×
441.66
475.14
4.86
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
441.66
475.14
4.86

Қазақстанда биылдың өзінде жолдарға қатысты 19 мыңнан астам арыз-шағым келіп түсті

28.11.2023, 09:06
Фото: Ашық дереккөзден

Үкіметте бүгін жол жөндеу жұмыстары мен оларды бақылау мәселесі талқыланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың айтуынша, жол сапасының нашарлығы тұрғындардың наразылығына себепші болып отыр.  Әсіресе, сапасыз жөндеу жұмыстарына қатысты айтылып жатқан сын көп.

– Тек биылғы жылдың өзінде мемлекеттік органдарға автомобиль жолдарына қатысты 19 мыңнан астам арыз-шағым келіп түсті. Мысалы, жол азабын тартқан Қостанай облысының тұрғындары Ұзынкөл станциясы мен Троебратское ауылы арасындағы әбден тозып біткен жолға қатысты ұжымдық хат жазған. Бұл жол осы өңірді көршілес Солтүстік Қазақстан облысымен байланыстырады және Ресейге қарай транзиттік жол. Биыл Ақтөбе облысының Жұрын станциясы мен Орқаш ауылы арасында қиыршық тас төселмеген сапасыз жол салынған. Тараз қаласының тұрғындары Қарасу шағын ауданында 1 жылдан астам уақыт бойы бітпей жатқан жол жөндеу жұмыстарын аяқтауды талап етіп келеді. Мұндай мысалдар барлық өңірде көптеп кездеседі, – дейді Смайылов.

Премьер-министр сонымен қатар, әкімдіктер жергілікті жолдардың сапасына сараптама жасау жұмыстарын да дұрыс жүргізе алмай отырғанын айтады. Кейбір өңірлер құрылыс-монтаждау жұмыстарын техникалық қадағалау тарапынан бақылаусыз жүргізеді. Ұзақ жылдар бойы жол саласында шешілмей келген проблеманың бірі – битум тапшылығы.

– Тапшылықты импорт есебінен жабуға мәжбүр болып отырмыз. Битум бойынша пайдалану технологиясы сақталмайды.  Бұл да жолдардың сапасына кері әсерін тигізіп отыр. Сонымен қатар, әкімдіктер құрылыс және жол бойындағы қызмет көрсету объектілерінің жобаларына арналған жер учаскелерін беру уақытын созып жібереді.  Осы факторлардың барлығы саланы дамытуға кедергі болуда. Сондықтан жол құрылысына деген көзқарасты өзгерту қажет, – дейді ол.

Премьер-министр Көлік министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, автомобиль жолдарына қатысты барлық жоспарланған жобалардың уақытылы іске асырылуын қамтамасыз етуі қажеттігін айтады. Екіншіден, Көлік министрлігі мен Қазавтожол компаниясы битумды сақтау инфрақұрылымын құру бойынша шаралар қабылдауы қажет дейді. Сондай-ақ, әкімдіктермен және жол активтерінің ұлттық сапа орталығымен бірлесіп, битумды сақтау және пайдалану технологиясының сақталуын бақылауды қамтамасыз етуге міндеттелді.

– Үшіншіден, ауыл шаруашылығы министрлігі экология министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, құрылыс және жол бойындағы қызмет көрсету объектілерін кеңейту жобаларына арналған жер учаскелерін беру тәртібін оңайлату мәселесін пысықтауы керек, – дейді Смайылов.

Серіктес жаңалықтары