяна Молчан, БҰҰ Азия және Тынық мұхиты экономикалық және әлеуметтік комиссиясының атқарушы хатшысы Салсия Армида, Парсы шығанағы араб елдері ынтымақтастығы кеңесінің бас хатшысы Әл-Будайви Джасем қатысады.

1998 жылы БҰҰ құрған СПЕКА – Орталық Азия елдерінде экономиканың тұрақты дамуын және олардың өзара байланыстарын нығайтуды ынталандыратын экономикалық платформа.

Әлиевпен кездесуде бүгін Тоқаев дәстүрлі қонақжайлығы мен БҰҰ-ның Орталық Азия елдері экономикаларына арналған арнайы бағдарламасының (СПЕКА) алғашқы саммитін ұйымдастырғаны үшін Әзербайжан президентіне алғыс айта отырып, Бакуді «Каспий өңірінің інжу-маржаны», әлемдегі ең әдемі қалалардың бірі деп атаған. Мемлекет басшысы орайлы сәтті пайдаланып, Ильхам Әлиев пен бауырлас Әзербайжан халқын халықаралық құқық және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларына сай елдің аумақтық тұтастығын сақтауға қол жеткізгенімен құттықтаған. Президент мұның айтулы оқиға екеніне назар аударған.

– Жаңа жобалар қолға алынып жатыр. Біздің арамызда ешқандай түйткілді мәселе жоқ. Біз – шынайы стратегиялық серіктеспіз, тіпті, Каспий теңізінің екі жағын мекен еткен көршілерміз. Стратегиялық қатынастарды нығайту және одақтастық ынтымақтастықты тереңдету жөніндегі бірлескен декларацияның қабылдануы, сондай-ақ Жоғары мемлекетаралық кеңестің құрылуы қазақ-әзербайжан қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтерген тарихи оқиға болды. Мен өзіммен бірге Бакуге толыққанды делегация алып келдім. Өйткені бүгінгі кездесуде, Әзербайжан тарапымен шын мәнінде, толық форматты, мазмұнды келіссөздер жүргіземіз деп санаймын. Бұл – өзара қарым-қатынасқа қатысты бірқатар мәселе бойынша пікір алмасу үшін жақсы мүмкіндік, – деген мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Әзербайжан президенті СПЕКА саммитіне қатысуға келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтқан. «Біз – достас, бауырлас әрі серіктес елдерміз» дей келе, кейінгі жылдары ресми сапарлар аясында, екі ел үкіметтері мүшелері мен компаниялары  шеңберінде өзара байланыстардың қарқынды түрде дамып келе жатқаны анық байқалатынын атап өткен.

– Біз екі мемлекет арасындағы өзара ықпалдастықтың ең жоғары деңгейіне жетіп отырмыз. Бұл – тәуелсіз ел ретінде даму тарихымыздағы айтулы оқиға және халықтарымыз арасындағы байланыстардың рухы мен сипатына сай келеді. Мұның солай болатын жөні бар, – деді Әзербайжан президенті.

Ильхам Әлиев Қазақстан Президентін келесі жылы Әзербайжанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.

Кездесу барысында мемлекеттер басшылары Каспий теңізінің табанымен талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту, Әзербайжан аумағы арқылы Қазақстан мұнайын тасымалдау көлемін ұлғайту, Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамыту, сондай-ақ энергетика мен жаңартылатын энергия көздері салаларындағы перспективті жобаларды жүзеге асыру сияқты маңызды бағыттарда бірлескен жұмыстарды жандандыру мүмкіндіктерін талқылаған.

Бауырлас халықтар арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайтуға баса мән берілді. Жуық арада Қазақстанда Әзербайжанның, ал Әзербайжанда Қазақстанның мәдениет күндері ұйымдастырылады.

Серіктес жаңалықтары