×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Қазақстанда ақылы жолдардың бағасы өседі

28.11.2023, 13:45
Қазақстанда ақылы жолдардың бағасы өседі
Ашық дереккөзден

ҚР Көлік министрлігі жолдардың ақылы учаскелеріндегі ақы мөлшерлемелерін арттыру бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл туралы ведомство басшысы Марат Қарабаев айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

– Айта кетерлігі, Қазақстандағы жолдардың ақылы учаскелерінде жүру тарифтері алыс және жақын шетелдермен салыстырғанда ең төмен. Транзиттік ағынның өсуіне байланысты жолдардың жөнделген учаскелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол ақысын ұлғайту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде, – деді ол Үкімет отырысында сөйлеген сөзінде.

Министр бұл төлем ең алдымен транзиттік көліктерден қаражат жинауға бағытталғанын атап өтті. Бұл ретте ай сайынғы немесе жыл сайынғы сатып алу мүмкіндігімен отандық тасымалдаушылар үшін абоненттік төлем қарастырылған.

Оның айтуынша, еліміздегі жолдарды күтіп ұстауға жыл сайын 60 миллиард теңге көлемінде қаржы қажет. Осы мақсаттарда бюджетке түсетін жүктемені азайту үшін кезең-кезеңімен ақылы бөлімдер енгізілуде.

Бүгінде 3 мың 200 шақырым жолға ақылы жүйе енгізілді. 11 айда 26 миллиард 500 миллион теңге жиналған.

«Келесі жылы біз қосымша 1 мың 200 шақырымға толлингті енгізуді жоспарлап отырмыз. Жалпы, 2029 жылға қарай қалпына келтіру жұмыстары аяқталып, 11 мың шақырымға ақылы жүйе кезең-кезеңімен енгізіледі», – деп қосты Марат Қарабев.

Оралхан ҚОЖАНОВ