Қазақстанда сұйытылған мұнай газын, пропан мен бутанды автомобиль және теміржол көлігімен шетелге шығаруға салынған тыйымды ұзарту жоспарланып отыр. Шектеуді ішкі нарықты отынмен қамтамасыз ету мақсатында тағы алты айға сақтау көзделген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Энергетика министрлігі тиісті бұйрық жобасын әзірледі. Құжатқа сәйкес, 2026 жылғы 14 қарашадан бастап сұйытылған мұнай газын, пропан мен бутанды ел аумағынан шығаруға алты айға тыйым салу ұсынылған. Шектеу автомобиль және теміржол көлігімен тасымалдауға қатысты болады.
Энергетика министрлігінің түсіндіруінше, бұл шара қолданыстағы шектеулердің жалғасы болмақ. Негізгі мақсат – Қазақстанның ішкі нарығын сұйытылған газбен қамтамасыз ету.
Бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Қоғамдық талқылау 12 қарашаға дейін жалғасады.
Контекст
Қазақстан сұйытылған мұнай газын, пропан мен бутанды шетелге шығаруға алты айлық тыйымды кейінгі рет 2026 жылғы 14 мамырда енгізген.