Алматыда болған атыстан кейін Ulysmedia.kz порталы Банк ЦентрКредит-ке борышкерлер туралы мәлімет сұрап сауал жолдаған.
Атап айтқанда, жалпы Банк ЦентрКредитте NPL 90+ (төленбегеніне 90 күннен асып кеткен несиелер) несиесі бар санатта қанша адамның барын білгіміз келген. Банк бұл мәлімет құпия саналатынын, сол үшін жарияланбайтынын хабарлады. Алайда ақшалай есептегенде 2021 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша NPL 90+ санатындағы несиесі бар клиенттердің берешегі 71 691 млн теңге құрайтынын (жалпы несиелердің 6,19%) хабарлады.
«Проблемалық несиелер Қазақстан экономикасына қауіп төндіреді. Банктер де қарыз алушы. Олардың да кредиторлар мен олардың клиенттері, яғни банкте депозиті бар салымшылары алдында өз міндеттемесі бар. Банк алдында өз міндеттемесін орындамайтын клиент неғұрлым көп болған сайын банктің де депозиті бар клиенттер алдында міндеттемесін орындай алмау қалу қаупі соғұрлым зор. Банк ЦентрКредит – Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының қатысушысы. Заңға сәйкес, банк уақтылы немесе толыққанды жабылмайтын, болмаса толыққанды жабылған қарыздар бойынша шығындарды (провизияларды) қалыптастырады. Шығындарды есептеу және құру әдістемесі жүйесі мынаны көрсетеді: проблемалық несиелер стандартты қарыздарға да әсер етеді. Жалпы стандартты қарыз портфелінде шығындар белгілі бір деңгейде белгіленеді. Егер регуляторлық органның (ұлттық банк) проблемалық қарыздардың көлемі мен оны қысқарту жөніндегі ережесін орындамаса, онда банк пруденциялық нормативтерді бұзуы мүмкін. Мұның салдары банк қызметін көрсету туралы лицензияны қайтаруға дейінгі шешімге апарып соғуы ықтимал. Сол себепті банктің қаржылық жай-күйі проблемалық қарыздарды әрдайым бақылап, төмендетіп отыруды талап етеді», - деп жауап берді банктен.
«Төленбеген несие бойынша биыл БЦК қанша жеке тұлғаны сотқа берді?» деген сұрағымызға банк 41 адам деп жауап берді.
Ал Ұлттық банк 2021 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша төлем мерзімі 90 күннен асып кеткен несиелердің жалпы мөлшері 1,08 трлн теңгені (проблемалық несие) құрағанын хабарлайды.