Биыл Қызылорда облысында республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген 36 млрд теңгеге 569 шақырым автомобиль жолы жөндеуден өткен. Осылайша, облыстағы жақсы жағдайдағы жолдың үлесі 87,5 пайызға жетті. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«2024 жылы республикалық бюджеттен бөлінетін 14,3 млрд. теңгеге жол инфрақұрылымын жетілдіріп, сапалы жолдар үлесін 92 пайызға жеткізу межеленген», – деді облыс әкімі.
Айта кетейік, жылдар бойы күн тәртібінен түспеген «Қызылорда-Жезқазған» автожолы Президенттің тікелей тапсырмасымен қайта жаңғыртылуда. Жоба құны – 108,5 млрд теңге. Қызылорда облысының аумағына тиесілі 216 шақырым жолдың 104 шақырымы аяқталды. Қалған бөлігі 2025 жылы халық игілігіне беріледі. Бұдан бөлек, көпшілікті толғандырған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің Ақтөбе қаласына дейінгі аумағын төрт жолақты жолға айналдыру мәселесі де Мемлекет басшысының тапсырмасымен шешімін таппақ.
Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін теміржол өткелдері мен аспалы көпірлер салынуда. Мәселен, Жалағаш кентіндегі 222 млн. теңгенің теміржол өткелінің құрылысы мамыр айында басталды. Мердігер мекеме «СтандартОйлКзо» ЖШС жұмысты жылдың соңына дейін бітіреді деп жоспарлануда.
Арал ауданындағы көпір өткелінің мердігері – «РИТМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Құны 3,1 млрд. теңге болатын көпірдің ұзындығы 940 метр, екі жағына жаяу жүргіншілер жолы мен түнгі жарық шамдары орнатылады. Жақын жерде орналасқан тұрғындарға қолайсыздық тудырмас үшін дыбыс басқыш құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі.